Ұлттық руханиятқа үлес
Ұлттық руханият – бұл әрбір халықтың мәдениетінің, дәстүрінің, дүниетанымының және құндылықтарының көрінісі. Ол ұлттың тарихи тәжірибесінен, өнерінен, әдебиетінен, салт-дәстүрінен және тілі мен дінінен бастау алады. Ұлттық руханиятты сақтау және дамыту – қазіргі қоғамдағы маңызды міндеттердің бірі.
Қазақ әдебиеттану ғылымына орасан үлес қосып, ұлттық руханият мәселесін өз еңбектерінде үнемі көтеріп жүрген ғалым-ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор, қасиетті Сыр өңірінің перзенті Темірхан Тебегенов бүгінде тірі болса, өзінің 75 жасқа толған мерейтойында марқайып отырар еді. Амал нешік? Осыдан 3 жылға жуық уақыт бұрын арамыздан кетіп, орны ойсырап қалған ұстазымызды, Қармақшы ауданының Құрметті азаматын, оның шығармашылық мұрасын ұмыту мүмкін емес. Уақыт көші алға озған сайын жаңа дәуір тұрғысынан өзіндік бағасын алып, ұлықтала бермек. Соның жарқын бір дәлелі – қараша айының соңғы күндері еліміздің ең ірі мегаполисі Алматы қаласында өткен қос бірдей халықаралық конференция.
Алғашқы конференция жұмысы қазақ білімінің қарашаңырағы – Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде өткізілді. «Ғалым-ұстаз Темірхан Тебегеновтің ғылыми-әдеби шығармашылық ғұмырнамасының тағылымы» тақырыбында өткен конференция жұмысына профессор Жанғара Дәдебаев, жазушы Нұрдәулет Ақыш, филология ғылымдарының докторы Руда Зайкенова, ақын Бақыт Беделхан, Түркия елінің ғалымдары Кенан Коч, Осман Кабадайы, Қарақалпақстаннан Зияда Бекбергенова есімді елге белгілі, беделді тұлғалар қатысып, түрлі тақырыпта баяндама жасады. Темірхан Сақаұлы жайлы жылы естеліктерден ой өрбітіп, уақытқа шегініс жасау арқылы көңіл серпілтіп, жүрек жылытар әңгімелер айтылды. Онлайн қатысқан шетелдік қонақтар да жүрекжарды лебіздерін айтып, белсене қатысты.
«Профессор Темірхан Тебегенов және қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері» атты екінші конференция Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ұйымдастырылды. Темірхан Сақаұлының перзенттері мен шәкірттері ұйымдастырған бұл ауқымды шараны жазушы Нұрдәулет Ақыш жүргізді. Шара барысында Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов, мемлекеттік қоғам қайраткері, ғалым Таһир Балықбаев, ақын Бақытбек Смағұлов, ғалым Жанғара Дәдебаев, Қырғыз елінен Қиялбек Ақматов, «Балдырған» журналының бас редакторы Ерғали Бақаш, ұстаз Жанат Оналбаева есімді жандар сөз сөйлеп, бір кездегі әріптесі, досы, ұстазы, сыйлас жақыны, қимас туысы жайлы ағынан ақтарылды. Темірхан Сақаұлының еліне сіңірген еңбегі, ізденімпаздығы, шығармашылық қуаты, өмірлік мұраты, отбасындағы әке рөлі, шәкірт жүрегінен ойып орын алған ұстаздық тұлғасы, досқа адал, көпшіл бейнесі жан-жақты талданып, өздерінің осындай жанмен сыйлас, таныс болғандарына ризалық тілектері айтылды.
Кештің көркін Темірхан Тебегеновтің өмірлік мұрасы, ғылыми еңбектері жинақталып, құрастырылған 22 томдық кітаптың тұсаукесері қыздыра түсті. Ғалымның көзі тірісінде 17 том болып жинақталған бұл еңбек қайта толықтырылып, 22 томға арқау болды.
Ұстаздық қызмет атқарып, кейіннен бар ғұмырын ғылымға арнаған жан қолы қалт еткенде өлең жазудан да кенде болған емес. Қаламгердің «Бозторғайым» өлеңінің мазмұны негізінде шәкірттері Салтанат Анапияева пен Асхат Ералиев қойылым қойып, көрермен ықыласына бөленді. Көріністің әсерлі болғаны соншалық, көзіне жас алмаған, риза болмаған жан болған жоқ. Шәкірті, ақын, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Саят Қамшыгер ұстазына арнап жүрегінен төгілген жыр жолдарын оқыды. Сыр елінің айтыскер ақыны Серік Ыдырысов Сыр мақамымен жыр арнап, онлайн орындап берді.
Темірхан Сақаұлының шығармашылық жолы мен ғылыми еңбектері қазақ руханиятының дамуына тың серпін беріп, мәдени мұрамызды терең тануға мүмкіндік жасады. Ол ұлттық әдебиеттің түрлі қырларын зерттеп, қазақ фольклоры мен классикалық шығармалардың ерекшеліктерін ғылыми тұрғыда сараптады. Оның еңбектерінде Абай, Жамбыл, Мұхтар Әуезов сынды ұлы тұлғалардың мұралары жан-жақты талданып, олардың шығармашылықтары ұлттық болмыс пен рухани байлықты қалыптастырудағы орны айқындалды.
Ғалым тек зерттеуші ғана емес, сондай-ақ болашақ әдебиеттанушыларды тәрбиелеген ұстаз болды. Оның дәрістері әдебиеттің теориясы мен тарихын үйретіп, студенттерді шығармашылыққа баулуға бағытталды. Осы мақсатта ғалым-ұстаз Сәкен Сейфуллин атындағы әдеби-өнер бірлестігін құрып, студенттермен етене қарым-қатынаста болды. Әрдайым әдебиеттанушы, сыншы, ғалым, ақын, жазушы сынды белгілі тұлғалармен кездесулер өткізіп, аға буын мен өскелең ұрпақтың арасына алтын көпір, рухани байланыс жолын орнатты. Студенттердің шығармашылығына қолдау білдіріп, олардың әрбір өлең, әңгімелерінің баспасөз бетінде жариялануына тікелей өзі мұрындық бола білді. Темірхан Тебегеновтен дәріс алған барлық студент ұстаз шарапатын көрді деп айтуға толық негіз бар.
Темірхан Сақаұлы – еліміздің алып шаһары Алматыда тұрса да өмірінің ақтық сәтіне дейін туған жерінен қол үзбеген жан. Кіндік қаны тамған ауылынан бастап, аудандық, облыстық көлемде өткізілген әрбір шараға бей-жай қарамай, өзінің перзенттік борышын адал атқара білді. Тіпті алтын ұя мектебі мен оның түлектері жайлы кітап жазды. Жолдың қашықтығына, жұмысының ауыр әрі тығыз екендігіне қарамастан, туған жердің төсінде өтетін жауапты іс-шаралардан бойын алып қашпай, қисынын тауып, уақытын қиып келіп қатысып, азаматтық келбетімен айрықша көрінді. Елім деген ел перзентіне елі де ерекше құрмет көрсетіп, өзінің туған ауылындағы білім ордасында «Темірхан Тебегенов атындағы кабинет» ашылды. Еліміздің түпкір-түпкірінде орналасқан білім ошақтарында осындай үлгілі, өнегелі жұмыстар жалғасын таба берсе екен дейміз.
Лаура БАҚТЫБАЕВА,
шәкірті