Сара сөздің шебері
ІІ дүниежүзілік соғысындағы қанды қырғынға қатысып, ерлікпен көзге түскен қазақтың ақын-жазушылары аз емес. Қаламын қаруға айырбастап, майданның алдыңғы шебіне ұмтылған жазушы қауымның сол бір қилы кезеңде және бейбіт өмірдегі шығармашылығын насихаттау – бүгінгі күннің парызы.
Әлімбай Әлиасқаров – қазіргі Ақжар ауылында 1908 жылы дүниеге келген. Әкесі Әлиасқар Қожантайұлы – жер қадірін білген, егіншілікті кәсіп еткен еңбекқор-шаруа кісі. Білім-ғылымға құштар еткісі келген әке «сауатын ашсын» деген мақсатпен баласын ауыл молдасына береді. Ескіше араб тілінде оқып, сол кезден бастап өлеңге таласы барын байқатады. Зеректігімен көзге түсе бастаған бала талай тамаша ақиық ақындарды тамсандырып, олардың шабытына шабыт қосқан, шығыстың әдебиет жауһары – «Шаһнаманы» қазақ тіліне тәржімалап, ұлттық әдебиетке зор табыс алып келген Сыр саңлағы – Тұрмағамбет Ізтілеуов мектебінде білімін шыңдай отырып, шығыс әдебиетімен танысады. Шығыс шайырларының шығармаларын сүйсіне оқитын Әлімбай Әлиасқаровтың алғашқы ақындық жолы осылай басталады. Сөз маржанын теріп, тереңіне бойлай, өлең құдіретін санаға түйеді. Заман өзгерген уақытта Кеңес мектебінде 7 сыныптық білім алады. Жас ақын ел ішіндегі түрлі ұйымдастыру шараларына қатысады да, 1937 жылы «Халық жауы» деп жазықсыз жазаланып, Ұлы Отан соғысы басталғанша өмірін Колымада өткізеді. Қуанышқа қарай, 1958 жылы толық ақталады.
1942 жылы айдауда қиыншылық тауқыметін тарта жүріп, өз еркімен Отанын қорғау мақсатында майданға сұранады. Сталинград маңайында соғысқа кірісіп, жан-қиярлықпен шайқасып, ерен ерліктің үлгісін көрсетеді. Жеңіс күнін І Белорусь майданы шебінде, Польша мен Венгрия жерлерін азат ету кезінде қарсы алған. Орда бұзар жігіт соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталады. 39-гвардиялық атқыштар полкінің командирі болған Әлімбай Әлиасқаров жауды жеңіп, бүкіл ел болып күткен Жеңіс күнінен кейін елге бір-ақ оралады. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де бекер жатпай, ата кәсіп – егіншілікпен бар ынтасымен айналысты. Ғұмырының соңына дейін еліне, туған жеріне адал қызмет етті. Осындай тынымсыз да ауыр қайнап жатқан жұмыс ортасында жүріп те, ақын қолынан қаламы түспеген екен.
1974 жылы қасиетті топырақ – Мекке қаласына іс-сапармен барады. Мұнан ақынның қажылық парызын өтеу ниетінің болғандығын аңғарамыз. Кеңес үкіметі кезінде дін мәселесін қозғап, 1983 жылы Қармақшы ауданының Жосалы ауылында алғашқы мұсылмандар мешітін ашуға ұйытқы болады. Сонымен қатар, осы жылы, яғни 1983 жылы Ташкент Орта Азия дінбасыларының басқосуы өткізіліп, оған Сыр елінің атынан арнайы қатысқан кісі – Әлімбай Әлиасқаров болатын. Өмір жолы үлгі-өнегеге толы, отты жырларымен қазақ әдебиетінің өркендеуіне үлес қосқан, өзіндік қолтаңбасы бар ақын 1990 жылы дүниеден озды.
Майдангер ақын өлеңдері «Пернедегі термелер», «Нақыл сөздер», тағы басқа топтама жинақтарға енді. Оның көпшілігі республикалық газет-журналдарда, соның ішінде басым бөлігі өзіміздің қазіргі «Сыр бойы», «Қармақшы таңы» газеттерінде жарияланды. 1965 жылы ақынның «Еңбек күйі» атты өлеңдер жинағы және 1975 жылы «Қанатты қыз» жыр жинағы «Жазушы» баспасынан аз данамен баспа бетін көрді. Кітапқа 21 өлеңі, 5 терме жырлары, «Қанатты қыз» атты ұзақ өлеңі және «Ел қорғаны», «Қожансыр хикаясы», «Үндемес қыз» атты өлеңмен жазылған аңыздары енген. Көзі тірісінде Әлімбай ақынның басқа шығармалары жарық көрмеген екен. Енді міне, ақынның ұрпақтары, қара ормандай халқы жақсы жанның жаршысы іспеттес дүниелерін жарыққа шығаруда. 2008 жылы қазақ халқының арғы-бергі тарихы, рулық-туыстық қатынастың ерекшеліктері сөз болған «Қазақ шежіресі» атты тарихи шығармасы жарық көрді. Сол жылы мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында облыс әкімі болған Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қолдауымен аймақтағы бұрын беймәлім болып келген мұра әдебиетшілерге, қара халыққа жеткен болатын. «Сырдария кітапханасы» 200 томдығының бір томы жеке Әлімбай Әлиасқаровқа арналды. 2008 жылы Әлімбай ақын 100 жасқа толды. Ұрпақтары және артынан ерген халқы ақынға арнап ас берді. Алмас Алматовтың бастауымен бірнеше термелері халыққа ұсынылып, оң бағасын алды. Ақын қайта тіріліп, халқымен қайта қауышқандай болды. Ақын шығармашылығы – кейінгі ұрпаққа өнеге, артына қалдырған өшпес дүние.
Отанын сүйген, ұлттық салт-дәстүрін бойтұмар қып ұстаған, өлеңге өнердің пірі деп баға берген Әлімбай Әлиасқаровтай азаматтың Атамекенге деген сағынышын, туған жерге деген ыстық сезімін от кешкен майданнан жазылған өлеңдері толық айғақтайды. Хат үлгісінде жазылған елге жолданған өлеңдерінен елге сағыныш, Отан үшін күрес, ерлікке, жеңіске жігерлендіру сарыны есіп, майдангер ойы мен тілегі анық аңғарылады. Әлімбай Әлиасқаров өзін Арыстанбай батыр бабасына теңей отырып, ұрпаққа атадан қалған мекенді қасық қаны қалғанша қорғауға, патриоттық сезімін оятуға, туған жерін ардақтауға баулып жатқанын аңғарамыз. Ел басына күн туғанда жауын тарыдай шашып, ірімшіктей іріткен батырларымыздың болғанын, олардың ерлігін айтқысы келген іспетті.
Кешегі алапат соғысты көзімен көрген, оқ пен оттың астында Отан үшін арпалысқан Әлімбай Әлиасқаров – дана болмысымен, қайнаған қан майданда жазған алмастай өткір де қайсар жырларымен сөз қадірін өз қадірі, өз қадірін ел қадірі деп бағалаған тау тұлғалы азамат. 39-гвардиялық атқыштар полкінің командирі ретінде жүздеген сарбаздарды ұрысқа жұмылдыру, зұлым жаудың басқыншылығына қарсы маңызды тактикалық шешімдер қабылдау сияқты аса күрделі сынақтардан сүрінбей өтіп, қол астындағы жауынгерлердің намысын жанитын отты жырлар оқитын, даналық нақылдар айтатын данышпан ұстазға айналған.
«...Алаңдама, бауырлар!
Ертең жеңіп фашисті
Аламын жаудан кегіңді», – деген өлең жолдарының өзі де жоғарыда айтылған сөздердің куәсіндей.
Туған жер – әр адамның шыр етіп, кіндік қаны тамған киелі мекені. Туған жерге деген сағынышымыз зор ұлтпыз ғой. Сыр өңірінің табиғи байлықтарын, өзен-көлдерінің ғажайыптылығын айтқанда, бойымыздағы қазақы рухты лаулата түсетіндейміз. Туған жер – тұғырың. Әрине, Отанды жырламаған ақын, шешіле сөз етпеген шешен жоқ. Туған ел – асыл қазына. Ал, осы қазынаны біз көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Әр адамға кіндігінің жас қаны тамған жер қайда болса да ыстық, қасиетті де қастерлі, оған деген махаббат көкейде сағыныштың сары алтын жапырақтарымен құндақталып мәңгі сақталатыны даусыз. Ол сағындырады, ол аңсаттырады. Көксейсің, көруге құстай ұшып асығасың. Өйткені сенің тұңғыш рет жарық дүние есігін ашып, өмірге енген мекенің. Ол – туған жер!
Сайын дала – ата-жұрт бабаларымыздың көздің қарашығындай сақтап, найзаның ұшы, білектің күшімен қорғағанының арқасында бізге жетіп отыр. Ендеше осындай алып туған жерді сүйіп өту – кімге де болсын парыз әрі қасиетті міндет. Туған жерді сүю оның әрбір тасын сүюден басталады. Яғни, туған анаңа, туған жұртыңа деген махаббат туған жерге деген махаббатқа ұласпақ. Отан ... Атамекен... Атажұрт... Тарих... Бұл қай құлаққа да асқақ естілер асыл ұғымдар. Ендеше, туған жерін ту еткен Әлімбай ақынның да бұл тақырыптан алыс кетпегенін туған өлкесіне деген махаббаттан туған өлеңдерінен байқауға болады. «Жерім үшін, елім үшін жырлаймын» атты жырында:
«О, туған жер, қадіріңді білемін,
Сенде өмір, сенде сая тірегім.
Туған жерім, топырағыңнан жаралып.
Мен дауылға қарсы тұрған түлегің.
Туған жерім, сенде ажар-реңім.., – дейді қарт ақын. «Отаның – алтын бесігің», «Отаны жоқтық – нағыз жоқтық» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Өз Отанын сүю, өз ана тілін ардақтау – әрбір азаматтың бірінші міндеті. Ал біздің халқымызда атамекенді ардақтау сезімі өте терең. Халқымыздың басынан қандай қиын кезеңдер өткенде де ата-бабаларымыз елімізді сыртқы жаудан қорғай білген. Халқымыздың осы бір қасиеті жанымызға ана сүтімен тарап, ана тілімен дарып, ақ нанымен бекуі тиіс. Өйткені Отан біз үшін оттан да ыстық. Өз елі үшін жанын да, барын да аямаған Әлімбай ақын да жырына осы ойды арқау еткен секілді. Туған жерін шалқар көлге теңеп, өзін соның бір тамшысындай сезінген ақынның ішкі жан сезімінде туған өлкесіне деген терең махаббат жатыр. Туған жерін сая тірегіне балап, өзін небір дауылдарға қарсы тұрар кішкентай балапан- түлегі екенін айтқанда, Әлімбай ақынның елі барда күш-қайратының таусылмайтынын және елі үшін жанын аямай, қиындықтарға қарсы тұратынын байқауға болады.
Әлімбай Әлиасқаров дүниетанымында адамгершiлiк мәселесi негiзгi орын алады. Оның өмiрге деген парасатты көзқарасы, елiне деген бекем сүйiспеншiлiгi, адамдықты құрметтей бiлген қабiлетi өнегеге толы терме-жырларынан аңғарылып тұр. 90 жасқа келіп, дүниеден озған ақынның бар ғұмыры халықпен бiте қайнасып өткен. Ауызбiрлiгi жетiспеген ортаны көріп, елiнiң ертеңiн ойлап, мұңға батқан кездері аз болмаған секілді. Оның жыр-толғауларында адамға деген мейiрiмдiлiк, қайырымдылық, сүйiспеншiлiк қай жағынан болса да, бiрiн-бiрi толықтырып жатыр, туған-туыстармен тiл тигiзiп қырқыспайтын, бет жыртысып көңiл қалдырмайтын татулық сезiмi айқын бiлiнедi.
Табиғатынан дарынды зерек болып өскен Әлімбай ақын бұрынғы ақын-жыраулардың жырларын, халық мақал-мәтелдерін есіне сақтап, көңіліне түйіп, халықтың бай ауыз әдебиетінен сусындап өскен. Өзінен бұрынғы және тұстас ақындардан да тәлім алған. Әлімбай өз заманындағы әлеуметтік мәселелерді тани біліп, келелі ой қозғаған. Әрине, әлеуметтік мәселерді танып-білу барлық ақындарға тән қасиет. Олар қай жерде де тыңдаушыларын таң қалдырып, ерлікті, елдікті дәріптеген. Керек жерінде кімнің де болса бет-жүзіне қарамай, айтарын бүкпей, батыл айтып, адам бойындағы жасық қасиеттерді өлтіре сынап, тілімен турап тастайтын болған.
Келер ұрпақ ақынның қазақ халқының психологиялық ой толғанысы ізімен жазылған терең ойлы жыр-толғауларынан үлгі-өнеге, тәрбие алары сөзсіз. Әлімбай ақынның айналасындағы адамдардың әдет-қылықтарын байқап, өлеңге қосуы ақынның аңғарымпаздығын көрсетеді. Жан- жағындағылардың оңы мен солын, дұрысы мен бұрысын, ағы мен қарасын айыра отырып, көңілге қонбағандарын өлеңмен сұлатып отырған десек, артық кеткенім емес. Ол – шымшыма мен өтірік өлеңнің шебері еді.
Ақынның патриоттық сипаттағы елді ерлікке, бірлікке шақырған жалынды жырлары, отты терме-толғаулары бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі зор. Әлімбай Әлиасқаров шығармаларының ең өзекті тақырыптары – Отан, туған жер, адами қасиеттер болса, идеясы – ұлттық рухты, патриоттық сезімдерді ұялату, Отанды сүюге, байлығын қорғауға, елжандылыққа, жауапкершілікке тәрбиелеу. Жоғарыда келтірілген өлең жолдары соны айғақтайды. Адам баласының жанына жылылық дарытып, қанына парасаттылық ұйытатын құдірет сөз өнерінде. «Қазақ» деп аталатын сөз өнерінің ортасынан ойып тұрып орын алуға тиісті Әлімбай ақынның әлі де зерттеуді қажет ететін туындылары жетерлік. Ол алдағы күндердің еншісінде. Әлімбай Әлиасқаровтың өз әлемі, сол әлемде өзіне ғана лайық тұғыр-тағы болатынына сенемін. Лайым, сол сенімге селкеу түспесін!
Әйгерім СЕЙІТБЕКҚЫЗЫ,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің
бөлім меңгерушісі, педагогика ғылымдарының магистрі