» » Әжемнің әңгімесі

Әжемнің әңгімесі

Әже – адам баласының ақылшысы, қамқоршысы, әкемізге өмір сыйлаған аяулы жан. «Әже» деген тақырыпта әңгіме өрбісе, менің көз алдыма әжемнің тағдыры елестейді. Содан қиял қуып, әжемнің дәуіріне түсіп, тұңғиық ойға батамын.
Менің әжем – Қоңыр Төлегенқызы. Төлеген деген түп нағашы атамыз өте ауқатты, бай, ел билеген, өз ауылының қадірлі қариясы болған деседі. Төлеген атамның Бөлеген, Жүрген, Түрген есімді бауырлары болған. Төлегеннен – Қоңыр, Жүргеннен – Қара, Қарадан – Темірбек туған. Қазіргі таңда аты аңызға айналған, мемлекет қайраткері, қазақты әлемге танытқан, Қазақ КСР Ағарту министрі болған Темірбек Қараұлы Жүргенов менің туысым. Ал Бөлеген мен Түрген туралы мағлұмат жоқ. Атамызда екі ұл, жеті қыз болған. Менің әжем үйдің кенжесі болыпты. Екі ұлы ақ патшаның кезінде соғысқа кетіп, содан хабарошарсыз, қайтпай қалған. Қоңыр әжем өзі ерке, жанына адам жуытпайтын ер мінезді, өзінің күтушілері бар, сол заманның ханшайымы болып өскен екен. Атқа шауып, бәйге алған. Мыңғырған мал мен байлықтың саны болмапты. Қызметшілер жалдап, жұмыс істетіп, молда жалдап, мұсылманша білім үйреткен екен. Әжемнің көзін көрген әжелердің сөзін тыңдасам, құдды ертегідегідей күй кешемін. Қоңыр әжемнің жеке алты қанатты ақ киізбен қаптаған киіз үйі болған екен. Киіз үйдің ішінде ою бастырылған киіз бен текемет көздің жауын алардай дейді. Керегесінің көздері іші алтын, сырты күміс түймемен байланған, сәндік үшін тағылған алтын оймақтар, күміс түйреуіштер сол кезде де ел аузында аңыздай болып жүрген арман болыпты. Әжем салтанат құрып, тойтомалаққа барарда сәукелесіне он алты алтын инемен қадап, күмістен шашбау тағыпты. Ер мінезді ерке қыз серілік құрып, көрші ауылдарға қатарқұрбысымен қыдыратын көрінеді. Өзі кішкентай бойлы, ақсұр келген, көзі көк, шашы беліне түсіп, майысқан нәзік қыз болған екен. Ауылдың салтымен уақыт келе 22 жасында аталардың ақ батасын алып, Бержан атамызға тұрмысқа шыққан. Бержан атам да ауқатты жердің азаматы, серілердің серісі, домбыраның құлағында ойнаған өнерлі жігіт болыпты. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін отбасылық өмірлері басталып, ерке қыз қазақтың салт дәстүрімен байлықтың барымен, тіпті қызметшілерімен бірге ұзатылып, келін атанады. Көп ұзамай маңдайы торсықтай ұлды да, сұлу да сүйкімді қызды да дүниеге алып келеді. Амал нешік, Алланың қалауымен барлық сәбиі жасқа толмай шетінеп кете береді. Аумалытөкпелі заманда орыстың өкіметі билік құрған кезде кәмпеске деп аталатын жау шығып, қазақтың малы мен барын талауға шығады. Ата-әжемнің байлығы неше рет таластартысқа түсіп, қиын кезеңдерді бастан кешіреді. Сондай ауыр кезеңде, ел қиналып, ашыққанда Қоңыр әжем көмек сұрағандардан жәрдемін аямаған екен. Жанының жомарттығы сондай ел аузында «Бай Қоңыр» деп аталып кетіпті. «Сұраған қолды құр қайтармаған, ашықжарқын жан еді» деседі жұрт. Әжемнің сөзінше ол кезде қазіргідей ауылелдің атауы жоқ кезеңде «Қызылдың қиясын пана еттік. Оңтүстікке қарай жүргенде пәлен деген жерге «алтындарымды», пәлен деген жерге «күміс ыдыстарымды», шығысқа қадам басқанда асыл тастарымды көмдім» деп отырады екен. Сол қиынқыстау кезде әжем 49 жасында менің әкем Бектұрарды өмірге әкеліпті. Міне, біз сол жалғыз баладан тараған ұрпақпыз. Орыстың отарлауынан қашып, әжеміз бен атамыз бар байлықты жерге көміп, Өзбекстанды да, Қарақалпақстанды да паналаған. Ес жиып, ел жайланғанда Диірментөбе деген жерге қоныс теуіп, жол бойына жұмысқа тұрып, Төретамға 1986 жылы көшіп келген. Сол кездердегі қиыншылықтарын естісеңіз, «өтірік» дерсіз... Алайда ашаршылық қанша адамды зарлатып, қанша қазақтың жанын алды.
Мені ойға салып, толғантатын мәселе «Байқоңыр» қаласының атауының шығу тарихы. Жақында кент кітапханасынан «Топонимикалық жерсу аттарының шығу тарихы» деп аталатын кітапты оқыдым. Ішінде Байқоңырдың да тарихы бар екен. Маған қызық болғаны Қоңыр деген бай болыпты, қиын заманда барлық елге пана болып, елін аштықтан аман алып қалып, «Бай Қоңырдың» жері деп аталған дегені ой салды. Мүмкін сол менің әжем шығар. Бұл киелі топырақ, менің әжемнің ерен еңбегі сіңген қасиетті мекен шығар. Кім білсін?! Ұрпағының да осы киелі жерге келіп, өсіпөніп, жалғыз баласынан он немере, екі шөбере сүйіп, бес уақыт намазын қаза қылмай, тамырын тереңге жайған тарихи тұлға болып 94 жас жасап, ғасырдың куәсі болғаны сол елдің разылығы мен батасы шығар деп ойлаймын.
Жасыратыны жоқ, шамалы аяққа тұрсам, осы ауылдан көшіп кетемін деп талпынамын. Бірақ, қай кезде де аяғымды тұсаулап, туған жердің топырағы ма, қасиетті өлкенің тылсым күші ме, әлде әжемнің тарихы ма білмеймін, әйтеуір бірдеңе жібермей тұрады. Бұл енді мен үшін жұмбақ.
Мен жоғарыдағы әңгімелерді әжемнің аузынан естімедім. Үйдің үлкендерінен, анамнан естідім. Себебі, мен ол кезде үш жасар бала едім. Тағдырдың жазғаны болар, сол үш жасымда асқар тау әкем дүние салып, тағдыры тарих болған асыл әжем артынша бір ай болмай, жалғыз баласының артынан кете барды... Міне, мен сол үш жасар қыз, отыздың үшеуін артқа тастап, ел қатарлы өсіп келемін.
Бұл жазбаны ес білгелі жазамын деп армандадым. Күйбең тірліктен қолым тимеді, көңіл болмады деп жүргенде көп ағайынтуысым, әжем мен әкемнің көзін көрген қымбатты жандарым о дүниелік болды. Әжемнің барлық әңгімесін анам жақсы біледі. Одан кейін үйдің үлкендері біледі. Мен тек сол әңгімелерді естіп, қиял мен ертегіге тойып алған, жаны сырға толы, өмірді басқаша қырынан көретін бір пендемін. Не ақын емеспін, не жазушы емеспін... Бірақ қара сөз бен қара өлеңнің құрбанымын...
Тек әжемнің әңгімесі аяқасты қалмай, жүрдімбардым сөз күйінде тыңдалмай, тайға таңба басқандай болмаса да, тарихқа толы тағдыры жайлы сыр шертіп, менің кімнің ұрпағы екенімді ел білсе екен деген пенделік арман ғой.
Гүлнұр БЕКТҰРАРҚЫЗЫ
27 қараша 2024 ж. 60 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 334

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 421

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930