» » Гагарин әжемнің қолынан дәм татқан

Гагарин әжемнің қолынан дәм татқан

Менің әжемнің қайраттылығына, батылдығына таңдана да тамсана қарауға болады. Әжем 1931 жылы Майлыөзек ауылында дүниеге келген. Әкесі – Қалмақан, шешесі – Еркаман. Қалмақан – сауатты, тік мінезді, ақкөңіл, жұртқа сыйлы кісі болған деседі. Еркаман Қалмақанға 14 жасында тұрмысқа шыққан. Жастайынан үй тірлігіне араласқан ол кейін балаларының тәрбиесімен айналысқан.
Отбасында екі перзент, ұл мен қыз дүниеге келеді. Әлайдар мен Күләй. Алла ананы ешқашан баламен сынамасын. Ағасы Әлайдар әжемнің айтуынша, 13 жасында сырқаттанып дүниеден озады. Әжемнің балалық шағы бір ауылдан бір ауылға қоныстануымен өткен. Сол уақытта атамыз Қалмақанның мансабы жоғарылап, қармақшылық жәй милициядан Қазалы уезінің милиция бастығына дейін өскен. Қалмақанның әкесі Ержан. Халық арасында Қаражорға Ержан атанған. Ол – зерделі, өзінің әділдігі мен шешендік өнері арқасында абырой мен беделге ие болған кісі. Сол уақыттарда Қазалы уезінде соттың жоғарғы өкілі, ақсақалдар кеңесінің төрағасы болған. Құрамы 12 ақсақалдан тұратын, кез-келген қылмыстың түйінін шешіп, екі жақты келісімге келтіретін, соңғы шешімін айтатын атамыз болған. Үкіметке несімен жақпағанын қайдам, Қалмақанға өз әкесін ұстап қамауға бұйрық келеді. Сөйтіп Қалмақан «Халық жауы» атанады.
Сол уақытта әжем үшінші сынып оқып жүргенде «халық жауының қызы» деген жаламен мектептен шығарылған. Үш сыныптық білімі бар әжем, еңбекке қаршадайынан араласып, тылдағы ауыр жұмыстарға да атсалысады. Соғыстан кейінгі жылдары да әртүрлі салада еңбек етіп, алғашқы тәжірибесін мектептегі еден жуушылықтан бастайды. Кейінгі, яғни зейнетке шыққанға дейінгі отыз жылдан астам уақыт бойы Жосалы кентінде азпазшылық қызмет атқарады. «Қармақшы» мейрамханасында жалғасқан еңбек жолының жемісін күні бүгінге дейін көріп келеміз. Алғашқы ғарышкер Юрий Гагарин сапардан келген сәттерінің бірінде әжемнің аппақ қолынан дәм татқаны біз, немерелері үшін үлкен мақтаныш.
Кеңес одағының орнығуындағы кей кезеңдерінде әжем басынан ашаршылықты да, жоқшылықты да өткерген. Сол қиын-қыстауларда біздің үйде «Мәуе» немесе «Жиде» ағашы өсетін. Жиде ағашы менің әжемнің анасының аялы алақанының қарауымен гүлдеген болатын. Сол ауыр жылдарда, қиын-қыстауларда мәуе ағашы қап-қап жемісін төгіп бергенін әкеміз жиі айтып отырады. Оны нан табу мақсатымен көрші ауылдарға апарып сататын болған. Әжем өте еңбеққор, көпшіл жан. Үйімізден әлі кезге дейін қонақ арылмайды. Ақ әжемізден үлгі алып өскен біздер сол кісідей болғымыз келеді.
Өз ұжымында мамандығының ше­бері ретінде танылып, адал қызме­тімен, ерен еңбегімен көзге түскен, көптің құрметіне бөленген, көпбалалы ана, менің сүйікті әжем Күләй Қалмақанқызы 1980 жылы «Советтік тұтынушылар коо­перациясының үз­дігі» атанды. Содан соң «Еңбек ардагері», «Еңбектегі ер­лігі үшін, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл» медальдарымен және бірнеше рет Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Әжеден тәлім алған бала аз емес, соның ішінде ұлы Абайдың өзі Зередей көпті көрген, дана кісіден тәрбие нәрімен сусындаған.
Мен де бала кезімнен мәпелеп өсірген, бар жылулықты, сұлулықты, биіктікті әжемнің бойынан көріп өзіме үлгі тұтқанмын. Әжем адал еңбегімен бір әулетке ұйытқы болып отырған отанасы. Жолдасынан ерте айырылса да ол қызын қияға, ұлын ұяға қондырды. Кішіпейілді мінезімен көптің құрметіне бөленген ардақтым, бүгінде, бір-бір шаңырақтың иелері атанған Бектай, Мейрамкүл, Берікбек, Серікбек, Еркінбек, Жанаркүл атты ұл-қыздарынан өрбіген 18 немере мен 35 шөберенің сүйікті әжесі.
Күләй Қалмақанқызы – қазір зейнет демалысында, немерелерінің, шөберелерінің қызығын көруде. Асылымыз қарашаңырақтағы ұлы­ Серік­бек пен Айманның аялы алақанында. Әжемнің бар жағдайын жасап, ойынан шығып отырған екеуіне бауырларының айтар алғысы шексіз. Өсіріп-баққан балаларының арқасында әжем 90 жасқа келсе де өз бабында отыр. «Қазақстан әйелдері» журналы ұжымының шеші­мімен «Қазақ әйелдерінің энциклопедиясы» атты таңдаулылар кітабына есімі енген.

Гүлжанат КІРЕКЕС,
немересі
29 мамыр 2021 ж. 538 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 045

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031