» » Желідегі жауапкершілікке кім жауапты?

Желідегі жауапкершілікке кім жауапты?

Фото
Қоғамның дамуы мен адамзат тарихының өркендеу жолындағы өзгерістермен қатар тіл де әрдайым түрленіп, уақыт талабына сай толығып, үнемі жаңарып отырады. Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан бұл процесті интернеттің жалпыға қолжетімді болуы әлдеқайда тездетіп, тым жылдамдатып жібергендей.
Өйткені интернет кең қолданысқа ие болмай тұрғанда ақпарат көпшілікке кітап пен газетжурнал, радио мен теледидар арқылы таралды. Ал оның барлығы филология, журналистика саласы мамандарының сүзгісінен өтіп, тілдің тазалығы, грамматика мен стилистика заңдылықтары сақтала отырып жарияланатын. Ал ғаламтор қолданысқа енгелі бұл тәртіп бұзылып, бар билік әлеуметтік желі қолданушыларының қолына кетті. Енді интернет пайдаланушы кез келген жан бұрынғы жазушы мен журналистің, филолог пен корректордың көмегінсіз, ақпарат айдынында кеңінен көсілуде. Бұл, әрине, пікір еркіндігіне, жаңалықтың жылдам таралуына жол ашты. Оны тиынның оң беті – жақсы тұсына баласақ, тиынның екінші жағы – жалған ақпараттың жариялануы, сауатсыздықтың белең алуы деген мәселелер пайда болды.
Бүгінде әлеуметтік желіде пост салып, пікір жазып отырған кейбір адамдар «жауапкершілік» деген ұғымды ұмытқандай. Өйткені көбіне оқырман алдындағы, ана тілі алдындағы жауапсыздық байқалады. Мұндай салғырттық сауатсыздықты тудырып, оны өзіміз-ақ желіде жаппай жарнамалап жатамыз. Олай дейтініміз, пост пен пікірдің қатесін саралап жатқан ешкім жоқ. Дәл қазіргі уақытта ол мүмкін де емес секілді. Көпшілік назарын аудартқан кез келген посттың пікіріне көз салсаңыз көңіл күйіңіз түсетіні анық. Тіпті «мына адамдар мектепке барған ба?» деген сауал еріксіз ойға келеді. Бірді-екілі қателер кетіп жатса, техникалық ақау ғой деп ақтап алар едік. Алайда қазіргі пікірлер арасынан әрбір сөзін қате жазатындар да кездеседі. Оларды қалай ақтаймыз? Әлде бүгінгі қоғамның бет-бейнесі, сауатсыздық деңгейі осы ма?
Соңғы уақытта сөздік қорымызға «желітілі» деген сөз қосылыпты. Бұл не десеңіз, мессенджерлер мен әлеуметтік желідегі жылдам, жеңіл пікір алмасу үшін қолданылатын жасанды тіл. Ол тіл орфография мен орфоэпияны, грамматика мен стилистиканы білмейді, тыныс белгілерді ескермейді. Тым қарабайыр және тұрпайы сөздер. Осындай әлеуметтік желіде жиі қолданылатын сөздерге тоқталсақ.
Ең көп кездесетіні – қазақтың төл дыбыстарын пайдаланбау. «Киюм» деген сөзді де түсіне алмаған едік. Сөйтсек, «күйеуім» деген тым жақсы сөз екен ғой. Одан кейін ешқандай ережеге бағынбайтын орысша мен қазақша сөздерді қосып сөйлеу бар. Мәселен, «поделиться ет», «скрывать ет» дегенді жиі көріп, естіп қаламыз. Тізбелей берсек, мұндай мысалдар өте көп.
Әрі атадан-балаға мұра болып, ананың сүтімен дарып, осынау күнге саф алтындай таза жеткен тілімізді шұбарлап, сөз саптау, сөйлеу және жазу мәдениетімізді бұзып, тілдің заңдылықтарын белшесінен басып отыр. Ең сорақысы, желітілі шекарасын кеңейтіп, ғаламтормен шектелмей, күнделікті қолданыс тіліне айналып бара жатыр. Әрине, бұл тек қазақ тілінің басындағы қасірет емес. Интернет белең алғалы бері барлық тілге төнген қауіп. Оған қарсы тұру – ең алдымен, өзімізге байланысты. Сауатты жазу – әр адамның санасы, тілден бұрын, өзіне деген құрметі.
Қазақ тілі алдындағы жауапкершілік – қазақ болып туған әрқайсысымызға артылған міндет. Ахмет Байтұрсыновтың «Тіл тазалығын сақтау – бейпіл, жаргон сөздерді пайдаланбау – біздің патриоттығымыз бен сауаттылығымызды арттырады» деген сөзін әркез жадымызда ұстауымыз керек-ақ. Сонымен қатар қазақша сауатты контентті арттырып, ғаламторда қазақ тілді ақпаратты көбейтуге мейлінше жағдай жасау қажет.
Осы орайда, интернетте көз ілеспес жылдамдықпен толығып, сәт сайын ақпарат жаңарып жатқанын, әрі мұнда интернет журналистердің өзіндік үлесі барын ескере кету керек. Бір өкініштісі, кейбір әріптестер үшін сапа емес, сан маңызды секілді. Себебі сайтта ақпаратты алғашқы болып жариялап, көп қаралым жинау үшін басқалардан бұрын шығаруың керек. Алайда мұндай рейтинг үшін жасалатын жұмыстар тілдің бұзылуына, ұсақталуына әсер ететіні сөзсіз. Қазақ тілінің беделін арттырғымыз келсе, әрбіріміз ғаламтордағы жазбамызды барынша сауатты жазуға ден қойсақ екен. Әлемнің өзгерісі өзімізден басталатынын есте ұстайық.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
07 қараша 2024 ж. 131 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 085

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031