» » Квадробика – қоғам дерті

Квадробика – қоғам дерті

Әлеуметтік желіні ақтарып, жаңалықты құр жібермейтін қауым тақырыптың не екенін пайымдаған болар. Соңғы кезде жануарларша төрт тағандап жүру, олардың азығын пайдаланатындар көбейген. Көрер көзге ерсі, әрине. Десе де өздері бұл қылығын қымсынбастан әлеуметтік желіде жариялап жүр. Өздерін квадроберлер деп атаған топтың мұндай әрекетіне қоғам белсенділері мен депутаттар алаңдаулы.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев өзінің желідегі парақшасында тақырып төңірегінде мынадай оймен бөліседі. «Ай өткен сайын төрт аяқты адамдар қатары көбейіп барады. Иә, олар мысыққа, итке, қасқыр, сілеусінге еліктеп, солардың күйін кешуде. Тіпті тамағын жейді. Бұл – бір жұқпалы аурудай. Әсіресе, жасөспірімдер бір-бірінен көріп еліктеуде. Ата-аналарға дабыл қағып жатқаным да осыдан. Бұл – субмәдениет. Мұның артында өзге күштердің үлкен бизнесі тұр! Сақ болыңыздар! Квадроберлердің әрекетін біздің органдар мұқият зерттеу керек. Керек десеңіздер, біз (Парламент) арнайы заң шығаруға да дайынбыз. Өткен аптада Өзбекстан квадробинг субмәдениетін ұстанатын балалардың ата-анасына айыппұл салу туралы заң қабылдаған. Еліктеуіш келетін баланың санасын басқару оңай деген тұрғындар шетелдік субмәдениетті жою үшін әлеуметтік желіге шектеу қою керек» дейді.
Дабыл қағатындай бар. Себебі әлеуметтік желіде мұндай контент көп. Олар мұны заманауи тренд, субмәдениет деп түсінеді. Бұл қоғам дерті әлем елдерінде, әсіресе Еуропа мен АҚШ елдерінде ушығып тұрған көрінеді. Көрші Ресей мен Өзбекстанда да тіркелген. Тіпті бізде де субмәдениеттің шеті көріне бастады.
Ал жастар қауымы оны қарапайым тренд ретінде түсініп, көп оқырман мен қаралым жинау үшін жасайтынын алға тартады. Бұл ретте психологтар контент үшін қызық болған дүние, кейін өмір салтына айналып кетуі мүмкін екенін айтады. Мамандар балаңыздан қандай бір ерсі әрекет байқасаңыз, ол «маған көңіл бөл» дегенді білдіретінін айтуда, яғни бұл трендке қызығушылардың басым бөлігі жасөспірімдер екенін ескерсек, ата-ана қауымы оларды «өсті», «өзі біледі»-ге басып бақылаусыз жіберіп қоятыны бар. Алайда кәмелеттік жасқа толмаған бала әрқашан бала екенін есте ұстаған абзал.
Трендке айналған бұл субмәдениеттің негізін қалаған – жапондық Кеничи Ито. Ол 2008 жылы төрт тағандап жүруден 18,58 секундта жүз метрді бағындырып, әлем назарын өзіне аударды. Кейін ғаламтордың арқасында бұл спорт түрі субмәдениет ретінде көпке танылды. Ал қазір әлеуметтік желінің себебімен құлашын кеңге жайып келеді. Берері жоқ белгісіз дүниенің қазақ қоғамына да еніп үлгергені ата-аналарды да алаңдатып отыр.
– Қазір балалар шалқып өмір сүріп жатқан уақыт қой. Шүкір, барлығы бар. Әттеген-айы – тәрбиеден қалыс қалып бара жатқаны. Қазір әлеуметтік желіні ашуға қорқатын заман болды. Өзіміз де ұл-қыз өсіріп отырған соң уайымдаймыз. Балалардың жануардың киімін киіп, олар секілді дыбыс шығарып жатқандарын көрдім. Тіпті тамағын да жейтіндер бар екен. Мұның бәрі Абай айтқан «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын» деген шумақтарға сай келеді. Бәрі дайын болған сайын, құндылықтарымыз құлдырып барады. Мұны тез арада қолға алмаса болмайды. Менің әлеуметтік желіге тіркелу кәмелет жасқа толған соң ғана рұқсат етілсе екен деген ойым бар. Бәлкім, сол уақытта балалар оң-солын таныр ма еді? Қалай десек те, бала тәрбиесін қараусыз қалдыруға болмайды, – дейді көпбалалы ана С.Ахметқызы. Иә, бұл дерт жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптамай тұрғанда тезірек қолға алып, нақты заң қабылданғаны жөн-ақ. Алайда оған уақыт керек. Жасөспірімдердің бұл тренді қоғам дертіне ұласпасын десек, әрбіріміз өз отбасымыздан, айналамыздан бастағанымыз жөн. Балаңызбен, бауырыңызбен бірге уақыт өткізіп, келешегі бұлыңғыр трендтің алдын алайық.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
04 қараша 2024 ж. 149 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 511

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 583

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031