» Желіде қайыршылар қаптап барады

Желіде қайыршылар қаптап барады



Әнеугүні ватсабыма бір адам хат жолдапты. Өзінің көпбалалы ана, жағдайының төмен екенін алға тартып ақша беруімді сұрады. Нөмірімді кімнен қалай алғанын білмеймін. Азық-түлік пен отын, су, жарықты төлейтін ақшасының жоқтығын алға тартты. Басқаларының жөні бір бөлек. Жаз күнінде отыны несі екен деп ойладым. Рас, соңғы уақытта көше кезіп қайыр тілемей, онлайн сұрамсақтық санамызды билеп, қайыршылықтың жаңа түрін меңгеретін деңгейге жеттік.
Қайырымдылық қазақтың қанында бар қасиет. Жетімін жылатпау, жесірін қаңғытпау жайы да осы қайырымдылық өзегінде дүниеге келген.
Қазіргі таңда әлеуметтік желіні жиі қолданамыз. Сонда жоғарыда аталған жайттарды жиі байқап жатамыз. Көмекке мұқтажбыз, баламызға көмек керек (ота, дәрі дәрмек) тіпті үйіміз жоқ деген мұң-мұқтажын айтушы көп, көбейіп те келеді.
Апырмай-ау, адамдар қандай болып барады? Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дей тұра жағдайды алға тартып ақша сұрауға арланбайды. Ал адал еңбек етіп нәпақа табуға арланатын секілді. Рас қой. Қазір әлеуметтік желіде «онлайн қайыршылар» көбейген. Шын мұқтажы бар, оңай олжа көретіні бар. Әйтеуір осыны сәнге айналдырып алғандай. Олардың көбейгені сонша, бастапқыдай жанашырлық танытпай, көмек қолын созбаймыз.
Әр адамның жекесіне бірдей мәтінді хат жолдап, көмек беруін өтінеді. Әсіресе бұл оқырманы көп танымал тұлғалар мен блогерлерге жиі кездеседі. Әрине, ақшаны жақсы табатындықтан олар беруге міндетті көреді әлгі «онлайн қайыршылар». Зерттеп бақсақ, мұндай хат жолдаушылардың көбі жалған парақша ашып, қайыршылықты кәсібіне айналдырған. Оларға мейірім көзбен қарайтындар да табылады. Соған мастанып алғандай, өзгелерді алдап-арбап ақша алуға құнығып барады. Адал жолмен, маңдай термен таппаған ақшаның берекесі болар ма екен?
Қазақ неге қайыр сұрайды? Өз жерінде, өз елінде, өз мемлекетінде отырып, жұртқа неге алақан жаяды? Қол-аяғы балғадай қыз-жігіттердің көрінгенге жалынышты хат жолдап, жаутаң қағуына не түрткі болып жүр?
Иә, халқымыз бұрын қайыр сұрамайтын. Көшпенді дәуірді былай қойғанда, небір нәубетті бастан өткерсе де, ешкімге алақан жаймаған еді. Киерге киімі, ішерге асы болмаса да, «бөрі арығын білдірмес» деп ешкімнің есігін сығаламады. Сол кездері де көрінгенге көзін сатып, көшеге шыққан жоқ. Неге? Себебі қайыр сұрауды намыс көріп, ар-ұят санайтын, оғаш мінез көрінетін. Қара бастың қамынан намысты жоғары қоюшы едік-ау.
Хакім Абайдың өзі «Есірген еріншектіктен өткен кесапатты кесел жоқ» деп еді ғой. Қоғамда ши басын сындырмай жеңіл ақша тауып, оңай олжаға кенелгісі келетіндердің қатары әлі көбеймесе, азаймай тұр. Әсіресе, он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін азаматтардың қол жайғанын көргенде, іштей қынжыласың.
Түйін.
Біреуі ұрсып сұрайды, біреуі қорғап сұрайды, біреуі жалынып сұрайды, біреуі шын мұқтаж, біреуі алдап сұрайды, біреуі міндеттісің деп «тістелеп» сұрайды. Ал әлеуметтік желіге кіре алмайтын, кіруге ақшасы да, уақыты да жоқ мұқтаж жандар ше? Олар да өз күйін күйттеп, өз бетінше тіршілік етіп жүр-ау...
Ақнұр САҒЫНТАЙ
---
20 тамыз 2024 ж. 105 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 526

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 597

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031