» » Қатыгез ұрпақ қайда барады?

Қатыгез ұрпақ қайда барады?

«Бала – бауыр етің» дейді қазақ. Өмірдің қызығын да сол баламен байланыстырамыз. Таңның атысы мен күннің батысына қарамай, жұмыс істеуіміздің себебі де сол – бала қамы. «Қайтсем, ұрпағыма жағдай жасаймын» деген ата-ана үшін бұл бақытты өмірдің баспалдағы іспетті.
Ата-бабамыз шетел асып оқымаса да, адам баласы нені беру керек, нені сұрау керек, нені тілеу керек деген адами қасиетті бойына сіңіріп өсті. Жазылмаған дала заңы оларды ештеңеден кенде еткен жоқ. Керісінше, өнегелі де парасатты ұрпақ болып өсуіне жол ашты. Ал бүгін ше? Қазіргі ұрпақ – «жоқ» дегенді білмейтін заманның балалары. Не ішем, не кием демейді. Қарны тоқ, көйлегі көк. Себебі олар адам жанынан басқасының бәрін сатып алуға болатын заманда өмір сүріп жатыр. Әйтсе де сол адам өмірін оңай қия салуды ойлайтын кейбір балалар да жүр арамызда. Рас, мектеп оқушылары арасындағы тәртіпсіздік алаңдайтын мәселеге айналды. Олардың арасында бір-біріне қатыгездік көрсетіп, өлімге дейін апаратын деректер көбейді. Оқыс оқиғаларға не себеп және олардың алдын алуға бола ма? Саралап көрсек.
Қоғам қамсыз емес
Бала тәрбиесі бәрімізді алаңдатады. Иә, қазіргі таңда қоғамның алдында тұрған басты мәселенің бірі – кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыстың, құқықбұзушылықтың, кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу, оның алдын алу. Статистикаға жүгінсек, қоғамдық тәртіпті бұзатын, құқықбұзушылықты, қылмысты жасайтын, сондайақ ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған жасөспірім балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шыққанын көрсетеді. Алайда кейбір ата-аналар өз баласының тағдырына алаңдаушылық танытпай, олардың үйден және мектептен тыс бос уақыттарында немен айналысып, шұғылданып жүргендерін бақыламайды. Сол себепті бұл мәселеде жан-жақты, сан тараптан бірлесе жұмыс істеу маңызды. Демек, ата-ана, мектеп ұжымы, құзырлы органдар тиісті қадағалауды күшейту керек секілді.
Барлық бала ата-анасының құшағында алаңсыз өмір сүруге лайық. Десек те, біз бала қауіпсіздігінің басты назарда екенін естен шығарып алып жүргендейміз. Жуырда аудандық мәдениет үйінде ата-аналардың қатысуымен кеңейтілген мәжіліс өтті. Аудан әкімдігі мен аудандық прокуратураның бірлесіп ұйымдастыруымен жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында өткен кездесуге аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы төрағалық етті. Оған құқық қорғау органдарының басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ата-аналар, ардагерлер, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты.
Бүгінде жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын оқыс оқиғалар жиілеп кетті. Сол себепті бала тәрбиесі туралы жиі айтамыз, мәселе етіп мінберлерде көтереміз, бірігіп жиналыс та жасаймыз. Ата-аналар қатысқан бұл жиында жан-жақты талқылау болды.
Жиын барысында аудан прокуроры Мейрамбек Махамбетжанов сөз алып, қоғамдық ахуал және кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылық мәселелері туралы баяндады. Бірінші кезекте атааналарға мектеп оқушыларының қатысуымен құқықбұзушылық әрекеттері көрсетілген бейнеролик назарға ұсынылды.
– Осындай оқиғаларды көрсетпеуге де болар еді, дегенмен оқушылар арасындағы келеңсіздік шиеленістің шарықтау шегіне жетіп отыр. Ауданымызда да бұл жағдай дабыл қағарлық деңгейде. Бала тәрбиесіне барлығымыз жауаптымыз. Сол себепті көзбен көріп, балаларыңызды бақылап, алдын алуда бірігіп жұмыс істеу мақсатында шығарып отырмыз, – деді ол.
Жиналысқа келген аналар әлгі бейнені көрген сәтте жанарындағы жасын бір сығып алды. Әлбетте мұның астарында баласына алаңдап тұрған қорқынышы анық көрініп тұрды.
Бұл тақырып қашан да өзекті. Мұнан соң мінберге аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиева шығып, баяндама жасады. Ол өткен оқу жылы мен биылғы оқу жылы басталғалы бері мектептегі тәртіпсіздік жайы мен оның алдын алуда атқарылған жұмыстар жайын сөз етті. Мұнан соң аудандық полиция бөлімінің бастығы Қазыбек Әліп аудандағы қоғамдық ахуал және кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылған профилактикалық жұмыстар туралы баяндады.
Пікірлерге құлақ түрсек
Еліміздің ертеңін өрге сүйрейтін жас ұрпақ екені баршаға мәлім. Болашақтың тізгінін қолға алатын олардың алдағы уақытта атқарар іс-әрекеттерінің түп тамыры бүгінгі күнмен тығыз байланысты. Қылмыс – отбасы үшін орны толмас қайғы. Оның нәтижесі біреуге ажал құштырса, енді бірін темір торға тоғытады. Ал осы орайда ата-аналар не айтады?
– Баланың сырын да, мұңын да, шаттығын да атаанасынан артық еш адам біле бермейді. Сондықтан бала тәрбиесінде ата-ана мен ұстаздар бірлігі қажет. Атаана мұғалімге көмекші, сенімді тірек болса, керісінше мұғалім де сондай болуы керек. Екі жақты байланыс нығайғанда барлық күрделі сан алуан мәселелер түйіні шешіледі.
Тәртіп – оттың басынан басталады. Қоғамдағы түрлі бұзақылықтар сол ата-ана тарапынан көңілдің жеткілікті деңгейде бөлінбеу салдарынан болып жатыр. Қазір бәрі жұмысбастылыққа салынып, балаларын апталап, тіпті айлап көрмей жатады. Ал осы уақыт ішінде бала немен айналысып жатыр? Тәртіпсіздік әрекетке бармады ма? Онымен бас қатырғысы келмейді. Балаға жауапкершілікті бірінші кезекте атаанаға жүктеу керек, – деді жиналысқа қатысушы атааналардың бірі.
Пікір білдірушілердің екінші легі – балаға араша түспеу жайына қарай ойысты. Себебі кішкентай қателіктерге көз жұма қарау, үлкен қылмыстарға жол ашады. Бұрындары әкенің қаһары, салқынқандылығы деген болатын. Алысқа бармай, өзімнен мысал келтірейінші. Біз әкеміздің қабағына қарап сескендік. Үйдегі төр бөлмедегі кілемде қамшы ілулі тұратын. Әкеміз қандай да бір бұзықтық жасалатын болса, сол қамшымен таяқтайтынын ескертетін. Бір дәмін көрген соң, өзің де таяқ жемеудің қамына кірісесің. Бұл туралы аудан прокурорының пікірін тыңдасақ.
– Жазалау болған жерде нәтиже болатынын жиі айтамыз. Әйтпесе қазақылыққа салынып, «кешіріммен» құтылып жүре береміз. Бұл нәтижеге бастамайды. Жалпақ тілмен айтқанда, «қорықпаса» аяқ тартпайды. Бірінші кезекте тәртіп болуы қажет, – дейді Мейрамбек Жаңбырбайұлы.
Мемлекет басшысы «Бала қауіпсіздігі – бәрінен маңызды» деп талап қойғанымен, мәселеге немқұрайлы қарайтындар кездесуде. Қайғылы жағдайлардың басым көпшілігінде балалар бар. Иә, баласы үшін әрбір ата-ана уайымдайды. Сәби күнінде түн ұйқысын төрт бөлсе, есейген шағында тағы да амандығына алаңдап, ұйықтамайды. Себебі қоғамда болып жатқан түрлі төбелес, буллингтердің әсері айналып өтпейді. Қанша бала аяғымен кетіп, табытымен келгенін көріп, еңсесі де езіледі. Шырылдайтыны да сол – баланың қауіпсіздігі.
Иә, кәмелеттік жасқа толмаған балалардың арасындағы бұзақылық ең алдымен тәрбиесі мен араласатын ортасына байланысты екенін жақсы білеміз. Сол себепті ата-ананың жауапкершілігін арттыру керек. Олардың басым көпшілігі жұмысбасты болған соң баланы күнделікті қадағалауға бей жай қарауда. Ол баланың әлеуметтік желідегі қажет емес сайтқа кіріп, ойы улануы мүмкін. Ғаламторды ашып қалсаңыз, түрлі жағымсыз оқиғалар, орынсыз пікірлер, теріс әрекеттер. Бала өскен сайын қызығушылығы артады, жалт еткен жылтырға құмар келеді. Сондықтан, әрбір ата-ана өз баласын бос қоймауы керек. Түрлі үйірме мен қосымша сабақтарға қатыстырған артық етпейді.
Күндізгі кездесу
Елімізде кәмелетке толмаған жасөспірімнің атаанасының бақылауынсыз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде жүруінің өзі әкімшілік құқықбұзушылыққа жатады, ол үшін тіпті әкімшілік жаза да бар. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта жүруін қадағалау үшін ауданымызда тұрақты рейд жұмысы жүргізілуде. Бұл жұмыстар нәтижесіз емес. Өйткені енді оқушылар түнгі жүрісті азайтып, күндізгі кездесуге көшкен.
Жиын басында көрсетілген бейнероликтің бірінде (ауданда болған) мектеп оқушыларының химиялық еліктіргіш затты қолданып, бір оқушыны таспаға түсіріп алған. Бұл күндізгі уақытта болған. Одан бөлек, кент орталығындағы дүкен алдында бір оқушыны соққыға жыққан бейне де көрсетілген. Осы оқиға да күндізгі уақытта орын алған. Бұзақы балалар үшін уақыт та, орын да қызық емес секілді. Ешкімнен тайсалып тұрған жоқ.
Бала болашағын бағдарлаған жиыннан әркім өзіне қажетті ақпаратты алды деп ойлаймыз. Екі сағатқа созылған бұл отырыс әлі де аз секілді көрінді бізге.
Түйін Бірінші оқу тоқсаны аяқталуға жақын. Қолы босаған бала үйде қалады немесе далада көп жүреді. Ата-ана жұмыста. Келеңсіз жайттар бала жалғыз немесе қараусыз қалған жағдайда болып жатады. Иә, балаға бірінші кезекте ата-ана жауапты. Бірақ «қызым үйде, қылығы түзде» дегендей, оған әсер етіп жатқан сыртқы факторды кейде байқамай жатамыз. Балалардың немен айналысып жүргеніне бақылау қойып отыру маңызды. Сондайақ бей берекет көшеде жүрмеуіне көңіл аударайық. Себебі жаман әдеттің алдын алу үшін қоғам болып қарекет етуіміз қажет.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
24 қазан 2024 ж. 118 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031