» » Шаңырақ шаттығы – баланың тәтті үні

Шаңырақ шаттығы – баланың тәтті үні

Дана халқымыз ежелден-ақ баланың орнын ерекше бағалаған. Себебі бала – әрбір жанның жүрек түкпірінде, көңіл қалтарысында жүретін өмірлік қағида кілті. Адам өмірінің мәні мен сәні де – бала. Бала – отбасының мызғымас тірегі, ертеңге деген сенімінің кепілі. Отбасы құрған жас жұбайлардың асыға күтетіні, өмірлік мақсаты да – осы бала.
Әрбір жас саналы ұрпақ тәрбиелесем деген асыл оймен күн кешеді. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» демекші, балалар асыға күтетін күннің бірі – 1 маусым. Яғни, Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл – жадыраған жаздың алғашқы күніндегі ең көркем, ең мейірімді мейрам. Өйткені бұл күн сыңғырлаған сәби күлкісі мен балдырғандардың былдыры арқылы ерекшеленеді.
Бұл мереке 1949 жылы Париж қаласында өткен Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында бекітілген. Оған себеп, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жетім балалардың санының артуы, тастанды балалардың көбеюі. Осындай қорғансыз балалардың күйі қоғамды қатты алаңдатып, ол халықаралық дәрежеде қолға алынған. Алғашында бұл күнді түсік жасатуға қарсы күн ретінде белгілеп, әлі дүние есігін ашпаған сәбидің өмірін сақтап қалу үшін Чехия, Латвия, Белоруссия елдерінде арнайы акциялар, автошерулер мен пикеттер ұйымдастырылған. Кейіннен ауқымы кеңейіп, көпбалалы аналардың жайы, диагнозы ауыр сәбилер, баланың қоғамдағы орны мен құқы туралы мәселелер көтеріліп, мерекенің бағыты өзгерген. Қалай десек те, бұл күн – қоғамдағы баланың орнын айқындайтын ерекше күн.
Бала – өмірдің жалғасы. Балаға өнер үйретіп, кәсіпке баулу, тиянақты білім беру, абзал азамат етіп тәрбиелеу – адамзаттың басты міндеті. Отбасының жемісі, берер гүлі, алтын тіреуі – бала. Осы ойды халқымыз «Бесіксіз үйде береке жоқ» деп түйіндеген. Баланы өмірдің жалғасы, мәні мен сәні деп бағалаған халқымыз ежелден шаңырағында баланың көп болуын қалаған. Ата-бабаларымыздың «Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар, көп баласы бардың үйінде жанған шамы бар», «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар», «Бала – адамның бауыр еті» сияқты пайымдауларында терең мағына болса, «Ата өліп, бала қалса, мұратына жеткені, бала өліп, ата қалса, арманда кеткені», «Артында қызы бардың көзі бар, ұлы бардың өзі бар» деген секілді тұжырымдауларда сан ғасырлық тірліктің тұнбасы берілген ғой.
«Бала – бауыр етің» деп бекер айтылмаған. Дүние есігін мен келдім деп, тірлік иесі екенін аңғартып, ертеңгі еліміздің болашағы екенін білдіртіп айқайлап ашатын, кішкене ғана қызылшақаны әр ана жүрегі елжірей, мейірлене қарсы алатыны баршаға аян. Сәбидің тәтті үнін дүниеде ешнәрсе алмастыра алмайды. Талай жанның өмірін өзгертіп, ата-ана болу бақытын сездіретін жұдырықтай шақалақтың құдыреті шексіз. Жұмыстан шаршап келгенде сәбилеріңнің құшақ жая жүгіргені, сәл нәрсеге өкпелеп, сәл нәрсеге шаттанатын тәтті қылықтары шаршағаныңды ұмыттырып, шаңырағыңды шаттыққа толтыратыны тағы бар. Баланың үйге кіргенде көзімен іздейтіні де, алдымен сұрайтыны да – ол ата-анасы. Ең жақын қамқор адамдары жанында болса сәбидің жарқын күлкісі, алаңсыз бейқам шаттығы әлемді нұрға бөлеп тұрады. Ұрпақты ұлттың жалғасы деп қараған қазақ халқы өзге жұрттан ұрпақ тәрбиесіне деген ынта ықыласы мен ниеті арқылы озық тұр. Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев «Жас бала – жас шыбық. Жас күнінде қалай иіп тастасаң, солай өседі» дейді. Иә, атам қазақ сәбиін бесік жырымен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен елітіп, жыр-дастанмен құлақ құрышын қандырған. Ел қорғаған батырды, сал-сері мен ақынды өнеге еткен. Міне, осындай мейірім мен даналықты бойына сіңірген қазақтың қай ұрпағы болсын ұлттық намысты жоғары қоятын, көргенді, көпшіл болып өскен. Бұл мәселе, яғни ұрпақ тәрбиесі қай кезде де күн тәртібінен түспеуі тиіс. Себебі ұлт келешегі сапалы, саналы тәрбиеде жатыр.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұғымға ден қоятын халықпыз ғой. Құрсақта жатқаннан тәрбие беруді қолға алып, баланы болашағына балаған ұлттың ұрпағымыз. Сондықтан да балаға мерекесінде, яғни бір күн ғана назар аударған жеткіліксіз. Оның болашағының жарқын болуы үшін өмір бойы ізденген абзал. Себебі балалар – біздің өміріміздің шамшырағы. Дүрбелеңге толы дүниеде болып жатқан көптеген келеңсіз оқиғалардың бел ортасында жазықсыз, бейкүнә сәбилер жапа шегіп жатады. Ал біз әрбір бала бақытты балалық шақты сезініп өссе екен дейміз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
01 маусым 2024 ж. 196 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 557

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 627

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031