» » Омыртқа жасау сәнге айналды

Омыртқа жасау сәнге айналды

Фото
Қазір ұлттық код деп өзіміздің қанға сіңген құндылықтарды қолға алып жатырмыз ғой. Ағайын арасында, достар арасында да «омыртқаға барамыз» дегенді жиі еститін болдық. Тіпті бас қосуға тамаша себеп, әдемі үрдіске айналып келеді. Осы орайда бізді бұл жиындардың неге омыртқа деп аталғаны қызықтыра бастады.
Жалпы қазақ халқының даналығы оның ырым-тыйымдарынан анық көрінеді. Ұлттық код деп жүргеніміз де ықылымнан бүгінге жеткен салтсана екені әмбеге аян. Бағзы заманнан тыныс-тіршілігін төрт түлік малмен байланыстырған халқымыз сойылған малдың сүйектерін шашау шығармай, тіршілікке мән беретін тағылымға айналдырған. Омыртқа туралы ізденгенімізде бүгінгі орта буын біле қоймайтын біраз мәліметке қанық болдық.
Мәселен, ертеректе әр үйдің алдында тамақ пісіретін ошақ болған. Қазанға ет асылады, тамақ пісіріледі, табамен нан көміледі. Бүгінгі ұрпаққа осының бәрі таңсық, тіптен, орта жастағы адамдар да мұның бәрін біле бермейді. Сол ошақтың маңына ауыз омыртқаны пышақ пен тіс тигізбей тазалап, іліп қоятын болған. Ондағысы «Ауыз омыртқаны ошақ басына, қазан жанына ілсең, үйден құт-береке арылмайды» деп сенген. Одан бөлек, «Отыз омыртқа, қырық қабырға, бәрін ұстап тұрған – ауыз омыртқа» деген жұмбақты үлкен буын жақсы біледі. Оның шешуі – шаңырақ. Шындығында, бүкіл мойын омыртқаны, қабырғаны біріктіріп тұратын ауыз омыртқа болса, киіз үйді ұстап тұрған – шаңырақ емес пе? Осы тұрғыдан келгенде ауыз омыртқаның қасиетін аталарымыз, әжелеріміз жақсы білген. Сондықтан да жоғарыдағы ауыз әдебиеті үлгісінде ауыз омыртқаны шаңырақпен шендестірген.
Тіпті қазақ фольклорында да ауыз омыртқа туралы айтылады. Бір ертегіде үйін қарақшылар қорыған үлкен қария ауыз омыртқаны төрге іліп, кәрі жілікті екі босағасына байлап қояды. Сол кезде қырық қарақшыға ауыз омыртқа үйде, қақ төрде дастарханды айнала қоршаған адамдар болып, ал кәрі жілік босағаны күзеткен күзетші болып көрінген екен деседі. Әрине, мұның бәрі халық қиялынан туған, дегенмен де оның астарында үлкен мән бар екені даусыз.
Бас сүйекті қаңқаға жалғастырып тұратын ауыз омыртқаның рөлі ерекше екені рас. Ауыз омыртқамен тығыз байланысып тұрған мойын омыртқаның қаңқаны ұстаудағы қызметі одан қалыспайды. Бір сөзбен айтқанда, дене сүйектерінің әрқайсысының өз орны бар, оны басқа ешнәрсе ауыстыра алмайды. Қазақ мойын омыртқаға да үлкен мән берген. Мәселен, жаңа туған шарананың мойны бекісін деп қалжаға сойылған қойдың мойын омыртқасын бұзбай, сол күйінде іліп, қатырып қойған. Бұл ырымның астарында сәбидің дені сау болып, мойны тез бекиді деген ұғым бар. Кезіндегі «Алпамыс батыр», «Ертөстіктер» дәл осы ырыммен өскен балалар емес пе? Өз ұл-қыздарымыз әдет-ғұрпын ұмытпайтын, адал сүт емген балалар болуы үшін де осынау ырым-тыйымдарды сақтауға тиіспіз. Ұлттық код дегеніміз де – осы.
Ал қазіргі омыртқалар ағайын-туыстың жақын араласуына сеп болуда. Әйтпесе күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен көршіні танымай, жақын-жуықпен араласуымыз селдіреп барады. Денеміздегі барлық омыртқаның қызметі қандай болса, қазіргі омыртқалар да ағайынның араласуына сондай сеп болып отыр деуге болады.
18 қазан 2024 ж. 237 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 015

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031