» » ҚАУІП ҚАЙДАН ДЕМЕҢІЗ?

ҚАУІП ҚАЙДАН ДЕМЕҢІЗ?

Сіз, ұлттық спортты ұнатасыз ба? Балаңыз, не бауырыңыз ұлттық спортты ұлықтап жүр ме? Отбасында айтулы спортқа деген көзқарас қандай? Ләңгінің адам денсаулығы мен өміріне қаншалықты пайдалы екенін сіз білесіз бе?
Ләңгі тебу де – бір өнер. Ол баланы ептілікке, икемділікке, тепе-теңдікті ұс­тап тұруға баулиды. Сондай-ақ, атау­лы ойын жеңіске, мақсатқа деген құштарлықты оятады. Бүгінде ақсақалдарымыз өс­келең ұрпақтың ләңгі туралы ойын өзгерту керектігін жиі айтып жүр. Себебі, қазіргінің баласы таңнан кешке дейін компьютердің алдында телміреді. Мұның денсаулыққа қаншалықты зиянды екенін олар бек түсінбесе керек. Ұзақ уақыт бір орындықта отыра беру де опа әпермеген. Өйткені, қан айналым жүйесі әлсіреп, ұйқы бұзылатынынан да олар бейхабар. Жалпы, адам физеономиясы үздіксіз қозғалысты, қимылды қажет етеді. Ләңгі – осы факторға жауап беретін бірден-бір ұлттық ойынның түрі. Оны тепкенде бала денесі шымырланып, түгел қозғалысқа түседі. Омыртқа сүйегін қатайтып, денені тік ұстауға септігін тигізеді. Ләңгі – еріккеннің ермегі емес. Нағыз қаны қазақ деп бүлкілдеген ұлтжанды адамның тірлігі. Ауданда да жыл сайын Наурызда ұлттық спорт түрінен жарыс ұйымдастырылады. Оның ішінде – ләңгі де бар. Биыл ләңгінің бас жүлдесін мектеп оқушысы Ринат Сәрсенбек жеңіп алды.
– Ләңгі – спорт. Оны аса қолдаймын. Дененің қимыл-қозғалысына күшті. Қызығушылығым жоғары. Әсіресе, науқан – ерте көктемнен басталып, күздің суығына дейін жалғасады. Кейде қыста да ойнаймыз. Ләңгінің дәуірі енді келуде. «Рухани жаңғыру» – ұлттық спортты жаңғырту, оған жан бітіру. Десем де, сабаққа кедергі келтіруге болмайды, – дейді ұлттық өнердің жанашыры.
Негізі, ләңгі өзі қандай болады? Ол неден жасалады.?
Аталған ойын – Орта Азия мем­лекеттерінде пайда болған деген тұ­жырым бар. Ғалымдардың пікірі төрт түлік малмен тіршілігі түйіскен көш­пенділердің байырғы ойыны дегенге саяды. Ол ешкінің жүнінен жасалады. Жүнді шағын етіп қиып алып, оған қорғасын құйма бекітіледі. Шыны керек, күнге күйіп, арыққа суға түсіп, «қаратырна» болып жүретін ауыл баласының ден­саулығы мен компьютер, сондай-ақ қал­тафоны қолынан түспейтін қала баласының денсаулығын салыстыруға келмейтінін екінің бірі біледі. Ауыл баласының табиғатпен етенелігімен қа­тар, ұлттық ойындарға жақындығы – ертеңгі күнгі болашағына да көп көмек. Дала философиясына бұған дейін жеткен жетістік жоқ.
Айтулы спорт неге құлдырады? Бала денсаулығы неге әлсіреді? Бұған басты себеп – асық ойнағанды аздырып, доп ойнағанды тоздырып қойған кеңестік дәуірдің келмеске кеткен идеологиясы еді. Ұлттық құндылыққа қол салған «Дәу» мұның қоғам үшін қаншалықты пайдалы екенінен білсе де, білмегендей болды. Аталарымыз: «Сабырлы бол. Әр нәрсенің күні туады» деген. Бүгінгі қиындықтың – ертең бір жақсылығы болады деп те ұрпағын тәрбиелеген. Бәлки, келешекте ауыл ауылда, мектепте ләңгі ойынынан тұрақты түрде сайыстар болып, ұлттық спортқа деген шынайы бетбұрыс жасармыз. Себебі, ләңгі аса бір шығынды қажет етпейді. Үлкендер жағы тіпті, ләңгі ойынын мектеп бағдарламасына енгізсе де артық болмайды дегенді жиі айтады.
– Қазір аудандық оқушылар үйінде «шахмат» және ұлттық спорт түрі – «тоғызқұмалақтан» екі үйірме жұмыс істейді. Бізге ата-аналардан ұсыныс түсіп отырады. Соның арасында балаларын орыс тіліне оқытса деген ойлары бар. Әйтсе де, бар дүние қаржыға тірелетіндіктен оған әзірге мүмкіндік болмауда. Әрине, заманауи қоғамда ұлттық спортты жандандыруымыз керек. Ұлттың ұлт болмағы да осы құндылықпен байланысты. Бұрын бокс, күрес үйірмесі болған. Спорт мамандары келіп сабақ беретін еді. Бала дайындайтын арнайы спорт залдың болмауына орай жабылды. Тек бір ләңгі демесек те, ұлттық спорт түрін біріктіріп бір үйірме неге ашпасқа? Қаражаты шешілсе, оған сұраныс та жоқ емес. Бүгінде балалар компьютерлік құмар ойындарға кіріп кеткен. Айналамен, табиғатпен, ұлттық спортпен байланысы жоқтың қасы. Одан қандай ұрпақ өседі?, – дегенді айтады оқушылар үйі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Құралай Манасова.
Түйін:
Бүгінгі аға ұрпақ – кешегі ләңгі тепкен өкіл. Қазақылықтың жібі еседі. Имандылықтың нышаны сезіледі. Біреуге жәрдемдескенді, қол ұшын созғанды қалайды. Бүгінгі бала ұрпақ – ертең шала ұрпақ болып қалмай ма? Кітап оқымаса, асық атпаса, көлден бақа жыймаса. Білетіні – компьютер мен ұялы телефон болса. Қазірден бастап құмар ойын ойнаса, келешек кімнің жауырын жаба тоқымақ. Ертең қауіп қайдан дегенше, қазір ойланайық.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
12 сәуір 2019 ж. 1 993 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031