Қазақ дубляжы қай деңгейде?
Дубляж – сан саланы бір арнаға тоғыстырған кірпияз өнер. Оған аударманың сапасы мен тіл тазалығы, актердың шеберлігі ғана жатпайды, оны идеология деуге де болады. Кеңес кезінде қазақ дубляжы үлкен мектеп болып қалыптасты. Осы өнердің дамуына театр және кино майталмандары өзіндік үлесін қосты.
Елімізде қазақ тілінде фильм дубляждаудың екінші тынысы ашылғанына он жылдан асып барады. Осы жылдар ішінде отандық студиялар шетелдік алпауыттармен серіктесе жұмыс істеді. Қазақстандағы ең алғашқы дубляж 1960-1970 жылдары жасалған. Фильмдерді Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы дыбыстаған. Мәселен, «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Бандыны қуған Хамит» секілді туындылар қазақ тілінде дубляждалды. Дегенмен Кеңес Одағы ыдыраған соң дубляж ісі біршама уақытқа тоқтап қалды. 2011 жылдан бастап фильмдерді дыбыстап, соның ішінде импорт туындыны дубляждау жандана бастады. Ал телеарнадағы сериал дубляжы өз алдына дамыған. Тіпті соңғы жылдары қазақ тілінде телехикаялар саны артып келеді.
Киноны қазақ тіліне дубляждау тек киноматографияны ғана емес, аударма сондай-ақ қазақ тілінің аясын кеңейтуге ықпал етеді. Иә, сан мыңдаған киноны қазақшаға аударып отыру мүмкін емес, әрине. Сол үшін де өзіміз отандық өнімдердің санын көбейтуге тиіспіз.
Расында біз неге фантастикалық жанрда фильм түсіруге қауқарсызбыз? Мифтік оқиғаларға негізделген шығармалар жетерлік. Бізде түрлі фильмдер шығып келеді. Әйтсе де фантастикалық жанр тіптен аз. Сапа жағы да мардымсыз. Сондықтан да болар жас буын шетелдік анимацияға негізделген фильмдерді жақсы көреді. Айталық, Өрмекші адам, Бэтмен, Халық секілді кейіпкерлерді жатқа біледі. Тіпті үстіне киетін киімге дейін сол кейіпкердің суретін іздеп тірі әлекке салады. Балабақшаға баратын балғын бөбек сөмкесінде Өрмекші адам суреті болғанын қалап, қиғылық салатынын көз көріп, құлақ естіп жүр. Қазақы батырлардың фанаты болып жүргенін тіптен көрмейсіз. Неге? Себебі, бізде әлі бұл сала ақсап тұр.
Рас, балалар еліктеп, сүйсіне көретін отандық мультфильм аз. Дегенмен мультфильмдерді дубляждау сапасы басқаларға қарағанда жоғары. Сондықтан оны балалар қызығып көреді. Бірақ ол туындылардың дені біздің табиғатымызға жат, таным-түсінігі, тәлім-тәрбиесі басқа секілді. Қысқасы, қазақы болмыстан ада. Әрине, мультфильм бала жадын дамытуда ерекше рөл атқарады. Қазіргі қоғамда отбасы тәрбиесінде бала жадын дамыту былай тұрсын, бала тәрбиесімен айналысатын ата-аналар қарасының аздығы ішті қынжылтады.
Қазақ анимация тарихына жарты ғасырдан асып жатыр. Осы уақыт аралығында жасалған жұмыстар аз. Балаларға отандық аниматорлардың туындыларын көрсетіп, кейін шетелдік мультфильмдерге тоқтау салуға болатын ба еді. Кім білсін?! Десе де, біздегі анимациялық фильмдерді бір айда бірнеше рет қайталап көріп шығуға болады. Жалпы бұл бізде кенже дамып келе жатқан өнер. Расымен, қазақ анимациясы дегенде сол баяғы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі ойға сап ете қалады. 1967 жылы көрермен көзайымына айналған мультипликация өнерінің тұсаукесері «Ақсақ құлан», «Құйыршық» секілді мультфильмдері қазақ анимациясын жарты әлемге танытты. Біздің бала күнімізде «Қаңбақ шал», «Қадырдың бақыты» дегендерді жата, жастана көрдік қой. Бұл шығармаларды бүгін бір қарап шықсаңыз, технологияның дамымаған уақытында жасалғаны байқалады. Алайда мәтіндік, мазмұндық жағынан олар биік болып тұр. Осыны әрбір қазақ отбасындағы бала көріп өсті десек, қателеспейтін шығармыз.
Иә, заман өзінікін жасап жатыр. Аттан түсіп, темір тұлпарға отырдық. Жаңа ғасырдың басында бұрайтын телефонға зәру едік, ал қазір әлемнің тетігін төс қалтамызға салып алып жүрміз. Заман ағымына ілесуге талпынып келеміз. Осы тұста технологияның құдіретін пайдаланып жаңа тың дүниені неге жасап, оның сапасын неге арттырмасқа?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ
Пікір 1