Қазақша дубляж қаралымын қалай көтереміз?
qarmaqshy-tany.kz Жуырда ғана жұрт асыға күткен фантастикалық «Аватар – 2» фильмі жарыққа шықты. Оның қазақша нұсқасы жайлы ғаламтор мен әлеуметтік желіде жарыса жазып жатыр. Бірі – көрсетілетін кинотеатрлардың саны аз десе, енді бірі – уақыт қолайсыздығын алға тартады. Халық арасында қазақша фильмге көрермен бармайды деген жансақ пікір қалыптасқан. Әйтсе де қазақша нұсқаға сұраныс бар. Қазақ көрермені осы премьераны пайдаланып, дубляж нарығына ықпал ете алады.
Министрлік осы фильмнің қазақша дубляжына бюджеттен қыруар қаржы бөлді. Енді мәселе мынада. Қазақша дубляжға көп жағдайда адам аз барады-мыс. Кинотеатр жекеменшік болған соң, сеанстардың уақытын сұранысқа қарай қояды. Әуелде кинотеатрлар «адам жоқ» деген желеумен уақыт талғап жатпай, сеанс санын азайтып қойды. Көрермендер осыған байланысты наразылықтарын білдіріп, түрлі ұсынысын да қойып үлгерді. Көбіне-көп уақыт қолайсыздығы мен сеанстың аздығын айтып шағымданып еді. Осылайша кинотеатр да көрерменге қарай ыңғайластырылады. Иә, екінші тарап та мұны бей-жай қалдырмады. Кинопрокатта алғашқы апта аса маңызды. Соның нәтижесіне қарап, келесі аптаның кестесін жасайды. Сол себепті қазақ тілді көрермендер осы фильмнің қазақша сеанстарына көптеп барса дейміз.
Бүгінде сұраныс қанағат- тандырылып, күн өткен сайын кинотеатрлар сеанс санын көбейтіп, ыңғайлы уақытқа ауыстыруда. Көрермендердің дені қазақша нұсқаға келген залдың толы екенін айтып, шын қуанып жатыр.
Қазақ дубляжының дамуы қай деңгейде? Дубляж – сан саланы бір арнаға тоғыстырған кірпияз өнер. Оған аударманың сапасы мен тіл тазалығы, актердың шеберлігі ғана жатпайды, оны идеология деуге де болады. Кеңес кезінде қазақ дубляжы үлкен мектеп болып қалыптасты. Осы өнердің дамуына театр және кино майталмандары өзіндік үлесін қосты.
Елімізде қазақ тілінде фильм дубляждаудың екінші тынысы ашылғанына он бір жылға жуық уақыт болды. Осы жылдар ішінде отандық студиялар шетелдік алпауыттармен серіктесе жұмыс істеді. Қазақстандағы ең алғашқы дубляж 1960-1970 жылдары жасалған. Фильмдерді Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы дыбыстаған. Мәселен, «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Бандыны қуған Хамит» секілді туындылар қазақ тілінде дубляждалды. Дегенмен Кеңес Одағы ыдыраған соң дубляж ісі біршама уақытқа тоқтап қалды. 2011 жылдан бастап фильмдерді дыбыстап, соның ішінде импорт туындыны дубляждау жандана бастады. Ал телеарнадағы сериал дубляжы өз алдына дамыған. Тіпті соңғы жылдары қазақ тілінде телехикаялар саны артып келеді.
Отандық өнім қашан көбейеді? Киноны қазақ тіліне дубляждау тек киноматографияны ғана емес, аударма сондай-ақ қазақ тілінің аясын кеңейтуге ықпал етеді. Иә, сан мыңдаған киноны қазақшаға аударып отыру мүмкін емес, әрине. Сол үшін де өзіміз отандық өнімдердің санын көбейтуге тиіспіз.
Жоғарыда бір ғана фантастикалық фильмнің қазақша нұсқасы біраз сұраныстың шетін шығарғанына көз жеткіздік. Осыған дейін бірнеше шетелдік фильмдерге дубляж жасалып, көрерменге жол тартқан болатын. Қош, бұл жақсы делік. Әйтсе де біз неге фантастикалық жанрда фильм түсіруге қауқарсызбыз? Мифтік оқиғаларға негізделген шығармалар жетерлік. Бізде түрлі фильмдер шығып келеді. Десе де фантастикалық жанр тіптен аз. Сапа жағы да мардымсыз. Сондықтан да болар жас буын шетелдік анимацияға негізделген фильмдерді жақсы көреді. Айталық, Өрмекші адам, Бэтмен, Халық секілді кейіпкерлерді жатқа біледі. Тіпті үстіне киетін киімге дейін сол кейіпкерді суретін іздеп тірі әлекке салады. Балабақша баратын балғын бөбек сөмкесінде Өрмекші адам суреті болғанын қалап, қиғылық салатынын көз көріп, құлақ естіп жүр. Қазақы батырлардың фанаты болып жүргенін тіптен көрмейсіз. Неге? Себебі, бізде әлі бұл сала ақсап тұр.
Рас, балалар еліктеп, сүйсіне көретін отандық мультфильм аз. Дегенмен мультфильмдерді дубляждау сапасы басқаларға қарағанда жоғары. Сондықтан оны балалар қызығып көреді. Бірақ ол туындылардың дені біздің табиғатымызға жат, таным-түсінігі, тәлім-тәрбиесі басқа секілді. Қысқасы, қазақы болмыстан ада. Әрине, мультфильм бала жадын дамытуда ерекше рөл атқарады. Дегенмен қазіргі қоғамда отбасы тәрбиесінде бала жадын дамыту былай тұрсын, оның тәрбиесімен айналысатын ата-аналар қарасының аздығы ішті қынжылтады.
Қазақ анимация тарихына жарты ғасырдан асып жатыр. Осы уақыт аралығында жасалған жұмыстар аз. Балаларға отандық аниматорлардың туындыларын көрсетіп, кейін шетелдік мультфильмдерге тоқтау салуға болатын ба еді? Кім білсін?! Десе де, біздегі анимациялық фильмдерді бір айда бірнеше рет қайталап көріп шығуға болады. Жалпы бұл бізде кенже дамып келе жатқан өнер. Расымен, қазақ анимациясы дегенде сол баяғы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі ойға сап ете қалады. 1967 жылы көрермен көзайымына айналған мультипликация өнерінің тұсаукесері «Ақсақ құлан», «Құйыршық» секілді мультфильмдері қазақ анимациясын жарты әлемге танытты. Біздің бала күнімізде «Қаңбақ шал», «Қадырдың бақыты» дегендерді жата, жастана көрдік қой. Бұл шығармаларды бүгін бір қарап шықсаңыз, технологияның дамымаған уақытында жасалғаны байқалады. Алайда мәтіндік, мазмұндық жағынан олар биік болып тұр. Осыны әрбір қазақ отбасындағы бала көріп өсті десек, қателеспейтін шығармыз.
Иә, заман өзінікін жасап жатыр. Аттан түсіп, темір тұлпарға отырдық. Жаңа ғасырдың басында бұрайтын телефонға зәру едік, ал қазір әлемнің тетігін төс қалтамызға салып алып жүрміз. Заман ағысымын ілесуге талпынып келеміз. Осы тұста технологияның құдіретін пайдаланып жаңа, тың дүниені жасап, оның сапасын неге арттырмасқа?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ