» » Жол бойындағы жауапсыздық

Жол бойындағы жауапсыздық

Соңғы кезде елімізде жол апатының орын алғаны туралы ақпаратты жиі еститін болдық. Әсіресе жаз басталғалы қара жол бойындағы қасіретті жағдайлар азаймай тұр.Жантүршігерлік жол апаттарының басты себебі жылдамдықты арттыру мен жауапсыздық екен. Бұған жолдың сапасыздығын қосыңыз. Екі күннің бірінде күре жол үстіндегі қайғылы оқиғадан талай жанның тағдыры үзіліп, талайы ауыр жарақатынан айығып кете алмай, өмір бойына мүгедек болып қалып жатыр емес пе?! Тас жолдағы трагедиялар неге көбе­йіп барады? Жол апатының жиілеп ке­туіне не себеп? Жүргізушілердің жа­уап­сыздығы мен жүгенсіздігі ме, әлде жол­дардың сапасыздығы ма? Қарапайым қауіпсіздік шаралары неге қауқарсыз? Кө­лік апатын қайтсек азайтамыз? Саралап көрсек.

Көлік апаты статистикасы үстіңізге суық су құйып жібергендей. Биыл алғашқы 5 айда елімізде 8 мыңнан аса жол апаты тіркеліп, 800-ге жуық адам опат болған. Бұл былтырмен салыстырғанда 86%-ға жоғары, дейді Ішкі істер министрлігінің өкілдері. Рас, құқықтық статистика комитетінің былтырғы дерегіне сай, 2023 жылғы қаңтар-қараша аралығында 13 200 жол-көлік апаты тіркелген.
Елімізде жол апатынан жыл сайын екі мыңға жуық адам қаза табады. Қазақстан осы алаңдатарлық статистика бойынша Орталық Азия елдері арасында бірінші орында.

Жүргізушілердің көлік жүргізу мәдениетінің төмендігі жол қауіпсіздігінің айқындаушы факторы болып отыр. Елімізде әрбір бесінші жол-көлік апаты жылдамдықты арттыру салдарынан болады. Әсіресе елді мекендерде, қала ішінде, ауыл көшелерінде жылдамдықты арттыру өте қауіпті екенін жүргізушілер ескере бермейді. Заң талаптары қатаңдатылып, айыппұл көлемі артса да, желік қуған көлік иелерінің жауапсыздығына бұл шектеулер тыйым болмай тұр.

Freedom Finance Insurance сақтандыру компаниясы елдегі жол-көлік оқиғаларына ең көп түрткі болған 5 себептің рейтингісін жасап шығарған. Оның негізгі параметрлеріне – жүргізушінің мас күйде көлікке отыруы, ауа райының қолайсыздығы, жолдың сапасы, автокөліктің жағдайы енсе, ең басты фактор ретінде жылдамдықты асыру көрсетілген. Сондықтан жол тәртібіне жауаптылар жүргізушілерден қандай жағдай болсын жол ережесін қатаң сақтауды талап етеді.

Қара жол қайғы әкелмесін
Жол бойындағы оқыс оқиғалар азаяр емес. Оған бірнеше себеп бар. Бірақ ең негізгі себептің бірі – жүргізуші куәлігін сатып алу, жол жүру ережесіне деген салғырттық. Ал соңы жарыса жүрген жылдамдық болып отыр. Бұған кейбір жолдардың сапасыздығы мен жаяу жүргіншілердің қолдан жасайтын қателігін қоссақ та болады. Заңда белгіленген жылдамдықты місе тұтпай, жоғары жылдамдықпен жүруді әдетке айналдырғандардың кесірінен елімізде, оның ішінде өңірімізде жол-көлік апаты жиі орын алуда. Статистикаға сүйенер болсақ, республикада жыл сайын 10-15 мың жол-көлік оқиғасы тіркелсе, оның ішінде 2 мыңға жуық адам қаза табады екен.

«Жол – қателікті кешірмейді» деген бар. Жол бойында зулаған көліктер, бірін-бірі басып озуға бейім жүргізушілер де көп. Бәрі асығыс, бәрі жылдам. Көліктің жылдамдығы артқан сайын қауіптің де арта түсетіні белгілі емес пе?!

Көлік апатына түскендер қатарында жастардың үлесі басым дейді тәртіп сақшылары. Жастық жалынмен жылдамдықты асыруды мақтан көреді. Жол ережесін білмейтіндердің көлік тізгіндеуі тағы бар. Сонымен қатар, жолда келе жатып, бір қолында ұялы телефон, екінші қолда шылым, тізгінді ұмытып кететіндер де сол жастар. Айтылуын айтылады, сонда да тәртіп сақтау, ережені бұзбауды ұмыт қалдырамыз.

Көлік жүргізушісі қырағы болуы керек
«Асыққан – шайтанның ісі» деген сөз бар. Жаны бар сөз. Қарапайым ғана қағида. Жол ережесін сақтау – әрбір адамның өз өміріне деген жауапкершілігі әрі бірден-бір кепілдігі. Жолды жөн­деуге болады, жол қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ететін заңнаманы жетілдіру де уақыттың еншісіндегі іс. Алайда «темір тұлпар» тізгіндегендердің тәртібі тү­зелмей, жыл­дам­дықпен ойнаған жүр­гізушілердің желігі басылмай, әр жүргінші өз жауап­кер­шілігін жете түсінбей жағ­дай­дың оңға басуы қиын. Мәселе – заңның қатайтылуында емес, қо­ғамдық сананың һәм жүргізуші мен жүргінші мәдениетінің әлі де тө­мендігінде.

Тас жолдағы трагедия
Тас жолдағы трагедия талайдың тағдырын талқандады. Талайдың көз жасын көлдетті. Талайды арбаға таңып қойды. «Апат айтып келмейді». Мамандар жолдағы қайғылы жағдайлардың басты себебін жүргізушілердің жүгенсіздігімен байланыстырады. Бәрі баратын жеріне тез жетсем дейді. Бірін-бірі басып озғысы келеді. Одан кейінгіні ойланып та жатпайды. Жердің шаңын төбесіне көтерген «Шума­херлер» бәрі болып, бояуы сіңгесін ғана тәубесіне келеді. Бірақ бұл кімге керек?! Кейбір маршруттың жолаушыларына дейін иманын үйіріп оты­рады. Алдыңғысын қуып жетуге, артында келе жатқанды шаң қаптыруға асығатын жүргізушілерге тұсау салынбай тұр.

«Қауіпті» күн
Мамандар елдегі ең «төтенше» күн ретінде дүйсенбіні атады. Статистикаға сүйенсек, аптаның бірінші күні жол апаты жиі болады. Сонымен қоса, «қауіпті күндер» ретінде сейсенбі мен сенбі күндері де қоса аталды. Ал жолдағы жазатайым оқиғалардың 68 пайызы күндіз орын алса, 19 пайызы кешқұрым, ал 12 пайызы түнде тіркелгені белгілі болды.

Сондай-ақ жаз маусымы келгелі бері де жол-көлік оқиғасы жиілеген. Мұны той-томалақтың көбеюімен, адамдардың діттеген жеріне асығуымен байланыстыруға негіз бар.

Көлік жүргізушісі тек өзінің ғана өмірін емес, көлік ішіндегі адамның қауіпсіздігі үшін де жауапты екенін ұмытпаған абзал.
Жолдағы қауіпсіздікке автожолдың сапасы, жүргізушілердің мәдениеті, асфальттың кеңдігі бәрі-бәрі әсер етеді, әрине. «Сақтансаң сақтаймын» деген еріксіз ойға оралады екен осындайда. Бастысы автожолда асығамын деп, анау өмірге асығып кетпесеңіз болғаны...
Ақнұр САҒЫНТАЙ
16 шілде 2024 ж. 130 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 016

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031