Тас жолдағы трагедия
qarmaqshy-tany.kz Жылына көлік апатының салдарынан әлем бойынша шамамен 1 миллионнан аса адам, ал әуе апатынан 1 мың адам жан тапсырады. Қазақстандағы жағдай да мәз емес. Елімізде жол-көлік оқиғасынан жылына 2 мыңнан астам адам опат болады. Былай қарасаңыз, шағын ауылдың тұтастай халқының санымен пара-пар. Мұны жол ережесін өрескел бұзатын көлік жүргізушісінің жүгенсіздігі дейміз бе, әлде жолдың сапасы сын көтермейді дейміз бе? Қалай болғанда да қара жолдағы «катастрофаның» алдын алу мүмкін болмай тұр.
Иә, күнделікті өмірде сіз бен біз «жол үстінде жан тапсырыпты» дегенді жиі естиміз. Қазаның қайсыбірі болмасын жанға батары анық. Тас жолдағы трагедияның салдарынан бір отбасы жалғыз ұлынан айрылады, енді біреуі – анасынан, әкесінен, сәбиінен көз жазып қалады. Өкінішті, әрине.
ЖЫЛДАМДЫҚ ПЕН ЖАУАПСЫЗДЫҚ
Жол бойындағы оқыс оқиғалар азаяр емес. Оған бірнеше себеп бар. Бірақ ең негізгі себептің бірі – жүргізуші куәлігін сатып алу, жол жүру ережесіне деген салғырттық. Ал соңы жарыса жүрген жылдамдық болып отыр. Бұған кейбір жолдардың сапасыздығы мен жаяу жүргіншілердің қолдан жасайтын қателігін қоссақ та болады. Заңда белгіленген жылдамдықты місе тұтпай, жоғары жылдамдықпен жүруді әдетке айналдырғандардың кесірінен елімізде, оның ішінде өңірімізде жол-көлік апаты жиі орын алуда. Статистикаға сүйенер болсақ, республикада жыл сайын 10-15 мың жол-көлік оқиғасы тіркелсе, оның ішінде 2 мыңға жуық адам қаза табады екен.
«Жол – қателікті кешірмейді» деген бар. Жол бойында зулаған көліктер, бірін-бірі басып озуға бейім жүргізушілер де көп. Бәрі асығыс, бәрі жылдам. Көліктің жылдамдығы артқан сайын қауіптің де арта түсетіні белгілі емес пе?!
Көлік апатына түскендер қатарында жастардың үлесі басым дейді тәртіп сақшылары. Жастық жалынмен жылдамдықты асыруды мақтан көреді. Жол ережесін білмейтіндердің көлік тізгіндеуі тағы бар. Сонымен қатар, жолда келе жатып, бір қолында ұялы телефон, екінші қолда шылым, тізгінді ұмытып кететіндер де сол жастар. Айтылуын айтылады, сонда да тәртіп сақтау, ережені бұзбауды ұмыт қалдырамыз.
ЖОЛ АПАТЫ АЗАЙМАЙ ТҰР
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенер болсақ, ең жиі тіркелетін жол апаты жаяу жүргіншілерді қағып кету дерегімен байланысты. Кейінгі орында көліктің аударылуы, содан соң жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, соқтығысу.
Сандарды сөйлетер болсақ, соңғы он жыл ішінде 74 мың жол көлік оқиғасы орын алса, олардың – 11193 мерт болғандар. Оның ішінде 8212 – ер адам, 2974 – әйел, 1093 – бала. Марқұм болғандардың 36%-ы жаяу жүргіншілер, 32%-ы көліктегі жолаушылар, 27%-ы көлік жүргізушілер, 5%-ы мотокөлік немесе велосипед басқарғандар.
АУДАНДАҒЫ ЖАЙ ҚАЛАЙ?
Аудан көлемінде жыл басынан барлығы ЖКО байланысты 12 жағдай тіркелген. Оның ішінде 8 адам қайтыс болып, 16 адам түрлі дене жарақатын алған. Өткен жылдың 6 айында – 8 оқиға тіркелсе, оның ішінде 4-еуі қайтыс болып, 10 адам жарақат алған.Биыл орын алған жол көлік оқиғаларының 2 дерегі Жосалы кентінде, 5-еуі «Шымкент-Самара» транзиттік тас жолында, 5 оқиға ішкі жолда орын алды.
Аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің мәлімдеуінше, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмау мақсатында 19-21 шілде аралығында қысқа мерзімді «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шара барысында барлығы 27 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, заңды шешімдер қабылданды. Оның ішінде міндетті техникалық байқаудан өтпегені үшін 3 адамға, маневр жасау ережесін бұзған 3 адамға, міндетті сақтандыру полисін алмай басқарған 3 адамға, күндізгі жарық шамын жақпағаны үшін 5 адамға, қауіпсіздік белдігін тақпаған 3 адамға, алкогольдік масаң күйде автокөлік басқарған 2 адамға, басқаруға құқығы жоқ күйде автокөлік басқарған 4 адамға, өзімен бірге құжатсыз автокөлік басқарған 3 адамға, жол талап белгілерін орындамаған 1 адамға хаттамалар рәсімделген. Сондай-ақ жүргізуші куәлігінен айырылған азамат мерзімі өтпей қайтадан автокөлікті масаң күйінде басқарғаны анықталып, ҚР ҚК-нің 346 бабының 1-бөлігімен іс қозғалып, ҰҮИ-на қамауға алынған.
Қазіргі таңда, аудан арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық маңызы бар транзиттік дәлізіндегі автомобиль жолымен көлік құралдарының қарқындылығы өсім алып, қозғалыс жылдамдығы артуда. Осы ретте, аталған автомобиль жолындағы елді мекен тұстарында арнайы мал айдау өтпелері жол белгілерімен қоса орналасуына қарамастан, көліктердің үй жануарларына соғу дерегі бойынша жыл басынан бері 11 жағдай орын алған.
Аудан көлемінде жол қауіпсіздігін сақтауда және жол көлік оқиғасының алдын алуда тоқсан сайын «Құқықтық тәртіп», «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Заңсыз жолаушы тасымалдаушы», «Рульде ұйықтау» акциясы және де әрбір оқу орындарында оқушылар арасында «Абайлаңыз, балалар!», «Жол ережесін сақтайық!» атты іс-шаралар өткізілді.
Әрбір учаскелік полиция инспекторлары мен жол патрульдік полиция тобының қызметкерлерімен өздеріне бекітілген аймақтарында орналасқан теміржол вокзалы, автовокзал, саябақ, сонымен қатар, халық көп шоғырланатын жерлерде құқық бұзушылықтың алдын алуға байланысты жадынамалар ілініп, ескертпе хаттар таратылуда.
Патрульдік полиция тобы қызметкерлері жастар ұйымдарының өкілдерімен бірлесіп, жылдамдық режимін шектеуді насихаттап кент орталығындағы темір жол өткелі, теміржол вокзалының маңы және кент орталығындағы көшелерде түсіндірме жұмысы жүргізілді. Аудан көлемінде жол көлік оқиғасының алдын алу, болдырмау, сондай-ақ жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында атқарылатын жұмыстар қатаң бақылауға алынып, кемшіліктерге жол бермеу үшін қажетті ұйымдастырушылық шаралары қабылдануда.
Халық саны көбейген сайын сәйкесінше көліктердің де саны артуда. Мәселен, осыдан 10 жыл бұрын еліміздегі көліктер саны 2,5 млн болса, бүгінде 5 млн-нан асады. Осы темір тұлпарды дұрыс тізгіндемеудің салдарынан жыл сайын қаншама адам көз жұмады. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш әзірге азаяр емес. Тіпті бірнеше жылдық тәжірибесі бар көлік жүргізушісінің өзі мүлт кетіп, ақыры қайғылы оқиғамен аяқаталып жататын жайттар жиі ұшырасады. Сондықтан да, барлық автокөлік жүргізушілерді жолда мұқият болып, жылдамдықты асырмай, жол ережелерін қатаң сақтаса дейміз.
Ересектердің барлығы көлік тізгіндеген заман. "Сақтансаң, сақтаймын" дейді. Көлік жүргізушісі тек өзінің ғана өмірін емес, көлік ішіндегі адамның қауіпсіздігі үшін де жауапты екенін ұмытпаған абзал. Темір тұлпар тізгіндегендер бірінші кезекте өмірді өзі ойламаса, астындағы көлігі оған көңіл бөлмейді ғой. Себебі оның заты жай ғана – темір! Ал адамның өмірі тек – біреу ғана.
Ақнұр САҒЫНТАЙ