Жол-көлік оқиғасы неге азаймай тұр?
Автомобиль – әлемдегі ең қауіпті көлік. Статистикалық деректерге сүйенсек, жылына көлік апатының салдарынан әлем бойынша шамамен алғанда 1 миллион 350 мың адам көз жұмса, ал әуе апатынан 1 мыңы бақилық болады. Оның ішінде қаншама шақалақ сәби, жеткіншек, қарттар барын шамалай беріңіз. Жүрек ауырады, әрине. Мұны жол ережесін өрескел бұзатын көлік жүргізушісінің жүгенсіздігі дейміз бе жоқ әлде жолдың сапасы сын көтермейді дейміз бе? Кім білсін? Десе де көлік оқиғасы азаймай тұр.
Елімізде жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқандардың басым бөлігі – жұмысқа қабілетті жастағылар. Рес¬публика бойынша ауруханаға түскендердің 1/3 бөлігі жол-көлік оқиғасынан жараланады екен. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда Норвегиямен салыстырғанда жол апаты кезінде қаза табу қатері 11 есеге жоғары. Бұл туралы Дүниежүзілік зерттеулерде де айтылады.
Айталық, IKOMEK109 қызметінің мәліметі бойынша 2019 жылдың 10 айында IKOMEK орталығына жол-көлік оқи¬ғасына, сапасыз инфра-құрылымға байланысты 19552 арыз түскен. Олар көшені жарықтандыру, бағдаршам, жол белгілері мен хабарламаларын орнату, бейнебақылау қызметі, тағы сол секілді проблемалар.
Жол көлік оқиғасының жиі орын алу себебі біріншіден, жүргізушілер тарапынан жылдамдық нормасын дұрыс сақтамау. Негізінен, жылдамдықты сақтамайтын жүргізушілердің жас шамасы 35 жасқа дейінгілер. Екіншіден, жолдардың серпімділігінің жүретін көліктер санымен сәйкес келмеуі. Осындай жағдайда машиналар бір-бірін басып озамын деп, қарсы жолаққа шығып кетеді. Сондай-ақ жол белгіле¬рінің дұрыс қойылмауы, жолдарда ұсақ және ірі қара малдардың шығып қалуы, жаяу жүргіншілердің тиісті жолақтармен өтпеу мәселесі де жол-көлік оқиғасына әкеліп соғады.
Дамыған елдерде қалай?
Мынаны қараңыз, жол сапасы жөнінен әлемде алдыңғы орында тұрған Ұлыбритания жолда мерт болғандардың саны жөнінен ең төменгі көрсеткішке ие. 100 мың тұрғынға шаққанда 5,4 деңгейде. Жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғасы 40 жылда 78 проценке азайған. Бұл елде көлік тізгінінде отырып шылым шегуге, тамақ ішуге болмайды. Солтүстік Уэльсте автокөлік жүргізіп бара жатып, макарон жегені үшін голландия¬лық жүргізуші сегіз аптаға қамалды. Жүргізушінің көлік ішінде тамақ жеп отырғанын полицей тікұшағы байқап қалған.
АҚШ-та да жол-көлік оқи¬ғалары азаюда. Себебі барлық штатта ұялы телефон ұстап көлік жүргізуге тыйым салынған. АҚШ-та көлік басқарып отырып ұрсысқан жүргізушілер туралы ақпаратты полиция¬ға жеткізу үшін арнайы телефон нөмірі де іске қосылған.
Аудандағы ахуал қандай?
АПб-нің Жергілікті полиция қызметімен аудан көлемінде жол-көлік оқиғаларын алдын алу барысында біршама профилактикалық жұмыстар атқарылуда.
Есепті мерзімде, жол апатын алдын алуға бағытталған "Автобус", "Абайлаңыз балалар!" кең көлемді жедел-профилактикалық жұмыстары атқарылса, қазіргі таңда "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық шарасы өтуде. Мұнан бөлек, әр аптаның жұма,сенбі, жексенбі күндері елді мекендер мен кент орталығында қоғамдық орындар мен көшелерде қылмыстың орын алуына жол бермеу, сондай-ақ жол апатының алдын алу мақсатында, бөлім қызметкерлерімен күшейтілген жұмыс түріне көшіріліп, басқа қызмет салаларын қоса отырып "Түнгі қала", "Қауіпсіз аула", "Квадрат" секілді қысқа мерзімді жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Өткен жылмен салыстырғанда аудан көлемінде орын алған жол-көлік оқиғаларының саны – 28,6 процентке (21/15), жарақат алғандар – 33,3 процентке (24/16), жол апатынынан қаза болғандар – 33,3 процентке (12/8) төмендеген.
Жол-көлік оқиғаларын талдайтын болсақ, республикалық маңызы бар тас жолдарында орын алғандар – 41,7 процентке (12/7), жарақат алғандар саны – 52,9 процентке (17/8), қайтыс болғандар – 54,5 процентке (11/5) азайған.
Аталмыш оқиғаның басым бөлігі түнде "Батыс-Еуропа – Батыс Қытай" тас жолында орын алуына байланысты жол-көлік оқиғасының салдарынан орын алатын 13 малды қағу дерегі бойынша 3 мал иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 615 бабына сәйкес әкімшілік шара көрілген.
ЖКО-ға қатысты заң қандай?
ҚР әкімшілік іс жүргізу кодексінің 28 тарау 553-бабы бойынша, жүргізушінің алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан мас күйінде көлік құралын жүргізуі, сол сияқты көлік құралын жүргізуді алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан мас күйдегі адамға басқаруға беруі: екі жыл мерзімге; Авариялық ахуал туғызса –үш жыл мерзімге; Адам денсаулығына зақым келсе, мүлікті бүлдірсе – төрт жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыруға әкеп соғады.
Осы заң бұзушылық қайталанса, бес жыл мерзімге жүргізу құқығынан айыру, он бес тәулікке қамау, 50 АЕК айыппұл салуға әкеп соғады. ҚР Президенті осындай заң бұзушылықтар азаймай отырғандықтан және ірі шенеуніктердің қатысуымен орын алып жатқандықтан қатаң жазалауды тапсырды.
Жол-көлік оқиғасы ең алдымен азаматтарға экономикалық шығын алып келеді. Тіпті, мемлекет те экономикалық шығынға ұшырайды. Мұндай шығындар атап айтқанда адам өмірінен айрылуы, мүгедек болуы, ауруханада емделуі, көлік құралдарын техникалық жөндеуді қамтиды.
Екіншіден, ЖКО қатысушылар мен отбасы мүшелеріне моральдық соққы болады. Статистикалық деректер бойынша әйелдерге қарағанда ер азаматтар көп жағдайда көлік апатына ұшырайды. Жиырма бес жасқа дейінгі еркектер арасындағы өлім-жітім 73 процентті құраса, дәл осы жастағы әйелдерге қарағанда 3 есе артық көрсеткішке жеткен.
Үшіншіден, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төнеді. Ең қымбат қазына адамның өмірі мен денсаулығы болғандықтан, көлік апаттарынан келетін өмірге қауіп-қатер басқа қылмыс түрлерінен де кем болмайтынын аңғарамыз. Жыл сайын әлем бойынша 20-50 миллион адам ауыр жарақат алып, көп жағдайда мүгедектікке апаратынын да айта кеткен жөн.
Түйін
Ересектердің барлығы көлік тізгіндеген заман. "Сақтансаң сақтаймын" дейді. Көлік жүргізушісі тек өзінің ғана өмірін емес, көлік ішіндегі адамның қауіпсіздігі үшін де жауапты екенін ұмытпаған абзал.
Ақнұр САҒЫНТАЙ