Жол-көлік оқиғалары – қоғам өміріне қауіп
Қазақстанда ғана емес, дүниежүзі бойынша жол-көлік оқиғалары мен соның салдарынан болатын өлім мен жарақат фактілері азаймай отыр. Адамдардың көлік құралдарына деген сұранысының арту тенденциясымен қатар, оны пайдалану барысында қоғам өміріне қауіп тудыратын жағдайлардың да көбейгендігін байқауға болады. Соңғы жылдары өзектілігін жоғалтпаған өзекжарды мәселеге Президент Қ.Тоқаев ерекше көңіл бөліп, заң бұзушыларды қатаң жазалауды тапсырды.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев мас күйінде автокөлік жүргізгендерді қатаң жазалау керектігін тапсырған еді. Қалаларды дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Президент: «Елімізде жол-көлік оқиғаларының көп тіркелетіні алаңдатады. Адамдар қаза тауып, жарақаттанып жатыр. Жол апатынан зардап шеккендер саны басқа елдердегі қарулы қақтығыстардан қаза табатындардың санынан кем емес. Жол қозғалысы мәдениеті айтарлықтай төмендеп кетті, - деді.
Әлем бойынша жол-көлік оқиғаларының нәтижесінде болатын өлім-жітім саны алдыңғы қатарда келеді. Ол әсіресе, ірі мегаполистер мен халық шоғырланған орталықтарда көп кездесетіні анық. Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары С.Шотаевтың айтуынша, соңғы жылдары облыста жол-көлік оқиғасының(ЖКО) саны артып кеткен. Өткен жыл бойынша ЖКО саны 20 пайызға көбейіп, апаттан қаза болғандар саны 11 пайызға, зардап шеккендер саны 22 .
Бұл жағдай адам өмірі мен қоғам тыныштығына қауіп төндіріп қана қоймай, мемлекеттің имиджіне де кері әсер ететіні белгілі. Халықаралық туристер үшін елді мекендердің қауіпсіздігі мен қозғалыс мәдениетіне де басымдық беріледі. Сондықтан халықаралық қауымдастық та көлік апаты мен оның зардабы турасында дабыл қағып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.
Автокөлік жолдарындағы жол-көлік оқиғаларының себептері
Аталған себептердің ішінде елімізде жиі кездесетін 3 себеп туралы кеңінен тоқталып өткіміз келеді.
1) Жылдамдықты шегінен асыру. Орташа жылдамдықтың асырылуы ЖКО болу ықтималдылығы мен оның салдарының ауыртпашылығына да тікелей әсер етеді. Мәселен, орташа жылдамдықтың шамадан 1 пайызға асуы өлімге апарып соғатын ЖКО ықтималдылығын 4 пайызға, ауыр авариялардың болуын 3 пайызға ұлғайтады. Көліктер соққан жаяу жүргіншілердің өлімі тез артады (65 км/сағ жылдамдықта өлім көрсеткіші 50 км/сағ жылдамдықпен салыстырғанда 4,5 есе артады екен). 65 км/сағ жылдамдықтағы көліктердің жанына соққысында жүргізушілер мен жолаушылардың өлім қаупі 85 пайызға тең болады.
2) Алкогольдік ішімдіктер мен психоактивті заттарды пайдаланған күйде көлік жүргізу. Алкогольдік ішімдіктер мен психоактивті заттар, нашақорлық препараттарының әсерімен көлік жүргізгенде өлім мен ауыр жарақатқа әкелетін көлік оқиғасының ықтималдылығы әлдеқайда артады. Мас күйінде көлік жүргізгенде қан құрамындағы алкогольдің көрсеткіші 0,04 г/дл немесе одан жоғары болса, көлік апатының қаупі ұлғаяды. Нашақорлық заттардың қолданылу деңгейіне байланысты көлік апатының ауырлығы да артады. Мысалы, амфетамин қолданған адамның өлімге әкелетін көлік апатына ұшырауы сау адаммен салыстырғанда бес есе көп болады.
3) Смартфондар мен басқа құрылғыларға ойдың бөлінуі. Көлікті жүргізуге кедергі келтіретін, жүргізушінің назарын бұратын факторлар өте көп. Дегенмен, смартфон қолданысының кең тарауына байланысты жолдағы қауіпсіздік мәселесі де өзекті болып келеді. Көлік жүргізіп келе жатып мобильді телефон пайдаланатындардың апат қаупі оны қолданбайтындардан төрт есе жоғары. Жүргізушілердің телефонға қарауы реакцияның баяулауына, әсіресе жол қозғалысы белгілеріне тоқтау-тоқтамау, жол сызықтарынан шығып кету, көліктер арасындағы қашықтықты сақтау, жаяу жүргіншілерді байқамай қалуға тікелей әсер етеді. Телефонды арнайы құлаққап немесе дыбысын зорайтқыш арқылы пайдалану қауіпсіз болғанымен, мәтіндік хаттар жазу, мультимедиалық материалдар көру көлік апатына апарып соғуы әбден мүмкін.
Қолданыстағы ҚР әкімшілік іс жүргізу кодексінің 28 тарау 553-бабы бойынша, жүргізушінің алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан мас күйінде көлік құралын жүргізуі, сол сияқты көлік құралын жүргізуді алкогольден, есірткіден және (немесе)уытқұмарлықтан мас күйдегі адамға басқаруға беруі:
1. екі жыл мерзімге;
2. Авариялық ахуал туғызса - үш жыл мерзімге;
3. Адам денсаулығына зақым келсе, мүлікті бүлдірсе - төрт жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыруға әкеп соғады. Осы заң бұзушылықтар қайталанса, бес жыл мерзімге жүргізу құқығынан айыру, он бес тәулікке қамау, 50 АЕК айыппұл салуға әкеп ҚР Президенті осындай заң бұзушылықтар азаймай отырғандықтан және ірі шенеуніктердің қатысуымен орын алып жатқандықтан қатаң жазалауды тапсырды.
Аталған тапсырма дер кезінде беріліп отыр. Себебі, жол-көлік оқиғалары ең алдымен азаматтарға экономикалық шығын алып келеді. Тіпті, мемлекет те экономикалық шығынға ұшырайды. Мұндай шығындар атап айтқанда адам өмірінен айрылуы, мүгедек болуы, ауруханада емделуі, көлік құралдарын техникалық жөндеуді қамтиды. Көлік апаттарын «жылы жабу» үшін болатын парақорлық фактілері де аз емес. Жалпы, жол-көлік оқиғалары көптеген мемлекеттердің ЖІӨ 3 пайызы көлеміндегі шығын келтіреді екен.
Екіншіден, ЖКО қатысушылар мен отбасы мүшелеріне моральдық соққы болады. Статистикалық деректер бойынша әйелдерге қарағанда жас ер азаматтар көп жағдайда көлік апатына ұшырайды. Жиырма бес жасқа дейінгі еркектер арасындағы өлім-жітім 73 пайызды құрап, дәл осы жастағы әйелдерге қарағанда 3 есе артық көрсеткішке жеткен. Жастардың жол үстіндегі оқыс оқиғалары тек экономикалық қана емес, моральдық соққы беретіні жасырын емес. Өйткені, жастардың проблемасы әдетте отбасы мүшелерін, оқу мен жұмысына да тікелей ықпал етпей қоймайды.
Үшіншіден, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төнеді. Ең қымбат қазына адамның өмірі мен денсаулығы болғандықтан, көлік апаттарынан келетін өмірге қауіп-қатер басқа қылмыс түрлерінен де кем болмайтынын аңғарамыз. Жыл сайын әлем бойынша 20-50 миллион адам ауыр жарақат алып, көп жағдайда мүгедектікке апарған.
Сақтансақ, сақтаймын деген. Өзіміздің және өзгенің өмірі үшін жауапты екенімізді ұмытпайық.Еркін ҚОЖАҚОВ,
Жосалы Күре жолдық медициналық құтқару бекетінің жүргізуші-құтқарушысы
Жосалы Күре жолдық медициналық құтқару бекетінің жүргізуші-құтқарушысы