Бесіктен безу немесе қоқыстағы құндылық
Соңғы жылдары ешбір елде болмаған, қазақтың қазақтығына жат қылықтарды естіп-көріп жүрміз. Тіпті өзгерістерге таң қала қоймайтын болдық. Жүрегіміз де тасқа айналып кеткендей ме? Әйтеуір, бейқамбыз.
Әлеуметтік желіні ақтарып отырып, қоқыстағы бесіктің суретін кездестіріп қалдым. Бұл көрініске бейғамдық таныта алмадым. «Бос бесікті тербетпе, бетін ашық қойма», «бесікті қоқысқа тастама, жоғарыға іліп қойыңдар» деп отырушы еді әжеміз. Бүкіл түркі халықтарының ұлттық құндылығына айналған бесіктің қоқыста жатуы өкінішті һәм қорқынышты екен.
Жаңа туған нәрестені қоқысқа тастау, ұл-қызын ұрып-соғып қорлау, зорлау, пышақтап өлтіру, көпқабатты үйдің терезесінен керек емес заттай лақтыра салу сияқты Құдайдан емес, адамнан келетін қайғы-қасіретті оқиғаларды естігенде осы бізді бесіктің киесі ұрды-ау деген ойда қалғаным рас. Қазақ қашанда бесікті қадір тұтқан еді. Құнды дүниемізді қоқысқа кім қалдырды екен?
Бесіктің берекесі мен киелілігі туралы бірер сөз қозғасақ. Қазақ халқы әрбір анаға «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деп құрмет көрсетсе, бабаларымыз «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Тәрбие – тал бесіктен басталады» деп бесікке де ерекше мән берген. Ұлтымыздың бесікті қадірлейтіні соншалық, атасы жатқан бесік немере, шөбере, шөпшегіне дейін қастерлі мүлкі ретінде сақталып, сол бесікке бөленіп, сол бесіктен ержетеді. Яғни, бір бесік жылдар бойы атадан балаға беріліп отырған. Тіпті, қазақ халқы өзінің кіндік қаны тамған жерін «Туған жерім – алтын бесігім» деп атайды. Бесік тұрмыстық бұйым ғана емес, сонымен қатар, дені сау, саналы ұрпақ өсірудің маңызды мұрасы. Халқымыз қастерлеген бесіктің, ең алдымен, баланың тазалығына, аяқ қолы мен денесінің түзу болып қалыптасуына тигізер пайдасы зор. Өзінде арнайы орнатылған түбек пен шүмек баланың үлкен-кіші дәретін төсегіне, денесіне жайып жібермей, таза және ұзақ ұйықтауына жағдай жасайды. Бұл үй шаруашылығымен айналысып жүретін анаға қолайлы екені түсінікті. Бесіктегі баланың денесіне дымқыл, сыз дарымай құрғақ болады. Бұл, ең біріншіден, денсаулыққа жақсы. Бесік күн ыстықта салқын болса, күн суықта жылы болады. Бесікте баланың аяғы, кеудесі қатты байланады. Бұл нәрестенің көп қозғалмай тыныш жатуы, дәретіне былғанбауы, дене мүшелерінің бір қалыпты өсіп, жетілуі үшін өте қажет.
Қазір көптеген ата-аналар бесіктің орнына заманауи жөргекті пайдаланады. Бұл әрине, бесікпен салыстыруға келмейді. Сонымен қатар, баланың тазалығына нұсқан келтіреді, тыныш жатқан баланың ұйқысын бұзады, жиі оянады. Ал, ұйқысы тыныш болмаған бала, әлбетте мазасыз болады. Мұны, медициналық жағынан қарағанда, баланың дұрыс демалмауы жүйке жүйесіне әсер етіп, толық жетілмей қалуына ықпал етуі мүмкін. Бесік белгілі бір ырғақпен ғана тербетіледі. Бұл баланың жүйке жүйесінің бір жүйеге, тәртіпке түсуіне ықпал етеді. Ал бесік жырын тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды. Бесіктің осыншама пайдасын көре тұра, кейбір ата-аналарымыздың одан жерінуінің сырын түсіне алмадық. Баланы бесікке бөлеуден бас тарту – ең алдымен салт дәстүрімізге кері әсер етеді. Бесіктің жас бала үшін өте пайдалы, қолайлы екенін көптеген ғалымдар да, дәрігерлер де мойындаған.
Тарихқа үңілсек,сонау ықылым замандардан бесікке бөлеу, бесік жырын айту дәстүрі болғаны белгілі. Қобыланды батыр жырында «Алтыннан бесік қойдырып, ақ торғынға бөлеген» тіркестерімен қатар, Еңлік-Кебек жырында бесік құда болғандығы жыр мәтінінде айтылады. Мұнан өзге де бесіктің ықылым замандарда болғанын, түп-тамыры тереңде екенін дәлелдейтін аңыз-әфсаналар жетерлік.
Солардың бірі – бесіктің ағаштан жасалуы Айдаһар би заманында орын алған деседі. Ол кезде ұлан-байтақ даланы Мизам баб қорғаса керек. Мизам баб Айдаһардың әкесі, ағаш егіп, бау-бақша салуды кәсіп етеді. «Салт-дәстүр сөйлейді» жинағындағы «ағаштың пірі – Мизам баб» деген осыдан қалса керек. Жетісу мен Алтай аумағын мекен еткен Мизам Сарыарқаға көз салған қара қытайларды елге жолатпаған. Жүз жыл жасаған Мизам дүниеден өткен соң, қытайлар бір-ақ күнде бау-бақшаны тегіс өртеп жібереді. Жорықта жүрген баласы Айдаһарға әкесі аян беріп, «Пейілі тар қаскүнем менің орманымды өртеді» дейді. Баласы келсе, орман түгелімен жанып кеткен. Тек бірлі-жарым тобылғының қисық бұтақтары қалыпты. Осыны алып, аттанып кетеді. Бір күні Айдаһардың баласы тоқтамай жылай берсе керек. Баласының жылағанына шыдамай, Құдайдан медет тілейді. Осы кезде қызының үні басылып, тыныштала қалады. Қараса, бір адам баланы тобылғының бұтағына салып, әлдилеп отыр екен. Бұл «көктен келген ишарат» деп ұққан би дереу тобылғының бұтақтарынан бесік жасайды. Бесіктің пайда болуы туралы аңыздардың түбірі осыған келіп тіреледі. Содан бері қазақ үшін тобылғы қасиетті, киелі ағаш саналады. «Бесікті отқа жақпа», «аяқасты етпе», «қадірлеп ұста» деген ырымдар осыдан кейін айтылған. Тобылғы бесікте тербелген сәби «арыстандай топ жарады, жолбарыстай жол тосады» деп ырымдайды.
Сондай-ақ бесік қазақтың ғана меншігі емес. Еуразия аймағындағы барлық халықтар мен ұлттардың тарихына сіңген дәстүр, ұлттық бұйым. Орталық Азия, Кавказ, Үндістан мен Қытай, Түркия жерін мекендейтін халықтардың басым көпшілігі бесікті пайдаланған. Жасалу мәнеріндегі кейбір айырмашылықтар болмаса, бастауы бір – бесік. Бертінде бесікті тобылғыдан ғана емес, қарағай, қайыңнан да жасай бастады.
Біздің қазақта бесік әкелу деген керемет салт бар. Әдетте бесікті, бесіктің жабдықтары мен нәрестенің киімдерін, қалжаны нағашы жұрт әкелуі тиіс. Сәбилі болып жатқан қызының нәрестесіне бесік әкелу – қыз төркінінің, жас ананың анасының, яғни нағашы әжесінің парызы. Қазірдің өзінде бесік әкеліп жатқан, тіпті болмағанда баланың арнайы төсегі (манеж), арбасы, үстелі дегендей, балаға қажет жабдықты әкеліп жатқан аналар баршылық. Артынып-тартынып, келетін нағашы жұртты тоймен қарсы алады. Арнайы бесіктой жасалады.
– Бұл – бір жағынан, құда-жекжат арасындағы үлкен сыйластық. «Бие құлындамаса, ат болады, ағайын-туыс алысып-беріспесе, жат болады» дегендей, бұл – екі жаққа дәнекер ғана. Әйтпесе ешкім алғаннан – бай, бергеннен – кедей болмайды. Бесік әкелу құда-құдағи арасындағы көңіл сыйлау болса, екіншіден, жас босанған келіннің көңілі көтеріліп, сағынышы басылады әрі енесіне айта алмағанын анасымен бөліседі, көңілі өседі. Бесік әкелудің өзі керемет бір сән-салтанат десек те болады. Келіннің төркіні «іздеушісі, сұраушысы бар екен» дегізіп, бір топ болып келетін болған. Жай келмей, баланың бесік жабдығын түгелімен, түбек-шүмегіне дейін жасап әкелген. Бесіктің жабдықтарын барынша әдемілеп жасаған. Түбегі мен шүмегінен басқа, қолтық жастық, тізе жастық дегені болады және олар ешқашан сүреңсіз сұр түсті маталардан тігілмеген. Кішкентай көрпешелері де мүмкіндігінше ашық түсті матадан тігіледі. Бесіктің басына үкі тағады. Өйткені бала әсемдікке, әдемілікке бесікте жатқан кезден бастап үйренуі керек, – дейді салт-дәстүрдің дұрыс-бұрыстығын насихаттап жүрген Зейнеп Ахметова.
Нағашылары әкелген баланың жасауы баршаға көрсетіледі, бұдан кейін әйелдер жиналып, бірқатар міндетті ырым-жоралғыны орындаған соң, бала бесікке бөленеді. Арнайы рәсім бойынша әжелер бесікті адыраспанмен аластайды. Әуелде діни ұғымда жасалатын рәсімнің, гигиеналық тұрғыдан вирустық ауруларды жоятыны дәлелденді. Баланы бесікке жасы үлкен аналар бөлейді, бұл ізгі ниетті адамның жақсылығы жұғысты болсын деген мағына береді. Түбектен шашу тастайды, бесікті отпен аластайды. Әжелер қырандай көреген болсын деп бесіктің арқалығына бүркіттің тұяғын байлайды, жын-шайтаннан, көзден сақтасын деп тұмар жаздыртып тағады. Бала шошымалы болмасын деп жастығының астына пышақ қояды. Бұдан кейін анасы немесе жиылған әйелдер бесік жырын айтады.
Бесік біздің өміріміздегі орны бөлек дүние болғандықтан оған қатысты ырымдар мен тыйымдар сан алуан. Әрқайсының өз мән-мағынасы, орны бар. Мәселен, бос бесікті тербетпейді. Наным-сенім бойынша бос бесікке Ібіліс баласын жатқызады немесе жылан салып қояды. Сондай-ақ бос бесікті еш уақытта жабусыз қалдырмау керек. Үстіне ақ мата жауып, ең болмағанда ұршығына орамал байлап қою қажет. Бала өскен соң, бесікті жерге тастамайды, ата-бабамыз бесікті міндетті түрде төрге, маңдайшаға іліп қоятын болған.
Сондай-ақ бесіктің теріс жағына отырмайды. Бесікті саудаламайды. Айтқан бағасына сатып алады. Бесік жасайтын шеберлер ынсапты болуы тиіс. Киелі дүниенің бағасын аспандатпауы керек. Сондай-ақ, халқымыз баласының бесігін біреу сұраса, арнайы ырым-жоралғы жасап, жақсылыққа балап, тек содан кейін ғана жақын туыстарына ғана беретін болған. Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бұл үшеуі қашанда бірімен бірі байланысып, ұштасып жатады. Осынау қасиетті үш затты қатты тозып, тым ескірген кезде де аяқтың астына тастамай, өртеп жіберетін болған әрі күлін де аяқасты қылмай, көміп тастаған.
Бүгін біз ұлттың қазынасы, қорғаушы шамшырағы болған құндылығымызды қоқысқа тастадық. Келер ұрпақтан не күтеміз? «Төріңде бесік тұрса, төре де бас иеді» дейді қазақ, осыны ұмытпасақ екен. Төрімізде тұруы тиіс құндылықты қоқысқа қалдырмайықшы...
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
(сурет ашық дереккөзден)