» » » Бесік тербеткен уйде береке бар

Бесік тербеткен уйде береке бар

qarmaqshy-tany.kz ЖАҚЫНДА БАЛАЛАР ДӘРІГЕРІНІҢ ҚАБЫЛДАУЫНА БАРЫП, ІШКЕ ЕРТЕ КІРДІК. АЛДЫМЫЗДАҒЫ НӘРЕСТЕЛІ АНА ӘЛІ ШЫҒА ҚОЙМАПТЫ. КЕЗЕГІМІЗ КЕЛЕМІН ДЕГЕНШЕ ӨЗГЕ АНАЛАРДЫҢ БЕСІК ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕСІН ҚҰЛАҒЫМЫЗ ШАЛДЫ. ҚОЛЫНА ӘЛДИІН КӨТЕРГЕН ЖАС КЕЛІНШЕК "ҒАЛАМТОРДАҒЫ ДӘРІГЕРДІҢ АЙТУЫНША, ҚАЗІРГІ КЕЗДЕ БАЛАНЫҢ АЯҚ-ҚОЛЫН БОС ЖІБЕРІП, ЕРКІН ҚОЮ КЕРЕК ЕКЕН. СОНДА БАЛА ҚЫСЫЛМАЙ ЖАҚСЫ ӨСЕДІ" ДЕСЕ, ЕНДІ БІРІ "МАҒАН ДА ҚОЛ-АЯҒЫН БАЙЛАП ТАСТАҒАН ҰНАМАЙДЫ. СОНДЫҚТАН БЕСІККЕ БӨЛЕМЕЙМІН. БІРАҚ ҰЙҚЫСЫ ТЕЗ. АЗ ҒАНА УАҚЫТ ҰЙЫҚТАЙДЫ" ДЕДІ.
Сонда орта жастағы бір келіншек «Егер бесікте жатса балаң ұзақ ұйықтайды. Қол-аяғы бос болған соң бала өз қолынан шошып, қолын үнемі аузына салып, әуреге түседі. Сондықтан жаялыққа орап, бесікке салсаң, балаға пайдалысы сол. Қол-аяғы қозғалмады деп уайымдама, ол жарты жылға дейін көп қозғалмайды, ұйықтайды. Әрі таза, баланы режимге үйретесің» деп білгенімен бөлісті. Қарап отырсақ, бесік – ескіліктің көзі емес, балаға нағыз қажет құрал.
Қазақ халқы әрбір анаға «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деп құрмет көрсетсе, бабаларымыз «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Тәрбие – тал бесіктен басталады» деп бесікке де ерекше мән берген. Ұлтымыздың бесікті қадірлейтіні соншалық, атасы жатқан бесік немере, шөбере, шөпшегіне дейін қастерлі мүлкі ретінде сақталып, сол бесікке бөленіп, сол бесіктен ержетеді. Яғни, бір бесік жылдар бойы атадан балаға беріліп отырған. Тіпті, қазақ халқы өзінің кіндік қаны тамған жерін «Туған жерім – алтын бесігім» деп атайды. Бесік тұрмыстық бұйым ғана емес, сонымен қатар, дені сау, саналы ұрпақ өсірудің маңызды мұрасы. Халқымыз қастерлеген бесіктің, ең алдымен, баланың тазалығына, аяқ-қолы мен денесінің түзу болып қалыптасуына тигізер пайдасы зор. Өзінде арнайы орнатылған түбек пен шүмек баланың үлкен, кіші дәретін төсегіне, денесіне жайып жібермей, таза және ұзақ ұйықтауына жағдай жасайды. Бұл үй шаруашылығымен айналысып жүретін анаға қолайлы екені түсінікті. Бесіктегі баланың денесіне дымқыл, сыз дарымай құрғақ болады. Бұл, ең біріншіден, денсаулыққа жақсы. Бесік күн ыстықта салқын болса, күн суықта жылы болады. Бесікте баланың аяғы, кеудесі қатты байланады. Бұл нәрестенің көп қозғалмай тыныш жатуы, дәретіне былғанбауы, дене мүшелерінің бір қалыпты өсіп, жетілуі үшін өте қажет. Қазір көптеген ата-ана бесіктің орнына заманауи жөргекті пайдаланады. Бұл әрине, бесікпен салыстыруға келмейді. Сонымен қатар, баланың тазалығына нұсқан келтіреді, тыныш жатқан баланың ұйқысын бұзады, жиі оянады. Ал, ұйқысы тыныш болмаған бала, әлбетте мазасыз болады. Мұны, медициналық жағынан қарағанда, баланың дұрыс демалмауы жүйке жүйесіне әсер етіп, толық жетілмей қалуына ықпал етуі мүмкін. Бесік белгілі бір ырғақпен ғана тербетіледі. Бұл баланың жүйке жүйесінің бір жүйеге, тәртіпке түсуіне ықпал етеді. Ал бесік жырын тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды. Бесіктің осыншама пайдасын көре тұра, кейбір ата-аналарымыздың одан жерінуінің сырын түсіне алмадық. Баланы бесікке бөлеуден бас тарту – ең алдымен салт-дәстүрімізге кері әсер етеді. Бесіктің жас бала үшін өте пайдалы, қолайлы екенін көптеген ғалымдар да, дәрігерлер де мойындаған.
ТАРИХҚА ЗЕР САЛСАҚ... Сонау ықылым замандардан бесікке бөлеу, бесік жырын айту дәстүрі болғаны белгілі. Қобыланды батыр жырында «Алтыннан бесік қойдырып, ақ торғынға бөлеген» тіркестерімен қатар, Еңлік-Кебек жырында бесік құда болғандығы жыр мәтінінде айтылады. Мұнан өзге де бесіктің ықылым замандарда болғанын, түп-тамыры тереңде екенін дәлелдейтін аңыз-әфсаналар жетерлік.
Солардың бірі – бесіктің ағаштан жасалуы Айдаһар би заманында орын алған деседі. Ол кезде ұлан-байтақ даланы Мизам баб қорғаса керек. Мизам баб Айдаһардың әкесі, ағаш егіп, бау-бақша салуды кәсіп етеді. «Салт-дәстүр сөйлейді» жинағындағы «ағаштың пірі – Мизам баб» деген осыдан қалса керек. Жетісу мен Алтай аумағын мекен еткен Мизам Сарыарқаға көз салған қара қытайларды елге жолатпаған. Жүз жыл жасаған Мизам дүниеден өткен соң, қытайлар бір-ақ күнде бау-бақшаны тегіс өртеп жібереді. Жорықта жүрген баласы Айдаһарға әкесі аян беріп, «Пейілі тар қаскүнем менің орманымды өртеді» дейді. Баласы келсе, орман түгелімен жанып кеткен. Тек бірлі-жарым тобылғының қисық бұтақтары қалыпты. Осыны алып, аттанып кетеді. Бір күні Айдаһардың баласы тоқтамай жылай берсе керек. Баласының жылағанына шыдамай, Құдайдан медет тілейді. Осы кезде қызының үні басылып, тыныштала қалады. Қараса, бір адам баланы тобылғының бұтағына салып, әлдилеп отыр екен. Бұл «көктен келген ишарат» деп ұққан би дереу тобылғының бұтақтарынан бесік жасайды. Бесіктің пайда болуы туралы аңыздардың түбірі осыған келіп тіреледі. Содан бері қазақ үшін тобылғы қасиетті, киелі ағаш саналады. «Бесікті отқа жақпа», «аяқасты етпе», «қадірлеп ұста» деген ырымдар осыдан кейін айтылған. Тобылғы бесікте тербелген сәби «арыстандай топ жарады, жолбарыстай жол тосады» деп ырымдайды. Сондай-ақ бесік қазақтың ғана меншігі емес. Еуразия аймағындағы барлық халық пен ұлттың тарихына сіңген дәстүр, ұлттық бұйым. Орталық Азия, Кавказ, Үндістан мен Қытай, Түркия жерін мекендейтін халықтардың басым көпшілігі бесікті пайдаланған. Жасалу мәнеріндегі кейбір айырмашылықтар болмаса, бастауы бір – бесік. Бертінде бесікті тобылғыдан ғана емес, қарағай, қайыңнан да жасай бастады.
ТАЗАЛЫҚ БАСТАУЫ Көшпенділердің өмірінде бесіктің орны ерекше болған. Ертеректе баланың жөргегін жарты сағат сайын ауыстырып отыру мүмкін болмаса да, қазақтар баланы қалай таза ұстауды білген. Бұл туралы қазақ жерін зерттеген ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсонның жары Люси Аткинсон өз жазбаларында жазып қалдырған.
Ал Орталық Азияда ұзақ уақыт оба ауруын зерттеген Иван Дудченко бесік туралы мол мұра қалдырыпты. Колбасенко деген псевдоним қолданған зерттеуші бесіктің тиімділігін терең пайымдайды. «Көшкен кезде әйелдер түйеге отырады, бесікті түйеге артып алу ыңғайлы. Ол түйенің үстінде отырып-ақ баланы емізе алады, осылайша жолынан қалмайды. Шүмек-түбектің ыңғайлы ұйымдастырылғаны сондай, қазақ балалары тазалыққа үйреніп, кейін де төсекке жіберіп қоймайтын болады. Бесіктен ешқашан да нәжістің иісі шықпайтын» деп жазады. Оның айтуынша, тұрмыстық жағдайдың ауырлығы, гигиеналық құралдардың жоқтығына қарамастан қазақтар баланың тазалығына көп көңіл бөлген. Отырықшы өмір сүретін халықтарда жиі кездесетін баланың денесінің қызаруы, ойылып кету деген қазақтарда мүлде болмаған.
БЕСІКТІ НЕГЕ НАҒАШЫЛАРЫ ӘКЕЛЕДІ? Біздің қазақта бесік әкелу деген керемет салт бар. Әдетте бесікті, бесіктің жабдықтары мен нәрестенің киімдерін, қалжаны нағашы жұрт әкелуі тиіс. Сәбилі болып жатқан қызының нәрестесіне бесік әкелу – қыз төркінінің, жас ананың анасының, яғни нағашы әжесінің парызы. Қазірдің өзінде бесік әкеліп жатқан, тіпті болмағанда баланың арнайы төсегі (манеж), арбасы, үстелі дегендей, балаға қажет жабдықты әкеліп жатқан аналар баршылық. Артынып-тартынып, келетін нағашы жұртты тоймен қарсы алады. Арнайы бесіктой жасалады.
– Бұл – бір жағынан, құда-жекжат арасындағы үлкен сыйластық. «Бие құлындамаса, ат болады, ағайын-туыс алысып-беріспесе, жат болады» дегендей, бұл – екі жаққа дәнекер ғана. Әйтпесе ешкім алғаннан – бай, бергеннен – кедей болмайды. Бесік әкелу құда-құдағи арасындағы көңіл сыйлау болса, екіншіден, жас босанған келіннің көңілі көтеріліп, сағынышы басылады әрі енесіне айта алмағанын анасымен бөліседі, көңілі өседі. Бесік әкелудің өзі керемет бір сән-салтанат десек те болады. Келіннің төркіні «іздеушісі, сұраушысы бар екен» дегізіп, бір топ болып келетін болған. Жай келмей, баланың бесік жабдығын түгелімен, түбек-шүмегіне дейін жасап әкелген. Бесіктің жабдықтарын барынша әдемілеп жасаған. Түбегі мен шүмегінен басқа, қолтық жастық, тізе жастық дегені болады және олар ешқашан сүреңсіз сұр түсті маталардан тігілмеген. Кішкентай көрпешелері де мүмкіндігінше ашық түсті матадан тігіледі. Бесіктің басына үкі тағады. Өйткені бала әсемдікке, әдемілікке бесікте жатқан кезден бастап үйренуі керек, – дейді салт-дәстүрдің дұрыс- бұрыстығын насихаттап жүрген Зейнеп Ахметова. Нағашылары әкелген баланың жасауы баршаға көрсетіледі, бұдан кейін әйелдер жиналып, бірқатар міндетті ырым-жоралғыны орындаған соң, бала бесікке бөленеді.
Арнайы рәсім бойынша әжелер бесікті адыраспанмен аластайды. Әуелде діни ұғымда жасалатын рәсімнің, гигиеналық тұрғыдан вирустық ауруларды жоятыны дәлелденді. Баланы бесікке жасы үлкен аналар бөлейді, бұл ізгі ниетті адамның жақсылығы жұғысты болсын деген мағына береді. Түбектен шашу тастайды, бесікті отпен аластайды. Әжелер қырандай көреген болсын деп бесіктің арқалығына бүркіттің тұяғын байлайды, жын-шайтаннан, көзден сақтасын деп тұмар жаздыртып тағады. Бала шошымалы болмасын деп жастығының астына пышақ қояды. Бұдан кейін анасы немесе жиылған әйелдер бесік жырын айтады.
БОС БЕСІКТІ ТЕРБЕТПЕ Бесік біздің өміріміздегі орны бөлек дүние болғандықтан оған қатысты ырымдар мен тыйымдар сан алуан. Әрқайсының өз мән-мағынасы, орны бар.
Мәселен, бос бесікті тербетпейді. Наным-сенім бойынша бос бесікке Ібіліс баласын жатқызады немесе жылан салып қояды. Сондай-ақ бос бесікті еш уақытта жабусыз қалдырмау керек. Үстіне ақ мата жауып, ең болмағанда ұршығына орамал байлап қою қажет. Бала өскен соң, бесікті жерге тастамайды, ата-бабамыз бесікті міндетті түрде төрге, маңдайшаға іліп қоятын болған.
Сондай-ақ бесіктің теріс жағына отырмайды. Бесікті саудаламайды. Айтқан бағасына сатып алады. Бесік жасайтын шеберлер ынсапты болуы тиіс. Киелі дүниенің бағасын аспан- датпауы керек. Сондай-ақ, халқымыз баласының бесігін біреу сұраса, арнайы ырым-жоралғы жасап, жақсылыққа балап, тек содан кейін ғана жақын туыстарына ғана беретін болған. Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Олар қашанда бірімен бірі байланысып, ұштасып жатады. Осынау қасиетті үш затты қатты тозып, тым ескірген кезде де аяқтың астына тастамай, өртеп жіберетін болған әрі күлін де аяқасты қылмай, көміп тастаған.
СӘНДЕГІ SMARTБЕСІК МӘНДІ МЕ? Қазақтың манежі де, коляскасы да, тербеткіші де – бесік болған. Бірақ қазіргі өнертапқыштар бесікті оңтайландырып, заманауи балаға қажетті құралдарға жақындатса керек. Астаналық өнертапқыш Серікбол Шәймардан өздігінен тербелетін бесік ойлап тапты. Баланың дауысына қарай қозғалатын құрылғы дене қызуы мен жаялық дымқылдығын өлшеп тұрады. 12 вольттық батарейкамен қозғала беретін бесік ойлап тапқан астаналық жас өнертапқыш көпшілік жас қазақ отбасыларының мұқтаждығын дөп басқандай.
Өнертапқыш тербелетін бесік жасап шығуға 6 жыл уақытын жұмсаған көрінеді. Smart бесіктің ұзындығы – 100 см, ені – 40 см, биіктігі – 60 см, стандарт бесіктің сыртына кигізілетін қалып немесе бесікті орнататын жиналмалы тұғыры бар. Қалыпқа арнайы қондырғы қойылған. Ал бесіктің өзіне магнит орналастырылады. Соның арқасында бесіктің тербелісі 5 режим бойынша өзгертіледі. Тербетілу уақытын 90 минутқа дейін созуға болады. Автордың айтуынша, баланың температурасын өлшейтін құрылғылар бар. Олар ауытқушылықты байқаса, «Балаңыз тоңып қалды», «Балаңыз ауырып қалды» деген хабарлама жасайды. Бесік жырын қосып қою қарастырылған. Жаңа технологияның дамып, бесіктің түрленгені бір жағынан жақсы да болар. Десе де айналасы тоқпен қоршалғандықтан ол бала денсаулығына әсер ететіні сөзсіз. Түптеп келгенде, ағаш бесіктен артығы жоқ. Жолға шыққанда қиналамын десеңіз, қазір жиналмалы бесіктер де бар. Сондықтан берері мол бесіктен қол үзбесек екен.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе!» дейді халқымыз. Бесігінен ажырап бара жатқан халқымызды дәстүрін, ұлтын, жерін сүюге дәріптейтін тәрбие құралынан алыстатпау әр ананың жадында жүрсе дейміз.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
07 қараша 2022 ж. 715 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031