Электромопед: Жол ережесі сақталмай тұр
Бүгінде көшеде электр мопедін тізгіндегендерді көп көретін болдық. Жүйткіген көше қозғалысының бұл түріне күн санап сұраныс артқан. Үлкені мен кішісіне қос дөңгелектінің пайдасы тиіп жатқандай. Дүкенге немесе арғы көшедегі жақынының үйіне жолға шығып барғандардың шаруасын демде бітіріп, ісіне жарап-ақ тұр. Алайда кәмелетке толмаған жастар бұл электромопедті тізгіндегенде жол ережесін сақтамай отыр.
Қос дөңгелекті жүйткігіш жұртқа «құтты көлік» болғанымен жастарды құтыртып барады. Біріншіден, құрылғы жанармайды қажет етпейді. Аты айтып тұрғандай тоқпен қозғалады. Жүріске өте ыңғайлы. Дегенмен жастардың жол ережесін сақтамауынан көпшілік сан түрлі пікір айтып жүр. «Көшенің ортасымен жүреді, жол жиегіне шығуды білмейді» дейді пікірін білдіргендер.
Рас. Оған өзімізде талай куә болып жүрміз. Әнеугүні көшенің бағдаршамына бағынып, көліктердің қозғалысын тоқтатуға қызыл жанғанда жаяу жүргіншілер жолымен көшенің арғы бетіне өтпек болдық. Барлық көлік тоқтап тұрғанда алдымыздан электромопед мінген екі жас жеткіншек барынша жылдамдықпен жолымызды кесіп өтті. Сәл болмағанда қағып та кетер еді. Абырой болғанда оларға қарама-қарсы шыққан көлік болмады. Одан бөлек көліктердің арасымен өтіп, бірбірімен жарыса жолдың ортасымен жүйткігендерді көз көріп жүр. Осыған қарап заң аясында қатаң ескертулер берілмей тұрған секілді.
Жалпы шағын қашықтыққа баруға өте ыңғайлы әрі жылдам бұл көлік құралдарының қаупі туралы жастар аса ескере бермейтіндей. Өйткені, үлкен қалаларда осындай қос дөңгелекті көлікті жүргізгендер арасында жол-көлік оқиғалары жиі кездесуде. Жол апаттарының негізгі себептерінің бірі – абайсызда жүру, арнайы қорғаныс құралдарының болмауы (мотошлем), қарсы жолаққа шығу, бағдаршамның тыйым салу сигналына өту, жолдың ортасында жүру, белгіленген жасқа толмаған және жол қозғалысы ережелерін білмейтін адамға басқаруға беру, адам мінгестіру және тағы басқа жол ережесі талаптарын сақтамауынан болып отыр.
Электромопед, велосипед, скутерлер көліктен ерекшеленгенімен олар үшін жол ережелері бірдей маңызды. Аталған көлік құралдары үлкен маневрлік пен жылдамдыққа ие болғанымен соқтығысудан қорғалмаған. Жолда олар ең қорғансыз, қозғалыстың барлық қатысушылары үшін жоғары қауіптің көзі болып табылады.
Былтыр қос дөңгелекті шағын электрлі көлік құралдарын басқаруға қатысты жол қозғалысы ережелеріне өзгеріс енген-ді. Онда электросамокат, электромопед жүргізушілері велосипед жолымен, яғни велосипед сызығымен жүреді делінген. Ал егер велосипед жолы болмаған жағдайда жол қозғалысы ережесінде белгіленген талаптарға сәйкес жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шеті, оның ішінде маршрут көлік құралдарына арналған жолақ бойымен бір қатарда жүруге, жол жиегінде, сондайақ жаяу жүргіншілер қозғалысына қауіп төндірмейтін, сағатына алты шақырымнан аспайтын жылдамдықпен тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге міндетті.
Жалпы жол ережесінде қос дөңгелекті көлік жүргізушісіне рульді бір қолмен ұстамай жүргізуге, жолаушы тасуға арналған арнайы орындық болмаса тасуға, жүк тасуға оның ішінде жүктің ұзындығы мен ені 50 сантиметрден асса және алып жүруге қиындық тудыратын болса, трамвай қозғалысы бар жолдарда, сонымен қатар осы бағыттағы қозғалыс үшін бір жолақтан артық жолдарда солға немесе кері бұрылуға, жолдың жүріс бөлігінде жүргенде бекітілген шлемсіз жүруге тыйым салынады. Көлік құралында жаяу жүргіншілер өткелінен жолдың жүру бөлігін кесіп өтуге болмайды.
Осы айтылған жол қозғалысы ережесін электрлі көлік құралын тізгіндеген әрбір жүргізуші білу маңызды. Себебі білместіктен болған оқыс жағдай сіздің өміріңізге үлкен қауіп тудыруы әбден мүмкін. Қазақ «Балам – болашағым» деген халық. Ендеше ата-ана да балаларына сыйлық жасап, электромопед алып берерде қауіпсіздік ережелерін түсіндірген жөн.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ