Сенімі жоқ балаңнан секем ал
Кешкілік балалардың бір шоғыры орталық алаңға жиналады. Қазірде бұл жердің ажары кірген. Балалар ойнайтын батут пен түрлі электромобильді машиналарға мініп мәре-сәре күй кешеді. Немересін жетектеген ата-әже, қарындасын құшақтаған аға, баласын арбаға салған ата-ана да осыннан табылады. Күнделікті осы жерде адамдардың жақсылы-жаманды іс-әрекеттерін көзің шалып қалады. Олардың мінез-құлқы да сан түрлі. Біреуі байыппен сөйлеп сабырлық танытса, енді бірі аузына келгенін айтып жер-жебіріне жетеді. Балалар да, олардың ата-анасы да басқаша. Біреуінің мейірімділігі алыстан сезіледі. Ал енді бірі айғайдың астына алып жатады.
(сурет ашық дереккөзден)
Бірде жас шамасы 8-9 жастағы бір бала келді. Әкесіне қоңырау шалып «әке, маған екі мың теңге аударшы» деп өтінді. Телефон тұтқасының арғы жағында ол ақшаны қайда жұмсайтынын сұрап жатты. Баласы бүкпесіз баяндады. Досымен бірге батутқа кіргісі келетінін жеткізді. Мән-жайды білген соң «күте тұр, 10 минуттан кейін аударып жіберемін» деп қысқа қайырды. Әлгі бала әке сөзіне сеніп тапжылмай күтті. Жанындағы досына «күте тұрайық, әкем аударамын деп айтты» деп тосты. Сенімі ақталды, досының алдында абыройсыз қалмады. Әкелі-балалының осыбір аз уақыттық әңгімесі мені біраз ойға қалдырды. Көп ата-ана баласына кішкентайынан сенім білдірмейді, ашылып сөйлеспейді. Кейбірі қатаңдығын көрсеткен соң бала да үрке қарап, жалған сөйлеуге барады. Әлі ақшаның есебін біле қоймайтын баласына сұраған ақшасын бере қойғанына таң қалдым. «Сенімі жоқ балаңнан секем ал» демей ме?! Арадағы үлкен сенім жатқаны іштей қуантып қойды.
Бәзбіреулер өзінің жас күніндегідей баласына қолдан жасап алған «жоқшылығында» ұстағысы келеді ғой. Бірақ бүгінгінің баласы мұны мүлде түсінбейді. Сыр шешіле әңгіме айтып, қарым-қатынас өзара сенімге құрылмаса, тіпте қиын. Қиғылықты салып, түр-түрлі мінез көрсетеді.
Жоғарыдағы жайттан ұққаным, мынау болды. Баланы ерте жастан сенімділікке пен ашықтыққа үйрету керек екен. Жалпы біз басқа тұрмақ балаға да сенбейміз. «Ұстама, жолама, құлатасың, төгіп аласың, бүлдіресің» деп ештеңеге жолатқымыз келмейді.
Қала берді бізде кейбір отбасында көп жүктемені әйелге артып қояды. Басқасының бәрін жиып қойғанның өзінде бала тәрбиесіне де ананы кінәлайды. Ал әке ше? Балаға анадан гөрі әкенің сенімі маңызды ғой. Ана баланы кез келген жағдайда жалғыз тастамайды, шүбәсіз сенеді, жақсы көреді. Әкелік мейірім де дәл солай балаға әсер етеді.
Біз үнемі бір дүниеге сеніп өмір сүреміз. Бәлки ертеңгі күнге, болашаққа зор сеніммен қарайтынымыз болар. Басқасы басқа, әуелі адам өзінің істеген маңдай терді еңбегіне сенеді. Еткен еңбегі адал болса сенімінің алдамасы анық. Бойында адалдығы бар жан сенімге селкеу түсіре қоймас, сірә?! Ал сол сенімді ерте жастан әке-шеше балаға теңдей құйып тәрбиелесе құба-құп болар еді.
А.АХМЕТ