» » Алғысқа лайық аспаз

Алғысқа лайық аспаз


  Өмірде қыр-сыры өз алдына бөлек мамандықтар бар. Соның ішінде аспаз мамандығы ең көп сұранысқа ие. Бұрын тамақ дайындаумен ошақ иелері ғана ай­налысса, қазір оның сырын игеру үшін бірнеше жыл білім алып, тәжірибе жинақтау маңызды. Аспаз еңбегі дайындаған тағамының тәттілігімен өлшенеді. Бүгін дәмді ас әзірлеп, алғысқа ие болып жүрген жанның бірін мақаламызға арқау етпекпіз.
   Ол – №250 мектеп-лицей жатақханасында ұзақ жыл­дан бері аспаз болып еңбек етіп келе жатқан Ырысалды Гадирова. Оқушылар жайдары жанның күліп беретін асын ішуге асханаға қарай асығады.
Ырысалды Қабдешқызы – Жосалы кентінің ту­масы. Мектеп бітіргеннен кейін Қызылордадағы №8 техникалық училищесіне оқуға түсіп, қағаз өңдеу технологі мамандығын алады. Училище түлектерін 1980- 1982 жылдары Латвия еліне тәжірибеден өтуге жібереді. Тәжірибе жинауға барған бойжеткен Баку қаласынан келіп, өздерімен бірге қызмет етіп жүрген Алим есімді азаматпен шаңырақ көтеріп, 12 жылдан аса Латвияның Юрмала қаласында тұрады. Өмірге Альбина мен Муслим атты қос перзенті келеді. 1990-жылдары зауыт жабылып, қаншама адам жұмыссыз қалады. Ы.Қабдешқызы отбасы­мен туған жерге қайтуды жөн санайды. Аудан орталығына келіп, еңбек етуге кіріседі. Жасынан түрлі тәттілер пісіріп, тағам дайындауға бейім жан аспаз мамандығын меңгеруге бел байлайды. 2010 жылы мектеп интернатының асхана­сына жұмысқа қабылданған ол күні бүгінге дейін табан аудармай абыройлы еңбек етіп келеді. Жақсы маман бо­луымен қатар, отбасында ардақты ана, өнегелі әже. Аль­бинасы №250 мектеп-лицейде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берсе, Муслим де өз мамандығымен қызмет етеді. Қос перзентінен немере сүйіп, бақытқа бөленіп отырған жан.
   Аспаздықты тек оқу арқылы игеріп кете алмайсыз, оған адамның бойында осы мамандыққа деген бейімділігі мен қызығушылығы болуы керек. Иә, кейбіреулерге тағам жасау оңай көрінеді. Оған да махаббат керек. Әсіресе аспазға тиянақтылық пен тазалық аса қажет.
   – Мектеп жатақханасында қанша бала оқып, бітіріп кетіп жатыр. Ұстазға оқушылары, түлектері ыстық бола­тыны тәрізді, біз де сол алдымызға келіп ас ішкен, 5-сы­ныбынан бастап 11-сыныпқа дейін көз алдымызда өскен балаларға бауыр басып қаламыз. Тек аспазбын деп тамақ берумен шектелмей, ақыл-кеңесімізді айтамыз. Жанымда Гүлмира деген өз ісіне мығым аспаз бар. Екеуміз бірнеше жылдан бері бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Балаларға ба­рынша дәмді тағам ұсынамыз, – дейді кейіпкеріміз.
   – Ырысалды апай сондай мейірімді. Қашан көрсеңіз де күлімдеп тұрады. Тамағынан бұрын қабағымен той­дырады. «Көңіл-күйлерің қалай, сабақтарың жақсы ма, қарындарың ашып қалмады ма, дәмді болды ма, тағы жейсің бе?» деп анамыздай қамқор болып жүреді. 11-сы­ныпты бітіріп, алтын ұямыздан ұшқалы тұрмыз. Мектеп жатақханасы біздің алаңсыз білім алуымызға жағдай жа­сады. Ұядан ұшып кетсек те тәрбиешілерімізді, аспаз апай­ларды, олардың дәмді тағамдарын сағынатын боламыз, – дейді жас түлек Жарқынай Кенжебек.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
28 мамыр 2024 ж. 403 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 273

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 370

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930