» » Маусымдық аллергиямен қалай күресеміз?

Маусымдық аллергиямен қалай күресеміз?

Фото
Көктем – жылдың ең керемет мезгілі. Осы уақытта жерге көк шығып, табиғаттың сәні кірмей ме?! Дей тұра бұл мезгіл кей адамға аса ұнай қоймайды. Мұның басты себебі – аллергия. Маусымдық аллергия – шөп тозаңынан туындайды. Ол көктем айларында шөптің, гүлдердің гүлдеп, тозаң шашатын кезеңінде пайда болып, күзге дейін созылады. Бұл уақыт аралығы аллергиктер үшін қауіпті кезең саналады. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесі бойынша, еліміздегі тұрғындардың шамамен 30-35 пайызы маусымдық аллергияның ең көп таралған түрлері – поллиноз, бронх демікпесі, аллергиялық ренитке шалдығады.
Аллергияның пайда болуына түрлі себептер бар. Егер сізде аллергия көктемнен бастап, күздің ортасына дейін жалғасса, ол өсімдік аллергиясы деп аталады. Оны ғылыми тілде поллиноз дейді. Ол – жоғары тыныс жолдары мен көздің шырышты қабығына өсімдік тозаңының түсуінен туындайтын аллергияның түрі. Қазірде елімізде әрбір бесінші адамда осы поллиноз кездеседі екен.
Иә, айналаңыздан қашан көрсеңіз де мұрны бітіп, көзі жасаурап, мазасы кететін адамдарды жиі байқайтын боларсыз. Оларды аллергия ауруының «құрбаны» деуге де болады. Адам ағзасында иммундық жүйе төмен болатын болса, денеге кері әсер ететін аллергияға бейім келеді. Қазіргі кезде аллергия өте жиі кездесетін аурулардың қатарында.
Оны көп жағдайда суық тиюмен шатастырып жатады. Басты айырмашылығы – аллергия кезінде дене қызуы болмайды. Аллергиялық тұмау көбінде тұрақты түшкіру мен мұрынның қышуы, көздің қызаруымен қоса жүреді. Бір өкініштісі, аллергия араға жыл санап мазалап, ұлғая береді. Мәселен, алғашқы жылы бір жеті ауырған болса, келесі жылы екі жеті осылай жалғасады. Тіпті аллергиямен ауыратындардың баласы да осы дертке бейім келеді екен. Демек, бұл тұқым қуалайды. Соңғы жылдары жаңа туған сәбиде де аллергия байқалады.
Мұның басты себебі – ағаш пен өсімдік тозаңының көбеюі. Көктемде өсімдіктің 100ден аса түрі гүлдейді. Тозаң ауаға тарайды. Мұрын бітелу, жөтел, көз астының ісуі, сулы көз, түшкіру секілді белгілерден аллергия екенін бірден аңғаруға болады.
– Аллергиямен күресіп келе жатқаныма 5 жылға жуық уақыт болыпты. Әдепкіде тек көктемде басталатын. Кейіннен қыста да, жазда да мазалайтын болып алды. Мұрным бітеліп, түнімен ұйықтай алмаймын. Мұрын ашатын «Нафтизин» дейтін тамшының көмегімен ғана түнімен ұйықтап шығамын. Істемеген нәрсем жоқ. Дәрігердің кеңесімен дәрі-дәрмек те қабылдадым. Бірақ оң нәтиже бермей келеді, – дейді аллергиямен ауырып жүрген Берік Ахметов.
Аллергияға жол бермес үшін дұрыс тамақтанып, дәрумені мол тағамдарды жеген жөн. Әсіресе, Д дәрумені мол тағамдарды тұтыну керек. Күн сайын кем дегенде 1015 минут күн сәулесінен Д дәруменін алу ағзаға да пайдалы. Сонымен қоса ашық түсті киім киюден бас тартқан дұрысырақ. Себебі, шаң-тозаң ең алдымен қызылды-жасылды киімдерге қонады екен. Сондай-ақ мамандар далада таңғы 6-дан 10-ға дейін жүрмеуге кеңес береді. Өйткені осы уақытта өсімдіктер тозаңды көп бөлетін көрінеді.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
17 мамыр 2024 ж. 205 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 276

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 373

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930