Бірлік қиын-қыстауда көрінеді
Елдің қамын ойлайтын ерлердің еңбегі етекке су келгенде көрінді. Батыс пен солтүстіктегі оқиға еңсемізді түсіріп, не қылмақпыз деген сауал санамызды тесіп бітті. Әлеуметтік желіде тараған бейнероликтердегі халықтың көз жасы мен олардың тұрмыстық жағдайы жанға тыныштық бермеді.
«Жолға шық, жол өзі апарады» деген сөз миға қайта-қайта шауып, тәуекелге бекініп халықтың жинаған 5 жүк көлігі болатын гуманитарлық көмекті бастап Астанадан Қостанайға жолға шықтық. Халыққа ең қажетті болады деген тұрмыстық заттарды, азық-түлік пен техникаларды алып, 700 шақырымнан асатын қара жолды басып келеміз. Торғайға табан тіреген сайын жолдың жиегіне тіреліп жатқан толассыз суды көріп, халықтың мұңды жағдайы мазасыздық тудыра берді. «Айтып келмейтін апат қой», «алдын алуға болатын жағдай еді», «халқым енді не болмақ?» деген пікірлер тістендіріп қояды. Көліктеріміз бұзылған күйде уақытқа жем болып, сағат санап жәрдем күтіп отырған халыққа шарасыздықтан кештетіп жеттік. Торғай Алаштың киелі азаматтарын тудырған, ұлттық сананы оятқан ортаны қалыптастырған өңір. Бейбіт күні баспанасынан айырылып, кіндік қаны тамған жерін амалсыздықтан тастап қашып, ботадай боздаған халықты көріп көзге еріксіз жас келді. Қолдан келер бар шарамыз ортадағы ағайындарымызға демеу болу, ішкі иммунитетін көтеру, бар жағдайды барынша түсіндіріп әкелген көмегімізді теңдей үлестіріп беру. Уақытқа тағы да ұтылмайық деп азаматтармен бас қосып үш-төрт сағаттық ұйқымен Торғайдың аудандарына қарай беттедік.
Жолдың ойлы жерлерін толықтай су басып кеткен. Қарғын судың деңгейі сағат сайын бір көтеріліп, бір түсіп тұрды. Біз алға кеткенде жер құрғақ болса, кері қайтқанда суды кешіп өтуге мәжбүр болдық. Елді мекендердің барлығына тоқтап, халықтың ахуалымен танысқаннан кейін керекті жабдықтарды түсіріп, халық аманатын табыстап отырдық.
Ауылдардың ішінде жағдайы күрделі аймақтардың біріне кірген Тәуіш ауылы. Көкірекке дейін көтерілген суды кешіп, халық ортасына қарай ұмтылып келеміз. Алыстан менмұндалап тұрған адамдарды көріп жандарына баруға бекіндік. Қарашаңырағы судың ортасында қалған тұрғындар құрғақ жерді пана қылып қажетті көмекті күтіп отыр екен. Қазақтың «Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» деген ұлы сөзінің түпкі мағынасы осы оқиға барысында байқалып, өне бойымызды сезіндіруге негіз болды. Су кешіп халыққа жақындаған сайын су бетінде пайда болған төрт түліктің өлекселері бізге қарсы жүзіп келеді. Қазағымның қазынасы қалқып бара жатқанда көкірегіңді өксік қысып қоя береді екен.
Бір топ ата-апаларымыздың жанына жақындап жағдай сұрасқан соң арқалап келген аманаттарымызды табыстадық. Барынша сабырға шақырып, артының жақсы болуына тілеулес екенімізді жеткіздік. Мөлдіреп қараған көздер мен мұқтаждыққа жеткізген бар болмыс көз алдымнан біраз уақытқа дейін кетпеді. Тәуіште жүріп Қазақстанның күре тамырына айналған Құлсарыны су басқанын көріп жүрегім қақ айырыла түсті. Дереу Астанадағы «Dauletten» қайырымдылық қорының директоры Жасұлан Бостандықұлымен байланысып, мұнайлы өлке халқына гуманитарлық көмек апару жөнінде нұсқау алдым. Бұл уақытта Бақдәулет Болатұлы бастаған Қазақстан жастарының Конгресі ұжымы Қостанай облысы бойынша волонтерлық қызметті үйлестіріп жүрген. Жігіттерге күш-қуат тілесіп, Атырауға аттану үшін Астанаға кері қарай жолға шықтық.
Астана мен Атыраудың арасы 2000 шақырымға жуық. Қалаға жеткен соң Құлсарының халқын іздеп эвакуациялық пункттерді араладық. Бірақ адамдардың саны тым аз екен. Жергілікті атқарушы орган өкілдерімен тілдескеннен кейін гуманитарлық көмек көрсету штабымен танысып, эвакуацияланған тұрғындардың басым бөлігі Боранқұл ауылы мен Бейнеу аудандарында екені жөнінде ресми ақпараттар алдық. Шұғыл жолға шығып Боранқұлдағы халыққа қажетті көмекті өз қолымызбен жеткіземіз деп ниет еттік. Бұл уақытта Атырау облысы бойынша төтенше жағдай жарияланып, халық арасында дүрбелең туды. Теміржол вокзалы мен әуежайда адамның қарасы тым көп. Барлығы жолға шығып, су басу қаупі бар өлкелерін тастап, уақытша көшуге асығып жатыр. Халық арасынан билет іздеген біз де «қашқындар» деген сөзге іліктік. Сыртымыздан көрген үлкен кісілер «Неге кетіп барасыңдар?», «Қорқақсыңдар!» деген сөздерді айтып жатты. Біз оларға «Біз көмекке келдік. Қашқын санағандарыңыз орынсыз» деп түсіндіріп әлекпіз. Осындай қарқынмен Боранқұлға жетіп Құлсарыдан эвакуацияланған тұрғындарға өз қолымызбен «Dauletten» қайырымдылық қорынан 3 тоннадан астам гуманитарлық көмекті (азықтүлік, тұрмыстық-химиялық тауарлар) әкеліп жеткіздік. Халық ақ батасын беріп, жағдай сұрап келген бізге алғыстарын білдіріп, көмекті теңдей бөліп алды. Бізде жырақта қалған елге қолымыздан келгенше үйі суға кеткені жайлы тіркелу, несие төлеуді уақытша тоқтату сынды кеңестерімізді беріп, үйінен айырылған адамдармен сұхбат құрдық.
Боранқұлда жүріп батыстың ақсап жатқаны жайлы ақпараттар келді. Көмек көрсету аймағының келесі нүктесі Орал екенін бірден түсініп, тағы да 750 шақырымнан асып жығылатын жолға шықтық. Уақыт бойынша жолға ұтылып жатқанымызды біліп, түнге де қарамастан нүктеге жетіп алуды ойладық. Батыс Қазақстанда Жайықтың деңгейі көтеріліп, су қаланың жиегіне дейін келген екен. Маңайдағы ауылдарды түгел су шайып, ондағы халық қала орталығына көшірілген. Қалада азық-түлік қоры жеткілікті болғанымен қажетті техниканың таптырмай жатқаны жарияланып жатты. Қор басшысымен байланыса келе қалаға тұрмыстық-химиялық тауарлар, үрлемелі қайық, жартылай комбинезон, суда киетін резеңке етік пен құтқару кеудешелерін әкелдік. Жергілікті белсенділер күні-түні қызмет жасап, бірнеше шақырымнан асатын бөгет тұрғызуда. Орал қаласы бойынша қауіпті су деңгейінің мөлшері 8,5 метрді құрайды. Күн сайын ағыс күшейіп, арнаны толтыруда. Қайырымды жандардың аманат етіп табыстаған көмегін гуманитарлық бас штабқа түсіріп, ахуалы күрделі аймақтарға жеткізу бойынша жұмыстарды үйлестірдік.
Халық әбден қажыған. Қолдағы барынан айырылғандар дағдарысқа ұшырап, келесі қадамның қандай боларын білмей әлек. Біз де өз мүмкіндігіміз деңгейінде көмек қолын созып, ағайынмен бір ортада болдық. Бұл апат еліміз үшін өте күрделі кезең болды. Қауіптің арты әлі де сейілген жоқ. Жүріп өткен жолымыз бойынша сапарда танысқан жақындарымызбен хатхабар алмасып, үздіксіз байланысып отырмыз.
Халықтың ауызбіршілік деңгейі осындай қиын-қыстау кезең туындағанда көрінді. Барлығы жұмыла қызмет жасап, кіндік қаны тамған жерінің қарыстай бөлігіне де су өткізбейміз деп амалдап әлек. Бірі – бұрын-соңды көрмеген, эвакуацияланып келген тұрғындарды шаңырақтарының астына қабылдаса, енді бірі – сол азаматтарға қолайлы жағдай ұйымдастырумен шұғылдануда. Құтқарушылар, жергілікті белсенділер, еріктілер мен қоғамдастықтың өкілдері бүгінгі күннің толағай батырлары. Олардың еңбегі алдағы уақытта еселеніп ескерілуі керек. Халықтың қамы үшін бар күштерін сарқа жұмсап жатқан батырларымызға қуат тілеп, қара жұмыс қызметінің қатарынан табылудамыз. Бөлінетін емес бірігетін қазақтың жалғасы екеніміз осыдан дәлел...
Нұрасыл БЕКМАТОВ