Елдік пен бірлік сыналар сәт
Қазір елімізде су тасқынына байланысты қалыптасқан күрделі жағдай барша жұртты алаңдатып отырғандығы жасырын емес. Көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат болып саналатын ахуалға орай 10 аймақта төтенше жағдай жарияланып, шұғыл шаралар қолға алынды. Елдік пен бірлік сыналар қиын-қыстау кезеңде бүкіл ел болып ұйысып, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге қолдан келер көмегін көрсетіп жатыр.
Дәл осы күндері жағдайы неғұрлым күрделі аймақтардың бірі – Батыс Қазақстан облысының Орал қаласына қайырымдылық керуенін ұйымдастыруға атсалысып, Сыр елінің қолдауын жеткізген жерлесіміз әрі әріптесіміз Нұрсұлтан Мықтыбаевпен байланысқан едік.
– 5 сәуір күні түс қайта басшымыз, яғни, «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамының бас директоры, «Amanat» партиясының белсендісі, «Жарық» бастауыш партия ұйымының төрағасы Дәурен Әбілқайыров шұғыл жиналыс жасап, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге, атап айтқанда, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына көмек көрсету туралы бастама көтерді. Барша әріптестерімізді өңірде бастау алған «Күшіміз – бірлікте!» акциясына бірігуге шақырды. Бұл бастамамызға Нұрлыбек Машбекұлы бастаған облыс басшылығы қажетті ұйымдастыру шараларына жан-жақты қолдау көрсетті. Артынша Дінмұхаммед Құдайбергенов, Құралай Жұманова, Әділ Отар және мен бар, бастамашыл топ құрылып, 5-9 сәуір аралығында түрлі құрал-саймандар, азық-түлік секілді бірінші кезектегі керек заттарды алуға кірістік. Біздің облыста қолжетімсіз болған кейбір құрал-жабдықтарды көршілес Шымкент қаласына барып әкелдік. 9 сәуір күні қаладағы «Тағзым» алаңына 10 жүк көлігі қойылып, барлық заттарды бөліп, тией бастадық. Ал 10 сәуір күні облыстық мәслихат және «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов бастаған өңір халқы, әріптестеріміз сәт-сапар тілеп, шығарып салды, – дейді Нұрсұлтан.
Нәтижесінде, аймақтағы ірі мұнай компанияларының бірі – «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамы аталған 5 облысқа демеушілік көрсетіп, 50 млн теңгенің 150 тонна қайырымдылық көмегін жіберді. Жиырма тонналық 10 жүк көлігіне ұн, қарақұмық жармасы, күріш, картоп, пияз, сәбіз, қант, макарон өнімдері күнбағыс майы, шай секілді азық-түлік, газ плиталары, қайық, күрек, қап, арба, резеңке етіктен тұратын құрал-саймандар, төсек жабдықтары, ыдыс-аяқ, гигиеналық заттар, дәрі-дәрмек, киім-кешек, төрт түлікке арналған жем және т.б. қажетті заттар тиеліпті. Жерлесіміздің айтуынша, табиғи апаттан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсетуде қарапайым халық та шет қалмаған. Олар екі күн бойы «Тағзым алаңына» келіп, қаржылай және заттай көмек көрсеткен. Бұдан бөлек, аталған қолдауға компанияның мердігер мекемелері де біркісідей атсалысыпты.
– 9-10 сәуір аралығында «Тағзым алаңына» келіп, қажетті көмек қолын созсам деген сырбойылықтардың қарасы қалың болды, – дейді Н.Мықтыбаев, – Гуманитарлық көмек тиеп жатқан жүк көліктерін, олардың сыртындағы «Қызылорда халқынан көмек» деген жазуды көріп, теріс айналмаған Сыр халқына айтар алғысымыз шексіз. Біреуі келілеп, енді біреуі қаптап, үшіншісі тонналап, кейбірі қаржылай – қолында барымен бөлісіп жатты. Ерекше алғысымызды біздің «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамының ұжымы мен мердігер мекемелеріне айтқымыз келеді. Олар алғашқы күннен бастап жанымыздан табылып, қолдан келген көмектерін аямады. Осы тұста Дәулет Әбілқайыров бастаған ұзақ қашықтыққа қатынайтын жүк көліктерінің иелері мен жүргізушілерінің еңбегі, қосқан үлесі орасан зор. Біріншіден, олар ешқандай ақы сұраған жоқ. Екіншіден, Сыр елінің қолдауын жеткізгенше күні-түні көз ілмей, рөлде отырды. Шындығын айту керек, олар болмаса, біздің көмегіміз діттеген жеріне жетпеуі де мүмкін еді. Өйткені, осындай үлкен жауапкершілік арқалап, батыстың шұрық-тесік жолын бетке алуға кез келген адам келісе бермейді.
Жерлесіміздің айтуынша, «Amanat» партиясы Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева, сондай-ақ, қызылордалық еріктілер де осы үлкен істің басынан табылған. Партияның қалалық филиалының бөлім меңгерушісі Асылхан Оспанов екі күн бойы аяғынан тік тұрып, 145 еріктіні жұмылдыра біліпті.
Осылайша екі тәулік бойы тоқтамастан жол жүріп, 2000 шақырымға жуық жолды артқа тастап, Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласына Сыр елінің аманатын жеткізген әріптесіміз ол жақтағы ахуалдың шынымен де күрделі екенін айтады.
– Біздің мақсат – осындай ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде батыс пен шығысқа, оңтүстік пен солтүстікке бөлінбей, бір ел екенімізді, елдігіміз бен бірлігімізді, «Алаштың анасы» атанған Сыр халқы батыс жұртшылығымен бірге тілекші, қолдаушы екендігін жеткізу болатын. Бұл ниетімізді Батыс Қазақстан облысының тұрғындары қуана қарсы алып, ризашылықтарын білдірді. Екі жүк көлігімен апарған қайырымдылық керуенін облыстық штабқа түсіріп, одан әрі қаланың шетіндегі Деркөл ауылында орналасқан Спорт клубындағы эвакуациялық пунктке арнайы барып, Қызылорда халқының сәлемі мен қолдауын жеткіздік. Ондағы тұрғындардың жағдайы өте қиын. Айтуларынша, баспаналары мен күнкөріс етіп отырған қорасындағы түлігінен, дүние-мүлкінен, құжаттарынан бір-ақ сәтте айырылып шыға келген. Көкейлерінде сан сауал, мың сұрақ. «Табиғи апат аяқталған соң не болады?», «Баспана мәселесі қалай шешіледі?», «Несие, қарыздан қалай құтыламыз?» дейді олар. Араларында мүгедек кісілер, созылмалы аурумен ауыратын қарт кісілер бар, кішкентай бала көп. Бір түнде тентіреп қалған олардың әңгімесін көзіңе жас алмай, жүрегің ауырмай тыңдау мүмкін емес. Ол кісілерді көргенде сабыр мен күш-қуат тілеп, жұбату сөз айтқаннан басқа қолдан келер шара жоқ екен. Бірақ өздері сондай күйде отырса да, сындарлы сәтте жанашыр бола білген біздің облыстың басшылығына, Сыр еліне алғыстарын жаудырып жатыр, – дейді әріптесіміз бізбен әңгімесінде.
Батыс Қазақстан облысындағы табиғи апат – Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан орын алған көрінеді. Қазір көршілес Ресейдің Орынбор облысы Иреклі су қоймасынан келетін судың жылдамдығы сәт сайын артып келеді. Осыған орай, облыста халық жаппай эвакуацияланып жатыр екен.
– «Amanat» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиұлының мәліметінше, біз барған күні өңірде 13068 адам эвакуацияланып, оның 1800-ден астамы эвакуациялық пункттерге орналастырылыпты. Облыста жалпы 161 эвакуациялық пункт дайындалған. Бүгінде оның 20-сы жұмыс істеп тұр, 14-і Орал қаласында, қалған алтауы аудандарда. Өңірдегі Жайық өзенінің бойында 94 ауыл орналасқан. Күні бүгін бұл ауылдарда жалпы ұзындығы 53 шақырым болатын бөгеттер тұрғызылыпты, – дейді аталған пункттерге барып, халықпен тілдесіп, Сыр өңірінің сәлемін жеткізген Нұрсұлтан.
Бес облысты бетке алған қайырымдылық керуені қазіргі таңда барлық өңірге толық жеткізілген. Ақтөбе, Атырау, Орал, Қостанайға өз уақыттарында жетсе, Петропавл қаласына қиындықпен әзер жеткен көрінеді. Оған басты себеп – қаланы су басып кетуі.
– Әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысына бет алған Асқар және Данабек атты әріптестеріміз қатты қиналды, – дейді жерлесіміз, – Қалаға кіреберіс тұстағы көпірге жете бергенде, қаланы су басып кеткен. Айналма жолға түсіп, орман арқылы барғанмен, балшықтан өте алмапты. Ақыры, Ресейге жақын тұстағы ауыл арқылы су кеше жүріп зорға жеткізіпті. Уақытында үлгеріпті.
Ерекше атап өтерлігі – қайырымдылық керуенін Қызылорда қаласынан шыққаннан бастап, барлық өңірге жеткенше мемлекеттік автоинспекция қызметкерлері бастап алып жүрген көрінеді. Бұл – жүргізушілердің жұмысын жеңілдетіп, үлкен көмек болғаны сөзсіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты халыққа үндеуінде: «Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді» деп атап өткен болатын. Иә, расында да, елдік пен бірлік сыналар сәтте алғашқылардың бірі болып қайырымдылық керуенін ұйымдастырып, Сыр халқының аманатын Батыс өңірдегі бауырларымызға жеткізген «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамының басшылығына, осы компанияда еңбек ететін жерлесіміз Н.Мықтыбаевқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА