» » Әлсізге әлің келгенмен...

Әлсізге әлің келгенмен...

Бүгінде дамушы елде өмір сүрудеміз. Өткенге қарағанда, жетістігіміз көп-ау. Десе де жетістігімізге қуана алмайтын кезіміз де бар. Себебі оны озбырлардың істері құрту үстінде. Өзгерген қоғам ба, әлде адам ба? Кінәліні іздеп шарқ ұрамыз. Ал оны дұрыстауға неге бас ауырмайды? Бақытты қоғамда тұрғанымызбен, тұрмыстық зорлықзомбылық көрушінің саны неге азаймауда? Шайқалған шаңырақ пен зәбір көріп зәрезап болған ұрпақтан не үміт күтеміз? Саралап көрсек.
Қатыгездік қоршауында
Бүгінгі қоғамның бір қасіреті – зорлықзомбылық. Көп жағдайда адамдар бұл туралы ашық айтқысы келмейді. Өзіне немесе жақынына залалы тиюден қорқады. Әйтсе де мұнысы бекер. Себебі ҚР Конституциясында «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар» деп жазылған. Соған қарамастан, кейінгі уақытта күйеуінен таяқ жеп, балапанын бауырына басып, дағдарыс орталығында бас сауғалаушы әйелдердің саны артқан. Статистиканы сөйлетсек, елде әр сегізінші әйел зорлықзомбылықтың құрбаны болады екен. Ал тұрмыс жағдайындағы қысымнан жылына 500-ден астам нәзік жанды көз жұмса, күн сайын әрбір бесінші әйел соққының астында қалады. Бұл мәліметтер көңілге қорқыныш ұялатады. Мұндағы ақпарат тек санаққа кіргені ғана. Ал үнсіз қалып, қорлық көрушілер саны беймәлім?!
Мұнан бөлек, тұрмыстық жәбір көрушінің қатарында қарттар мен балалар да бар. Әлеуметтік желіде тараған видеода Шымкентте қарт ананы қыздары мен күйеу балалары үй үшін ұрып тастаған. Соңғы кездері ата-анасын сабау жағдайлары жиілеп кетті. Тағы бір бейнекөріністе ер адамның анасына қол шығарып, балағаттап, артынан оны үйдің қабырғасына тіреп тұрып ұрғанын көруге болады. Енді бірінде ашуға булыққан әйел қарт анасын есікті іліп алғаны үшін ғана соққыға жығып, ұрысып жатыр. Туған балаларынан таяқ жеген қайран аналарымыз түн ұйқысын не үшін төрт бөлген деп қаласың.
Анасын таяқтың астына алып, әкесіне жұдырық ала жүгіретін балалардың жауыздық әрекеті әлеуметтік желіде көптеп жариялана бастады. Психолог мамандар ата-анасын сабау – ұлттық тәрбиенің төмендегені, адами құндылықтардың жойылып бара жатқанының көрінісі дейді. Әрине, бұл – ұлтымыз үшін жат дүние. Алайда атаананың перзентінен теперіш көруіне не түрткі? Бұған кім кінәлі? Жаһанданған заман ба, қатыгездік көбейген қоғам ба? Әлде әке-шеше тәрбиесінің әлсіздігінен бе? Сауал көп, бірақ жауап жоқ.
Сондай-ақ бұл қатарға әке-шешесінен немесе асыраушысынан күнде зорлық көретін балалар да жатады. Олар тіпті мұндай ісәрекетті қалыпты екен деп қабылдауы да мүмкін. Ал енді бірі кектеніп, өштесіп өседі. Одан кейін олардан мейірім күтіп көріңіз. Байқап қарасақ, қауіп жан-жақтан. Баладан да, ата-анадан да, ер адамнан да. Сонда біз қатыгездік қоршауында өмір сүреміз бе? Қоғам қайда барады?
Заң аясында
Әлсізге күш көрсетушіні қандай жаза күтеді? Бірнеше жыл бұрын «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы заң негізінде былапыт сөйлеу, қорлау, кемсіту және отбасындағы ұрып-соғу үшін әкімшілік жаза түрлері өзгертіліп, жауапкершілік күшейтілді. Нақтырақ тоқталсақ, бұрын «жанжалдар» үшін зәбір көрсетуші үш тәулікке қамалса, енді бес тәулікке дейін ұлғайтылды. Ал қол жұмсау және физикалық зардап келтіргені үшін бұрын айыппұл төлесе, қазір ескерту берумен ауыстырылды. Оған себеп, айыппұл отбасы бюджетінен төленетін болған соң, әйел мен бала зардап шекпеуі тиіс. Ал бұл жағдай екінші рет қайталанса, әкімшілік қамау уақыты – 20 тәулік.
Сонымен қатар, құқыққа қарсы ісәрекеттерді алғаш жасаған адам жәбірленушімен татуласып, ол арызын қай­­тарып алса, сот жа­­уапкершіліктен босатуы мүмкін. Ал жүйелі түрде ұрып-соғу болса, онда бұл ҚК 110-бабы «азаптау» бойынша бірінші бөлігінің санкциясымен 2 жылға дейін, ал екінші бөлігі 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңның қайта қаралып, өзгеріс енгізілгені – үлкен бастама. Алайда халық заңға толық сенім арта ала ма?
Бірде теледидардан әлеуметтік тәжірибені көзім шалып қалды. Онда көпшілік ортада ерлі-зайыптылар дауласып, ер адам әйеліне күш көрсетіп жатады. Айналасынан әрі-бері өткен адамдардың басым көпшілігі мән бермеді, кейбірі басын бұрып қарады, бірақ дауға араласпады. Шамамен жиырма шақты адам жандарынан өтсе, оның екеуі ғана әйелге араша түсті. Ал мән бермеген адамдардан себебі сұралды. Сонда басым бөлігі «Олар ерлі-зайыптылар ғой» десе, енді бірі «Полиция келгенде де ештеңе жасамайды, тек ескерту бергені болмаса. Біз тоқтатқанмен, басқа жерде де күш көрсетуі мүмкін ғой» деген пікірін жеткізді. Халық та полицияның қауқарына сенбейді және өзгенің отбасына кірісуді жөн санамайды. Бірақ мұндай немқұрайлылықтың соңы неге апарып соғуы мүмкін? Ойлаудың өзі қорқынышты.
Ал қазір қоғам болып бірнеше күнге созылған экс министрдің сотын тамашалап, талқыға салуда. Бірі даттайды, бірі ақтайды. Әлеуметтік желідегі жұртшылықтың жапа-тармағай жариялап жатқаны да осы. Оның астына жазылған пікірлердің тіпті шегі жоқ. Сонда кейде халықтың «осы соттан басқа жұмысы жоқ па?» деп қаласыз. Бауыр үшін шырылдаған аға, кінәні мойнына алғысы келмейтін қарсы тараптың күнделікті көрінісі киноға айналып барады. Ақ-қарасын Алла білер. Осы ретте әлсізге, әсіресе әйелге күш көрсету туралы асыл дінімізде не айтылған?
Шариғат шеңберінде
Негізінен ислам дінінде ең ізгі қарым-қатынас ретінде отбасылық құндылық көрсетіледі. Құран Кәрімде «Раббың тек оның өзіне ғана ғибадат етуіңді және ата-анаға жақсылық қылуды әмір етті. Егер құзырыңда олардың біреуі, әйтпесе екеуі бірдей қартайып қалса, оларға «уфф» деуші болма, ренжіте көрме және оларға жақсы сөз айт! Екеуіне де зор мейірмен, кішіпейілмен бас иіңдер, «Тәңірім, мені кішкентайымнан мәпелеп өсіргендей сен оларға рақым ет!» де. Демек, Алланың ғибадатынан кейін атаанаға жақсылық жасау қажет. Бұл – парыз. Бұл өз кезегінде дінімізде ата-ана ақысының қаншалықты ұлы екенін білдіреді. Ата-ананы ұрып-соғып, күш көрсетпек түгілі «уфф» деуге болмайды. Бұл сөздің екі мағынасы бар, біріншісі – ата-анаға жаман сөз айтып, құрметсіздік жасама дегені, екіншісі ата-анаға айтылған бұл сөз олардың «балам қиналып қалды ма?», «бір жайсыздыққа тап болды ма?» деп уайымға салынатынын білдіреді. Перзент ата-ананың қасында тұрғанда қаншалық өзін кішіпейіл ұстағаны соншалық жақсы. Тіпті дана халқымызда «Әкешешең жынды болса, байлап бақ» демей ме? Қартайған шағында қандай мінез көрсетсе де, оларды сөгуге құқымыз жоқ. Себебі олар біздің мына жарық дүниеге келуімізге себепші болды. Тәрбиелеп, адам қылды. Енді өз қолымыз өз аузымызға жеткенде, қорғансыз күйдегі оларға күш көсету – ақылға сыймайтын дүние.
Ал әйелмен қарым-қатынаста Мұхаммед пайғамбардың «Әйелдеріңмен жақсы мәміледе болыңдар. Сендердің ең жақсыларың – әйелдеріңмен жақсы мәміледе болғандарың» деген хадисі әйелдің құрмет пен қолдауға лайық екенін аңғартады. Сонымен қатар тағы бір хадисінде «Әркім сырттағыдан гөрі өз отбасыңдағыларға көбірек мейірімді болуы тиіс. Мен де сіздерге қарағанда отбасымдағыларға мейірімдірекпін» дейді. Бұл ұстанымдар қазақ халқының бітім-болмысына исламмен бірге енген-ді. Бүгінде осы тұрғыдан әлсіздік танытудамыз. Асылында, анаға, қызға, әйелге деген құрмет көрсетудің озық үлгісі осы асыл дінімізде. Оған мына хадис айқын дәлел болады. «Бір күні бір адам пайғамбардан «Әйелдердің қандай құқықтарын сақтауымыз қажет?» деп сұрайды. Сонда ол «Өзің тамақтандың ба, оны да тамақтандыр. Өзіңе киім сатып алдың ба, оған да сатып ал. Оның бетінен ұрма, ұрысып болған соң мазақ қылма, үйде жалғыз қалдырма» деген екен.
Психологиялық көзқарас
Зорлық-зомбылық басқа адамды бағындыру мақсатында немесе ұрып-соғуға құқым бар деп санаған жағдайда орын алады. Өзгеге қорлық көрсетуге бейім жанға психолог мынадай мінездеме береді. Олар өзін өте төмен немесе жоғары бағалайды, отбасында немесе қоғамда еркек басты рөлде болуы керек деген қағиданы қатаң ұстанады. Сондай-ақ өзі істеген іс-әрекетті өзгеден көргенде, ақтауға тырысады және өзінің агрессиялық ісі күрделі нәтижеге әкеледі деп ойламайды. Сонымен қатар олар тумысынан қызғаншақ болады дейді мамандар.
– Мұндай кісілер міндетті түрде психологқа жүгінуі тиіс. Психолог десе, шошына қарайтын біздің қоғам бұл маманның қызметін аса мойындай бермейді. Қазақ халқының «Әйел адамға рухы әлсіз ғана қол көтереді» деген даналығы бар. Осы жазылмаған заң ұзақ уақыт бойы сақталып келген-ді. Алайда мұны кейбір адамдар ұмытып кеткен секілді. Сонымен қатар қазір құндылық өзгерген уақыт. Бұрынғымен салыстырғанда физикалық қозғалысымыз азайды, жүктемеміз жеңілдеді. Бұл біздің жүйке жүйемізге әсер етуде. Бұрын күнделікті күйбең тіршілікпен адамдар артық әңгіме айтуға, бір-бірімен жарысуға уақыты болмайтын. Ол кездің құндылығы отбасы еді. Ал қазір материалдық құндылық алдыға шығып, отбасымыз екінші орынға ысырылып қалды. Осындай тұрмыстық қажеттілігімізді түгендейміз деп бала туу да шектелді. Әрбір отбасы өзі асырап жеткізе алатындай баланы өмірге әкеліп, өсірді. Баршылықта өскен мұндай балалар да затты құндылықтың шегі деп бағалайтын болды. Қазіргі ата-анаға, әйелге зорлық көрсету, педофилдердің іс-әрекеттері, мүмкіндігі шектеулі жандарды қорлау, басшының асыра сілтеушілігі – осы материалдық құндылықтың алдыңғы орынға шығып кеткенінің айқын көрінісі, – дейді психолог Әмина Кетебаева.
Аудандағы ахуал
Халық болған соң тіршілік бар. Сол тіршіліктегі әрбір үйдің ахуалы әртүрлі. Құндылықтары да сан алуан. Қоғам болған соң аласы да, құласы да бар. Дәл осы зорлық-зомбылық турасында аудандағы жауапты мамандардан ақпар алдық. Жыл басынан бері 34 қорғау нұсқамасы толтырылыпты. Бұл дегеніңіз бас-аяғы үш айда осынша шаңырақтың шырқы бұзылып, үйлерін көңілсіздік кернеді. Ондағы ұрпақ жайсыз көрініске куә болып, санасына сіңірді. Қанша уақыт өтсе де, мұндай көріністің көз алдыңыздан кетпей, санаңызда сайрап тұратыны жасырын емес қой. Аудандық полиция бөлімі, ондағы әрбір маман учаскелік полициялармен бірігіп ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырады. Одан бөлек, орталық алаңда түрлі бейнекөріністер көрсетіледі. Түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізілгенімен, тәртіпсіздік тыйылмай тұр. Оның басты себебі маскүнемдік дейді мамандар.
– Жалпы қоғамдағы зорлық-зомбылық бұл өте өзекті мәселеге айналуда. Әлемдегі қылмыстардың 30 пайызы осы күш көрсетудің себебінен болады екен. Аудандағы ахуал да мәз емес. Қазір бұрынғыға қарағанда заңда қаталдық бар. Жәбірленушінің өзі арыз жазбаса да, куәгерлердің анықтамаларымен қорғау нұсқамасын толтыруға болады. Сондай-ақ ауданда қамау пункті де бар. Бірінші татуласудан кейін, жағдай тағы қайталанса енді медиацияға рұқсат берілмейді. Бізде отбасы мүшелеріне күш көрсететін жандар қорғау нұсқамасы ретінде есепке алынып, үнемі бақылауда болады. Өкінішке орай, ата-анасына, бір туған бауырына, әйеліне, балаларына қол көтеріп, түрлі дене жарақатын қалдыруға дейін барған жағдайлар кездеседі. Бізге шағым айтушылардың сөздеріне сүйенсек, мұндай даудың басым көпшілігі ащы судың кесірінен орын алса, екіншісі ретсіз қызғаныштан, үшіншісі әлеуметтік жағдайға байланысты туындайтын көрінеді. «Ашынғанда шығады ащы даусым» демей ме? Сол секілді тұрмыстық қажеттілік қысқанда әйел адам отағасынан сұрайды. Ал отағасы оған жауапты жұдырықпен қайтарады. Мұндай жағдай өте көп. Оны несіне жасырамыз? Балаларына берілетін жәрдемақымен күн көріп, өзі жұмыс істегісі келмейтін немесе қоғамдық жұмысты өзіне ар санайтын азаматтар да ортамызда бар. Даудың басы осындай жандардан туындайды. Бұл ретте «отбасым» деп от кешіп, күні-түні қызметте жүрген азаматтар мұндай озбырлыққа бармайды. Қалай десек те, тұрмыстық зорлықзомбылық бүгін-ертең жабылатын тақырып емес, – дейді аудандық полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Айнұр Қасымова.
Жыл басында ауданда осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында «Отбасын қолдау орталығы» ашылған болатын. Ондағы мамандар халықпен тығыз байланыста жүйелі жұмыс жүргізуде.
– Ақпан айында ашылғаннан бері бізге қысқа мерзімді оқуға 7 адам тіркеліп, сәуірдің алғашқы аптасында оқуды бастап та кетті. 3 отбасы психологиялық көмек алса, демалыс бөлмесінің қызметін 2 адам пайдаланды. Одан бөлек, тұрмыстық жанжал бойынша 3 отбасымен мәміле жүргізілді. Бір айта кетерлігі, аудандық полиция бөлімімен тығыз байланыста жұмыс жүргіземіз. Сондай-ақ жанұя жылуын арттыру үшін дөңгелек үстел, ақпараттандыру бойынша іс сапар, психологиялық тренинг, танымдық ісшара, спорттық сайыс, ашық есік күні, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады, – дейді орталық директоры Нұрлыбек Балтабайұлы.
Келер ұрпаққа тигізер залалы
«Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, бала үшін отбасы тәрбиесінің орны бөлек. Себебі бала өзіне керекті рухани дүниенің барлығын қоршаған ортадан алады. Отбасындағы ата-ананың мінез-құлқы – баланың көз алдында үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысаны. Ата-ананың тәрбиесі дұрыс болмаса, бала бойына жағымсыз мінез жұқтырады. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» дегендей, кикілжіңі көп болатын отбасында есейген бала өскен соң, не әкесінің, не шешесінің отбасында өзін ұстау үлгісін қайталайды. Әкесінің анасына жасаған қорлығын көріп өскен қыз бала ер адамның барлығы осылай деген оймен өсіп, болашақта оны қалыпты жағдай деп қабылдап, ол да зорлықтың құрбаны болуы мүмкін. Немесе ер адамға деген жеккөрініш сезімі басым болып, тұрмыс құрғысы келмейтіні де бар. Ал мұндай қарым-қатынасты көріп өскен ер баланың бір тобы жасқаншақ болып өссе, екінші бір тобы әке әрекетін міндетті түрде қайталайтын көрінеді. Бала тәрбиесіне келгенде рухани-моральдық құндылықтар бірінші орында екені дінімізде де айтылған. Оған «Ата-ана өз баласына жақсы мінез-құлықтан артық тәрбие бере алмайды» деген хадисі айқын дәлел.
Түйін Өзгеге зорлық-зомбылық көрсету – жақсы тәрбие көрмегендіктен болады. Әл Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген нақылы бар. Бала жасынан қандай тәрбие алса, ержеткенде де сол әдеті қалмайды. Сондай-ақ бала естігенін емес, көргенін жасайды. Сол себепті қанымызда бар адалдық арамдыққа, мейірімділік қатыгездікке, ізеттілік дөрекілікке ауыспаса екен дейміз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
15 сәуір 2024 ж. 278 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 277

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 373

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930