» » Тұрмыстағы «таяққа» тыйым бола ма?

Тұрмыстағы «таяққа» тыйым бола ма?


Әлемде қылмыстың түрі өте көп. Соның ішінде ең көп тарағанының бірі – отбасында зәбір көрсетіп, жақынын жиі қысымға ұшырату. Сенген серігі өзіне қол көтеріп, киелі шаңырағын күнделікті қылмыс орнына айналдырғандай. Себебі бұл мәселе күн сайын  әлеуметтік желіде жиі қозғалып жүр.
(сурет ашық дереккөзден)

Мамандардың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түрі әрбір 8-ші отбасында бар. Әрбір үшінші отбасында бұл жағдай орын алса, жетінші әйел экономикалық, алтыншы әйел – физикалық, әрбір үшінші әйел – психологиялық зорлық-зомбылыққа тап болатын көрінеді. Өкінішке қарай қазіргі қоғамда отбасындағы кемсіту мен қорқыту қалыпты жағдайға айналды. Қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстарына құлақ үйренді. Құдды қасиетті шаңырақтың қалыпты әдеті секілді. Қоғам дертіне айналған бұл құбылыстың тамырына балта шабуға бола ма? Заңнамадағы соңғы өзгерістер бұл бағыттағы қылмыстың алын алуға қаншалықты ықпал ете алады? Саралап көрелік.

Заң қорған бола ала ма?

Әйелдер мен қорғансыз балаларға жасалатын зорлық-зомбылықпен күресу – мемлекеттің басты назарындағы өзекті меселенің бірі. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабында да әйелдерге қол сілтейтіндерге ескертуден бастап, айыппұлға тарту, он тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жазалар қарастырылған.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес, «Құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетіліп, былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдіру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғын жайда жасалған басқа да әрекеттер, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жаза қолданылатын іс-әрекет белгілері болмаса» ескерту жасауға, не үш тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады.
Енді ұрып-соғу мен  денсаулыққа жеңіл зиян келтіру  қылмыс түрі әкімшілік кодекстен қылмыстық кодекске ауыстырылады. Бұдан былай ұрып-соғудың жеңіл түрі болса да қылмыскер қылмыстық кодекс бойынша жазаланады. Сондай-ақ азаптау бойынша жаңа бап қолданысқа еніп,  3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Моральды құрту «марафоны» болып жатыр ма?

Қоғамдағы кез келген мәселе тәрбиеге келіп тіреледі. Бүгінгі бала ертеңгі бір үйдің отағасы, отанасы. Жастармен жұмысты үйленбей тұрып қолға алу қажет. Олардың санасына отбасы болудың жауапкершілігін сіңіру керек. Оңтүстік өңірлерде үйлену үшін үйленетіндер көп. Қыздар оң босағада отырып қалмау үшін тойға дейін ер адамның көзқарасын елемей, көзі соқыр қалыпта тұрмыс құрады. «Үйде отырсын, бала туып, үй тірлігіне шығыссын» деп, әйелді әке-шешесіне күң ретінде алатын еркек те бар. Сүймей алады да, көшеден қызық іздеп, соңында шаңырағындағы адамнан сұлулық таппай таяқтың көкесін көрсетеді. Жазығы жоқ әйелін өз өмірінде жолы болмаған кез келген нәрсе үшін таяқ жегізеді. Бұл өтірік емес. Ал сүймеген адамды қанша тыраштансаңыз да тәрбиелей алмайсыз. Сөйтіп, бес баласын сүйреп дағдарыс орталығынан бір-ақ шығады. Әйел «бала туып берсем, өзгереді» деген алдамшы түсінікпен жүреді. Соңында өзін тастауға дейін барады. Балаларымен бірге өзін өлімге қиған аналарды да көрдік қой. Тұтас бір отбасы мүшелері (ерінен басқа) жан тапсырды. Қандай ауыр дүние, иә?!

Ащы судың кесірі

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 80%-і мас күйінде жасалады. Сонымен қатар әйелі мен балаларын ұрып-соғатындардың басым бөлігі – жұмыссыздар. Бұрын жабық шымылдық артында қалатын бұл тақырып, қазірде ашық талқыға түсіп, қоғам назарына ілікті. Өз әйелін өлтіретіндер мен баласын ұрып-соққан әкелер жайлы жиі еститін болдық. Рас, мұндай қылмыстың көбін ішімдікке сылқия тойғандар жасайды. Сол себепті, бүгінгі таңда мас күйіндегі тұрмыстық жаңжалқойларды оқшаулау мәселесі маңызды.
–       Келін болып түскен алғашқы аптада бұрынғы жолдасым мені таяқтады. Ол кезде жас болдым ба екен, әлде өз құқығымды білмедім бе екен. Оны дұрыс көргендей үндемей қалдым. Бірақ уақыт өте келе бұл жалғаса берді. Жасыратыны жоқ, бізде «барған жеріңе тастай батып, судай сің. Қайтып келген қыз жаман» деген қатып қалған стреотиптер бар ғой. Бейсаналы түрде сол миға әбден сіңіп қалған. Солай талай «көз көгерді». Оның барлығы ішімдіктен болды. Тәннің жарасын былай қойғанда, небір жүрекке салмақ салған ауыр сөздер де айтылды. Бірақ бір күні жұрттың сөзі, ата-ана, ағайын-туыстың әңгімесіне қарамай, шешім қабылдап ол үйден кетіп қалдым. Екіге ажырадық. Расымен қашан таяқтар екен деп қорқып жүру мені әбден қажытты. Әлі де шыдар болсам өлі денем шығар еді деген ойдан есімді жидым. Өткеніме өкінбеймін. Бұл да бір өмірімдегі сынақ болды. Бұл өмірде сынақсыз адам жоқ. Осы жағдай менің өзгеруіме, қалауым мен таңдауыма көңіл бөлуді үйретті. Өз өміріме жауапкершілік алуды түсіндім, – дейді Арайлым Әділова (аты-жөні өзгертілді).

Себеп неде?

Иә, бүгінде агрессорлар мен абьюзерлердің кесірінен қаншама шаңырақ шайқалып, әйел тағдыры талқыға түсіп, балалар зардап шегіп жатыр. Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатайтуды жұртшылық көптен бері талап етіп келеді. Енді заң бойынша мұндай қылмыстар үшін қатаң шаралар қолданылады.
Осы зорлық-зомбылықтың негізгі себептері зиянды әдеттерге келіп тіреледі. Мамандар соның ішінде – маскүнемдік, нашақорлық, құмар ойындарға еліру – 55%, әлеуметтік сипаттағы проблемалар – 47%, тұрақты табыстың болмауы 29% деп бағалап отыр. Осы үш санатты қосқан кезде халықтың үлкен бір бөлігі құралады. Көп жағдайда ер мен әйел ұрсысып, төбелеседі. Полицияға барып, арыз-шағым жазады. Кейін татуласып, қайта отбасына оралады. Татуласқаны жақсы, әрине.  Бірақ проблема әрі қарай да жалғаса береді. Мұны шешу – қазіргі қоғамның күн тәртібінде тұрған мәселе.

Сандарды сөйлетсек

Сарапшылардың зерттеуінше, басқа ұлт өкілдерімен салыстырғанда қазақ әйелдері арасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар саны әлдеқайда жоғары. Күйеуі ұрып-соққан әрбір төртінші қазақ әйелі ғана көмекке жүгінеді екен, ал әрбір бесінші қазақ әйелі осы тақырыптағы сұраққа жауап беруден бас тартқан. Олай етуіне де себеп бар, өйткені біздің менталитетімізде зорлық- зомбылыққа шыдау не оны жар салмай, жасыру – қалыпты жағдай. Қазақы танымда «ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды» деп әйел өзінің зардап шеккені туралы көмек сұраған кезде, екі жақ татуластыруға, қайтадан қосуға тырысып жатады.
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық саны статистикаға көнбейді. Өйткені көп жағдайда әлімжеттік көрген әйелдер құқық қорғау органдарына барудан бас тартып жатады. Әйел отбасында қандай зорлық көрсе де, жанұясы үшін бәріне төзуге мәжбүр. Солай бола тұра қадірін қашырған, шаңырақ шайқалған жайға да әйелдердің өзін кінәлап жатады.
Өткен жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала қайтыс болды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 99 мыңнан астам арыз түсіп, балаларға қатысты 2452 қылмыс жасалған. Былтыр ешкімді бей-жай қалдырмаған бірнеше атышулы істер де болды. 2023 жылдың алты айында полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 50 мың арыз қарап, оның 64%-і бойынша әкімшілік іс қозғаған. Жаңа заңнама аясында 2023 жылдың екінші жартыжылдығында әкімшілік қамауға алынғандар саны екі есе артқан. Арызданушылардың 27 мыңнан астамы қайта татуласқан. Зардап шеккендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы 87 мың қорғау нұсқамасы шығарылып, құқық бұзушының тәртібіне қатысты 15 мың арнайы талап қойылған екен.

Аудандағы ахуал қандай?

Әйел – отбасының ұйытқысы. Ол – қай кезеңде болмасын бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы.  Бірақ, бүгінгі қоғамда бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеткен әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналып, қысым көретіндігі, соққыға жығылып, өз құқықтарын білмеуі өзекті  мәселеге айналып келеді.
–       Тұрмыстық зорлық жағдайына тап болған әйел 102 телефонына хабарласқанда аудандық полиция бөлімінің жедел кезекші бөлімшесі бар. Соған қоңырау түскенде әкімшілік аймаққа бекітілген учаскелік полицияға хабарлайды. Мұнан соң жәбірленушінің арызын қабылдайды. Егер де әйелдің денесінде жарақат болса медициналық ұйымға көрсетіліп, қажетті анықтама алынады. Осылайша іс сотқа жолданады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап заңға түзетулер енгізілген болатын. Соған сәйкес жәбірленушінің өтінішінсіз әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді. Шағым бермеген жағдайда ағайын-туыстан не болмаса көрші-көлемнен түсініктемелері жеткілікті болады.  Айта кету керек, тараптарды қайта татуластыру алынып тасталынды, – дейді аудандық полиция бөлімінің ӘЗЗҚ тобының инспекторы, капитан Айнұр Қасымова.
Ауданда әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы «Тұрмыс» жедел профилактикалық іс-шаралары мен «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Әйелдерге қатысты  зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциялары тұрақты өткізіліп тұрады.  Биылғы жылдың қантар-ақпан айы бойынша 20 қорғау нұсқамасы шығарылған. Бұл нұсқаманы бұзған жағдайда әкімшілік шара көріледі.
–       Әйелі зәбір көріп, қоңырау түскенде барамыз. Сонда түрлі себеппен ұру жағдайын кездестіреміз. Оның басым бөлігі – маскүнемдік. Әйелдердің дені жұмыс жоқ деп қарап, қол қусырып отырмайды. Қоғамдық жұмысқа болсын барып, балаларының жағдайын жасайды. Ал ер адамдар тапқан азын-аулақ ақшасын отбасына емес, ішімдікке жұмсайды. Одан кейінгі себептердің қатарында – қызғаныш тұр. Әрине, сүйіп қосылған жарын қызғануы орынды. Десе де шектен тыс қызғаныш жайлары да бар. Сондай жөнсіз қызғаныштың кесірінен талай отбасы екіге айырылып жатыр. Мұнан бөлек, әлеуметтік жағдайдың төмендігі секілді мәселелер бар. Шағым түсірген әйел адамын 30 күн бойы бақылауда ұстаймыз. Әр 10 күн сайын учаскелік полиция инспекторымен бірге барып қадағалаймыз, денесінде қандай да бір жарақатының бар-жоғын тексеріп тұрамыз, – дейді Айнұр Қасымова.
Кейбір факт осындай тұрмыстық тауқымет тартып, тағдырдың тәлкегіне түскендердің өз-өзіне қол жұмсауға дейін барғанын дәлелдеуде. Соққы алу, өмірден таяқ жеу, біреудің зорлығына ұшырау – кімнің болса да жүрегіне жара салары анық. Ал сол жараның жазыла қоюы да екі талай. Тіпті, кейде өмір бойы адам одан зардап шегіп жатады. Тән жарасын емдеп жазуға болар-ау, жан жарасын жазуға қанша уақыт керек?
Иә, әйел құқығының сақталмауына байланысты қылмыс, оқыс оқиғалар кеңінен таралуда. Бұл ретте олардың кем дегенде жартысы бұл фактілер туралы тіс жарып айтпайды. Осылайша құрбандар жиі қорғаусыз қалады, ал құқық бұзушылар сирек жазаланады.

Түйін

Конституцияның 1-бабында: «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Бірақ біз қымбат қазынаға қалай қарап жүрміз өзі?! Тіршілік тақтасынан түрлі жолмен тайғанап кеткен тағдыр иелері қауіптен құтылуға кейде дәрменсіздік танытады. Расымен, қаншама әйелдің, баланың тепкіленген тағдыры тасада қалып жатыр. Бір кем дүние. Мейірімділік нұрын шашпаған жерде, зорлық-зомбылықтың күш ала беретіні сөзсіз. Қазақ әйелі тепкі мен таяққа емес, мейірім мен махаббатқа зәру екенін ұмытпайықшы.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
23 наурыз 2024 ж. 171 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 281

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 376

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930