» » Зорлық-зомбылықсыз өмір

Зорлық-зомбылықсыз өмір

Бүгінде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі. Алайда адамдар бұл туралы ашық айтпайды немесе айтуға қорқады. Бұл дұрыс емес. Негізінде, Қазақстан Республикасының Конс­титуциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған.
Зорлық-зомбылыққа азаматтардың құқын бұзатын бір адамның екінші адамға тәндік немесе психикалық ықпал етуі жатады. «Отбасы – шағын мемлекет» деген сөз оның қоғамдағы алар орнына қарай айтылса керек. Осы бір ғибратты сөз босағаның берік, шаңырақтың биік болуын, халық санының көбейіп, қоғам байлығының еселеп артуына өзіндік ықпал ететінін көрсетеді. Өкінішке қарай, түрлі жағдайға байланысты шаңырақтың шайқалып, бейкүнә сәбилердің жаутаңкөзге айналып жататын кездері де аз емес. Әрине, берекесі мен бірлігі жоқ, күнде айқай-шу болатын үйде зорлық-зомбылықтың болатыны белгілі. «Тәрбие тал бесіктен басталады» десек, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі еш уақытта қоғамды бей-жай қалдырған емес. Тұрмыстық зомбылықта көбіне зардап шегетіндер – әйелдер мен жас балалар. Бала үшін ата-анасының үйі әрқашан ең қауіпсіз жер бола бермейтінін айғақтайтын фактілер де ал арасында жиі кездеседі. Балаларға, әсіресе кішкентайларға зорлық-зомбылықтың үй, отбасы ішінде көрсетілуі көзге түсе қоймағандықтан, көп жағдайда мойындалмайды. Дөрекілік, балаға күш көрсету, олардың бағдарын өзгерту, зорлық-зомбылықты, сайып келгенде қылмысты тудырады. Ол тіпті өз-өзіне қол жұмсауға да алып келуі мүмкін.
Осы орайда жергілікті полиция қызметі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу бойынша республикалық акцияны өткізді. Басты мақсат – халықтың полиция органдарына сенімін арттыру, қоғамда отбасының рөлін нығайту. Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны Айнұр Қасымова ауданға қарасты барлық мектепте арнайы іс-шаралар өткізді. Бұл жиындар отбасындағы тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын қылмыстардың алдын алу мен жолын кесуді мақсат етті.
– Аудан көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылық, құқық бұзушылықтар мен қылмыстылықтың алдын алу мақсатында «Құқық тәртіп», «Тұрмыс» жедел профилактикалық іс-шаралары, «От­ба­сындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты республикалық акциясы өткізілді. Сонымен қатар мемлекеттік емес ұйымдармен бірігіп аудандық музей ғимаратының кітапханасында және Жастар ресурстық орталығында карантиндік талаптарды сақтай отырып дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Аграрлы-техникалық колледж студенттерімен, жоғары сынып оқушыларымен семинар-тренинг, кездесулер өтті. Қоғамда өмір сүріп отырған әрбір азамат зорлық-зомбылыққа жол бермеу керек, – дейді ол.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықты көріп өсу болашақ ұрпаққа қауіп төндіреді. Мұндай отбасындағы балалар бұл әрекетті отбасылық дау-жанжалдарды шешудің негізгі құралы ретінде қарастырады және болашақта өзінің отбасында да осы әрекетке жүгінетін болады. Отбасылық зорлық-зомбылық сонымен қатар ажырасулар мен толық емес отбасылар санының көбеюіне, балалар панасыздығын және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық сияқты бірқатар әлеуметтік мәселелерді тудырады.
– Отбасы дегеніміз – адамзаттың өзі­нің өмір сүру тарихында құрған ең ұлы құндылықтарының бірі. Отбасының даму үстінде болуына, сақталуына және нығайып отыруына қоғам және мемлекет әрдайым назарын бағыттайды. Әр адамға, жас шамасына қарамастан, берік әрі сенімді отбасы қажет. Қазіргі таңда бүкіл әлемде отбасы ішіндегі тұрмыстық зорлық-зомбылық кең тарауда. Соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі құқық қорғау органдары мен халықтың назарын күшейте түсті. Біз бұл мақсатта жұмысымызды жүйелі түрде жалғастыра береміз. Біздің мақсат – отбасын ажырату емес, керісінше бірлігі бекем, берекелі шаңырақтың санын арттыру, – дейді полиция капитаны Айнұр Қасымова.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
22 ақпан 2022 ж. 2 241 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031