» » Әлсізге әлің келгенмен

Әлсізге әлің келгенмен

Бүгінде дамушы елде өмір сүрудеміз. Өткенге қарағанда, жетістігіміз көп-ау. Десе де жетістігімізге қуана алмайтын да кезіміз бар. Өзгерген қоғам ба, әлде адам ба? Кінәліні іздеп шарқ ұрамыз. Ал оны дұрыстауға неге бас ауырмайды? Бақытты қоғамда тұрғанымызбен, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрушінің саны неге азаймауда? Шайқалған шаңырақ пен зәбір көріп зәрезап болғап ұрпақтан не үміт күтеміз?

Бүгінгі қоғамның бір қасіреті – зорлық-зомбылық. Көп жағдайда адамдар бұл туралы ашық айтқысы келмейді. Өзіне немесе жақынына залалы тиюден қорқады. Әйтсе де мұнысы бекер. Себебі ҚР Конституциясында «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар» деп жазылған. Соған қарамастан, кейінгі уақытта күйеуінен таяқ жеп, балапанын бауырына басып, дағдарыс орталығында бас сауғалаушы әйелдердің саны артқан. Статистиканы сөйлетсек, елде әр сегінші әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болады екен. Ал тұрмыс жағдайдағы қысымнан жылына 400-ге жуық нәзік жанды көз жұмса, күн сайын әрбір бесінші әйел соққының астында қалады. Мұнан бөлек, тұрмыстық жәбір көрушінің қатарында қарттар мен балалар да бар. Бұл мәліметтер көңілге қорқыныш ұялатады. Мұндағы ақпарат тек санаққа кіргені ғана. Ал үнсіз қалып, қорлық көрушілер саны беймәлім?

Заң аясында

Әлсізге күш көрсетушіні қандай жаза күтеді? Жақында «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы заң негізінде былапыт сөйлеу, қорлау, кемсіту және отбасындағы ұрып-соғу үшін әкімшілік жаза түрлері өзгертіліп, жауапкершілік күшейтілді. Нақтырақ тоқталсақ, бұрын «жанжалдар» үшін зәбір көрсетуші үш тәулікке қамалса, енді бес тәулікке дейін ұлғайтылды. Ал қол жұмсау және физикалық зардап келтіргені үшін бұрын айыппұл төлесе, қазір ескерту берумен ауыстырылды. Оған себеп, айыппұл отбасы бюджетінен төленетін болған соң, әйел мен бала зардап шекпеуі тиіс. Ал бұл жағдай екінші рет қайталанса әкімшілік қамау уақыты – 20 тәулік.
Сонымен қатар, құқыққа қарсы іс-әркеттерді алғаш жасаған адам жәбірленушімен татуласып, ол арызын қайтарып алса сот жауапкершіліктен босатуы мүмкін. Ал жүйелі түрде ұрып-соғу болса, онда бұл ҚК 110-бабы «азаптау» бойынша бірінші бөлігінің санкциясымен 2 жылға дейін, ал екінші бөлігі 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңның қайта қаралып, өзгеріс енгізілгені – үлкен бастама. Әлсізге, әсіресе әйелге күш көрсету туралы асыл дінімізде не айтылған?


Шариғат шеңберінде

Негізінен ислам дінінде ең ізгі қарым-қатынас ретінде отбасылық құндылық көрсетіледі. Мұхаммед пайғамбардың: «Әйелдеріңмен жақсы мәміледе болыңдар. Сендердің ең жақсыларың – әйелдеріңмен жақсы мәміледе болғандарың» деген хадисі әйелдің құрмет пен қолдауға лайық екенін аңғартады. Сонымен қатар тағы бір хадисінде «Әркім сырттағыдан гөрі өз отбасыңдағыларға көбірек мейірімді болуы тиіс. Мен де сіздерге қарағанда отбасымдағыларға мейірімдірекпін» дейді. Бұл ұстанымдар қазақ халқының бітім-болмысына исламмен бірге енген-ді. Бүгінде осы тұрғыдан әлсіздік танытудамыз. Асылында, анаға, қызға, әйелге деген құрмет көрсетудің озық үлгісі осы асыл дінімізде. Оған мына хадис айқын дәлел болады. «Бір күні бір адам пайғамбардан «Әйелдердің қандай құқықтарын сақтауымыз қажет?» деп сұрайды. Сонда ол «Өзің тамақтандың ба, оны да тамақтандыр. Өзіңе киім сатып алдың ба, оған да сатып ал. Оның бетінен ұрма, ұрысып болған соң мазақ қылма, үйде жалғыз қалдырма» деген екен.

Психологиялық көзқарас

Зорлық-зомбылық басқа адамды бағындыру мақсатында немесе ұрып-соғуға құқым бар деп санаған жағдайда орын алады. Өзгеге қорлық көрсетуге бейім жанға психолог мынадай мінездеме береді. Олар өзін өте төмен немесе өте жоғары бағалайды, отбасында немесе қоғамда еркек басты рөлде болуы керек деген қағиданы қатаң ұстанады. Сондай-ақ, өзі істеген іс-әрекетті өзгеден көргенде, ақтауға тырысады және өзінің агрессиялық ісі күрделі нәтижеге әкеледі деп ойламайды. Сонымен қатар олар тумысынан қызғаншақ болады дейді мамандар.
– Мұндай кісілер міндетті түрде психологқа жүгінуі тиіс. Психолог десе «шошына» қарайтын біздің қоғам бұл маманның қызметін аса мойындай бермейді. Қазақ халқының «Әйел адамға рухы әлсіз ғана қол көтереді» деген даналығы бар. Осы жазылмаған заң ұзақ уақыт бойы сақталып келген-ді. Алайда, мұны кейбір адамдар ұмытып кетсен секілді, – дейді психолог Ақтолқын Нұрмағамбетова.

Келер ұрпаққа тигізер залалы

«Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», – демекші бала үшін отбасы тәрбиесінің орын бөлек. Себебі бала өзіне керекті рухани дүниенің барлығын қоршаған ортадан алады. Отбасындағы ата-ананың мінез-құлқы – баланың көз алдында үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысаны. Ата-ананың тәрбиесі дұрыс болмаса, бала бойына жағымсыз мінез жұқтырады. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» дегендей, кикілжіңі көп болатын отбасында есейген бала өскен соң, не әкесінің, не шешесінің отбасында өзін ұстау үлгісін қайталайды. Әкесінің анасына жасаған қорлығын көріп өскен қыз бала ер адамның барлығы осылай деген оймен өсіп, болашақта оны қалыпты жағдай деп қабылдап, ол да зорлықтың құрбаны болуы мүмкін. Немесе ер адамға деген жеккөрініш сезімі басым болып, тұрмыс құрғысы келмейтіні де бар. Ал мұндай қарым-қатынасты көріп өскен ер баланың бір тобы жасқаншақ болып өссе, екінші бір тобы әке әрекетін міндетті түрде қайталайтын көрінеді. Бала тәрбиесіне келгенде рухани-моральдық құндылықтар бірінші орында екені дінімізде де айтылған. Оған «Ата-ана өз баласына жақсы мінез-құлықтан артық тәрбие бере алмайды» деген хадис айқын дәлел.

Түйін

Өзгеге зорлық-зомбылық көрсету – жақсы тәрбие көрмегендіктен болады. Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген нақылы бар. Бала жасынан қандай тәрбие алса, ержеткенде де сол әдеті қалмайды. Сондай-ақ бала естігенін емес, көргенін жасайды. Сол себепті қанымызда бар адалдық арамдыққа, мейірімділік қатыгездікке, ізеттілік дөрекілікке ауыспаса екен дейміз.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
05 ақпан 2020 ж. 866 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 040

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031