» » БІЗ ҚАНШАЛЫҚТЫ мейірімдіміз?

БІЗ ҚАНШАЛЫҚТЫ мейірімдіміз?

Қазір мемлекетіміздің алдында әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына ену мақсаты тұр. Оған ену – жеңіл шаруа емес. Оның көптеген критерийлері бар. Дамыған елдің дамушы және даму даңғылына түскен елден артықшылығы да осында. Соның бір шарты – бақытты отбасын құру. Бір анығы, әрбір отбасында бақыт пен тұрақтылық орнағанда ғана біз алға қойған мақсатымызға қол жеткіземіз.


Ол үшін бірінші кезекте тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа тұсау салуымыз керек. Бұл бағытта саяси, құқықтық негізде бірқатар шаруалар іске асырылуда. Десе де, тұрмыстағы қатыгездік пен безбүйректілікті қалай тоқ­татуға болады? Жалпы, бейресми мәліметке сүйенсек, әлемде тұрмыс жағдайында аталған зорлыққа ұшыраушылардың денін әйелдер мен жас балалар, сондай-ақ қарттар құрайды екен. Кейбір факт осындай тұрмыстық тау­қымет тартып, тағдырдың тәлкегіне түскен­дердің өз-өзіне қол жұмсауға дейін барғанын дәлелдеуде. Соққы алу, өмірден таяқ жеу, қағажу көру, біреудің зорлығына ұшырау – кімнің болса да жүрегіне жара салары анық. Оның жазыла қоюы да неғайбыл. Тіпті, кейде өмір бойы адам одан зардап шегуі де мүмкін. Тән жарасын емдеп жазуға болар-ау, жан жарасын жазуға қанша уақыт керек?
Бүгінде осындай келеңсіздік салдарынан қоғамда сотқа жүгіну дерегі көбейді. Соған сәйкес, елімізде сотқа дейінгі жүгіну механизмін жүзеге асыратын – медиаторлар қызметі пайда болды. Олардың жұмысы – жаға жыртысқанды тәубеге шақырып, дауласқанды ортақ шешімге келтіру. Осындай жауапты жұмысты мойнына алған азаматтың бірі – Жақсыбай Жәкеев.
– Жосалы кенті бойынша 10 медиатор жұмыс істейміз. Өткен жыл көлемінде 80-ге жуық іс қарадық. Жеке өзім 20-ға жуық дауды шешуге атсалыстым. Кент бойынша медиаторлар жер, мүлік, ақша, жесір дауы сияқты сиырқұйымшақтанған мәселелерді шешуге араласты. Олардың ішінде тұрмыс­тық зорлық-зомбылыққа байланысты 7-8 істі сотқа дейін қарап, оң шешімін табуына үлесімізді қостық. Күштінің әлсізге әлім­жеттік көрсетуі – әлемдегі ең бейшаралық дер едім. Отбасында араққа сылқия тойған күйеуі әйеліне қол жұмсайды, соққыға жы­ғады. Арада ұрыс-керіс, шу шығады. Бірін-бірі даттайды. Зәбір көрген әйел соңында ажырасуға сотқа арызданады. Әйел жұмыс істегісі келмейтін маскүнем күйеумен бірге тұрғысы келмейді. Мұндай кеселдің белең алуына басты себеп – ішкілік пен еркектің табыс таппауы. Жанұядағы тұрмыстық жетіс­пеушілік. Бірде мынадай оқиғаның куәсі болдым. Келіншек жолдасының (күйеуінің) жүріс-тұрысы бар екеніне шағымданып, арыз түсірді. Соған сай ажырасқысы келетінін айтты. Біз одан: «Өзің күйеуіңнің әдепсіздігінің үстінен түстің бе, көзіңмен көрдің бе? – деп сұрадық. Ол болса: "Жоқ, көршім айтты, танысым айттыдан" аса алмады. Медиаторлар қай істе де екі жақты татуластыруға, істің әділ шешілуіне барымызды саламыз. Солай істеп те жүрміз. Қазір өңірде (Байқоңыр қаласы, Төретам кенті мен Ақай ауылын қоса алғанда) ажырасу – 50 пайызға өсуде. Отбасылық құндылықтың қадірін түсінбеудеміз. Ажырасу – сәнге айналды. Тағы бір арызданушының ісін қарағанымызда, қатты қынжылдық. Келіншек еңбек биржасымен жұмыс істейді екен. Алатын азын-аулақ нәпақасын күйеуі тартып алып, ішімдік ішетін көрінеді. Ал, отбасын асырайтын отағасы болса жұмысы жоқтығын сылтауратады-мыс. Ажырасудың зардабын бала тартады. Сотта ажырасу кезінде 13-ке толған балаға ата-ана таңдау еркі беріледі. Алимент 18 жасқа дейін өндіріледі. 18-ге толған соң алимент төленбейді. Заң бо­йынша, егер бала анасында қалса, алиментті әкесі, ал бала әкесінде болса, алиментті шешесі төлейді. Анасы басқа адаммен тұрмыс құрып, үлпершектей 3 ұлы мен 3 қызын әкесіне тастап кеткен істі де қарағанбыз. Негізі ажырасу – бірыңғай ер кісіден немесе әйелден болмайды. Кінә екі жақтан да болады. Жанұясы мен балаларына қарамайтын, қаңғыбастыққа салынған, араққұмар әйелдер де кездесті біздің тәжірибемізде. Ажырасу – жалғыз ау­дан емес, Қазақстан бойынша өзекті мәселеге айналып тұрғаны өкінішті. Әйтсе де, бұл бағытта түрлі шара атқарылуда. Аудандық сот төрағасымен, құқық қорғау, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен бірге мектеп, колледж оқушыларымен және мекеме қызметкерлерімен басқосу, жиындар өткізілуде. Жастар үйленуді жоспарлауы керек. Қазір алдымен тұрмысты түзеп алып, үйлену керек деген пікір де айтылуда. Қызымыз несиеге ұзатылып, ұлымыз несие­ге үйленуде. Тұрмыстың доңғалағы артқа кеткенде адамнан ұят кетіп, соңы екі жастың кетісуіне әкеп жатқан деректер жетерлік. Азаматтық неке деген түсінік бар қоғамда. Мұның қаншалықты неке деуге келетінін білмеймін, ер мен әйел әйтеуір бір үйде тұрады. Көңілі жарасса – тұрады, егер бір күні жараспай қалса – «әне, есік ашық, шығып кете бер». Бұл қандай неке? Отбасы берекелі болу үшін – тәлім-тәрбие керек. Берекесіздік – отбасындағы дау, айқай-шу мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтан басталады. Медиаторлар – біз, қолдан келгенше ша­ғымданушы тараптарды достастырамыз, татуластырамыз. Бізге жүктелген міндет те осы. Бірақ, мұның бәрі болары болып, бояуы сіңген соң ғана атқарылатын іс. Мүкіндігінше, зомбылыққа жол бермей, бала болашағын ойлағанымыз абзал. Әсіресе, ер-азаматтар отбасына, әйелі­не қамқор болса, зомбылықтың да орын алмасы сөзсіз, – дейді медиатор.
Зорлық дегеннен шығады, бүгінде сал­тымыздың қаймағы, дәстүріміздің дәрпі бұ­зыл­маған қазақы ауылда хал-ахуал қандай? Тү­тіні түзу ұшқан ауыл айтулы кеселден аман ба?
– Ауылымызда айтарлықтай агрессивті жағдай жоқ. Десе де, бір отбасы болды. Қазір ол отбасындағы жағдай реттеліп келеді. Елге дабыра қылмадық. Ер-азамат ұл-қызына өзі қарап отыр. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген ғой атам қазақ. Бір адам – бір тағдыр. Тағдыр – адам өмірінің өлшемі. Онымен ойнауға болмас. Сол себептен де оған бей-жай қарай алмаймыз. Елдің ауызбірлігі мен ынтымағын сақтауда ауыл ақсақалдары, ардагерлер, әйелдер кеңесі мен учаскелік инс­пектордың ықпалы зор. Бұл ретте, кезінде елге басшылық жасаған, көз көрген, құймақұлақ шежіре ақсақалдарымыздың орны ерекше. Осы қариялар ауылдағы әр нәрсеге жаны ашып, шырылдайды. Қай кезде де белсенділік танытады. Отбасындағы көптеген кикілжің әлеуметтік жағдайдан тамырлайды. Мүмкіндігінше, әлеуметтік осал топ мүшесіне қол ұшын созамыз. Ауылда азаматтық түсінік қалыптасқан, – дей­ді Қармақшы ауылының әкімі Әлімбай Біл­жанов.
Ұрып-соғу демекші, ертеде аталарымыз әйелге зорлық-зомбылық көрсетпеген. Қазақ қызын төзімділікке, қанағатшылдыққа тәрбиелеген. Қыз бала тәліміне аса мән берген. Жастайынан кесте тіктіріп, кілем тоқытқан. Мұндай қолөнермен айналысқан қазақ қыздары қашан да ерге сүйеу, елге тіреу бола білген. Қазір нәзік жандыларға осы шыдам мен төзім жетіспейтіндей. Сәл қиыншылықтан сынып, мүжіліп жатады. Жас отбасын сақтауға атсалысудың орнына кей ана: «Ішіме сыйған бала, сыртыма да сыяды» деп кердігеді. Осы «сыядылар» талай шаңырақтың шайқалуына, талай отбасының ыдырауына сеп болып жүр. Сондай-ақ, келесі бір мысал – келін мен ене арасындағы түсініспеушілік те отбасының ойранын шығаруда. Бірді айтып, бірге кеткендей болып жатырмыз. Қалай айтсақ та, отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмаудың бірден-бір шарты – салт-дәстүрімізді жаңғыртып, қоғамдық көзқарасты өзгерту.

Түйін:
Қазақ – кемеңгер де дана халық. Ертеде аталарымыз кішкентай баланы көрсе: «Осыдан бірдеңе шығады, түбінде бір жерді тесіп шығады» деп жақсы баға беретін болған. Расымен де, кейіннен сол баланың халыққа құрметті, елге сыйлы, жоғары жетістікке жеткен абыройлы азамат болғанын көреміз. Мұнан шығар түйін – адамның келешекте кім болмағы оның бүгінгі іс-әрекетіне байланысты. Бұл – дәстүрімізде сан ғасырдан бері дә­лелденген дүние. Ал, бізге осы дағдыны дұ­­рыс қабылдай білу керек. Себебі, мейі­рімділік ұрық шашпаған жерде, зорлық-зомбылықтың күш ала беретіні сөзсіз.

С.Райымбаева
17 қаңтар 2019 ж. 958 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031