» » ҮЙЛЕНІП, ҮЙ САЛҒАН ЖӨН БЕ, ӘЛДЕ ҮЙ САЛЫП, ҮЙЛЕНГЕН ЖӨН БЕ?

ҮЙЛЕНІП, ҮЙ САЛҒАН ЖӨН БЕ, ӘЛДЕ ҮЙ САЛЫП, ҮЙЛЕНГЕН ЖӨН БЕ?

Адамзат баласының асылы, ұлық Пайғамбар кезекті бір хадисінде: «Мен үмбетімнің көптігімен мақтанамын» деген екен. Шынында да, Мұхаммед (с.ғ.с) айтқандай, жұмырбасты пенденің саналы ғұмырында ұрпақ сүюден артық бақыты бар ма?

Әңгіме бала сүю, ұрпақ жалғастығы дегеннен шығады. Ол үшін отбасын құру керек. Ал, отбасын құрудың жас мөлшері географиялық белдеу бойынша әлемде әркелкі. Мысалы, климаты ыстық мемлекеттерде балиғаттық жас тым ертерек басталады. Индия, Африка сияқты мемлекеттерде 13-14 жастан басталса (халқының тұрмысы төмендігінен), Франция, сондай-ақ Еуропаның кейбір елдерінде 24-25 жас аралығында. Аузынан ана сүті кете қоймаған жас қыз өзі бала бола тұра, құрсағынан жарып шыққан сәбиіне нендей тәрбие бермек? Қырықтың қырқасына келген сүрбойдақ пен сәулім отбасын құрар болса, оның тағдыры тіпті аянышты. Өйткені, бұл кезде бала сүю жасынан кетіп қалады немесе әйел заты үшін қасірет саналатын – бедеулік деген кесірдің алдынан кесе көлденең шыға келеріне ешкім кепіл емес. Әйтпесе, қазақ «Кәрі қыз бала таппайды, тапса қоярға жер таппайды», – дегенді жай айтты дейсіз бе? Болған күннің өзінде 1-2 баламен шектелмек. Бір қызығы, тұрмыстық қажеттілікті алдыңғы қатарға қойған батыстық үдеріс үй салудан кенде болмаса да, үйленуден кенжелеп қалады екен. Мұны біз олар 40-тан асқан қарасақалдардың әлемжеліден қалыңдық (ұлтына, жасына, діни тегіне қарамастан) іздеп, шарқ ұратынынан хабардармыз. Ал, Қазақстанда кәмелеттік жас – 18. Яғни, бұл жасқа толған азаматтар мен азаматшалар Қазақстан Ата заңымен отбасын құра алады. Егер жоғарыда айтылған аргументтерді ой талқысынан өткізер болсақ, өте ерте кезеңнен отбасын құру мен қолыңды уақытынан кеш сермеу – адам денсаулығы мен рухани хал-ахуалына тигізер зияны шаш-етектен екені белгілі. «13 жаста – отау иесі» деген қазекем, ұл мен қызын 13 жастан бастап жанұялық өмірге бейімдеп, кәмелет жасқа жеткенде ғана отау көтерткен. Хош, қазіргі тақырыбымыздың қаузамағы бөлек. Десе де, «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» демекші, ертеңгі күн өзекті өртемес үшін «жастардың құлағына алтын сырға» деп бұл пікірден де әңгіменің орайында айналып кете алмадық.
Рас. Үй болған соң да, үйлі болмасаң да – бүгінгінің басты мәселесі баспана. Әйтпесе, талай қазақтың мен деген азаматы «жетім бұрышты» жағалап, жылдар бойы баспанасыздықтың ауыр күйін шертпеген болар еді. «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деген тағы бар. Ардақ есімді танысым бар. Оған үйлену жайында сөз айтсаң, басын анадайдан алып қашып, шыр-пыр болады. Соқа басының сопиып жүргені қашан. Жас болса елуге таяды. Оған салсаң, әйтеуір бір бұйырғаны бар. «Бұйырған бармен» өмір сүріп келеді. Бәлкім, неміз бар, біреудің тағдыры дерміз. Дегенмен де, мұндай дерек көбейіп барады емес пе? Бір қарағанда оның ешкімнен еш жері кем емес. Түр десе түрі, бой десе бойы, кәсіп десе, өзіне жетерлік нәпақасы да бар. Қашан үйленесің дегенге: «Қыздар үйі-күйі барға қарайды ғой, бізде үміт жоқ», – деп әзілдеген болады. Бұл әзіл сияқты көрінгенімен астарында зіл мен шындық жатқанын да жоққа шығара алмаймыз.
Сонымен, үй болып, үй салған жөн бе, үй салып, үйленген жөн бе? Сауал төңірегінде ой-пікір әртүрлі. Үкіметтік емес ұйым өкілі Ахметжан Жанәбіловтің айтуынша, облысымыздың оңтүстік аудандарында жас­тар көбіне 18 жасқа толысымен шаңырақ көтереді екен. «Себеп? Екі жастың ерте отбасын құруына бірінші кезекте олардың ата-анасы мүдделі. Сондай-ақ, айтулы өңірде қазақы салт-дәстүрдің қаймағы қалпында сақталған. Отбасылық өмірге келін тез жетіліп піссе, күйеу жігіт жанұяның жауапкершілігін мойнына ерте алады. Сонымен қоса, үлкендердің ойынша, тұрмыстық қиыншылықты көтеруде жастықтың көптеген жеңілдігі бар. Бала сүю мүмкіндігі де толыққанды жүреді. Ата-енеге ертерек немере-шөбере сүйдіреді, батасын алады. Денсаулыққа да пайдалы. Батыр аналар саны бұл өңірлерде басымырақ. Ал, батысқа қарай көзқарас өзгере бастайды-мыс. Мұндағы негізгі айырмашылық – отбасында мектеп бітірген ұл, қызды оқытуға, білім алуға, мамандық игеруге бағыттайды. Әлбетте, бұл дұрыс әрине. Адам – өз болашағының қожайыны. Ілім, білім игеріп, өмірден өз орныңды тапқанға ешкім қарсы емес. Десе де, жоғары оқу орнын бітіремін деп жүргенде, арада 4 жыл өтеді. Одан соң, жұмысқа орналасу керек. Жұмыс істеп, әке-шешеме нанын жегіземін деп жүргенде тағы да 3-4 жыл қылау беріп қалады. Мұнан кейін қызметте өсемін деп тағы да бірнеше жылды алдыртады. Сөйткенше, алды-артыңа қаратпайтын Уақыт – патша бетіңе өз дегенін істеп, бетіңе өрнегін салады. Содан соңғы тағдыр – «сүрбойдақ» пен «сәулімге» айналып, тасада тал қармап қалады. Бізде үйлі болуға да, үй салуға да бейқамдық себепкер тәрізді», – дейді азаматтық қоғам өкілі.
Бұл жөнінде үлкендерден де пікір сұрадық. Олардың ойынша, алдымен үйлену маңызды. Қалғаны кезең-кезеңімен бола беретін дүние. Өйткені, олардың ұстанымы: «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайдыға» саяды. Ал, Айнұр есімді кент тұрғынының пәтерде тұрып жатқанына көп болған. Алты баланың анасы үй шаруасында. Күйеуі әр жерде жалданып жұмыс істейді. Жалақысы мардымсыз. Пәтер жалдап тұру да кейде оң жамбасқа келмейтінін айтады ол қынжыла. Әлімсақтан, сананы тұрмыс билейді. Тұрмысты да санаға билетіп жүргендер жетерлік. Бірді – жақсы, бірді – жаман демелік. «Әр қазақ – менің жалғызым». Ертеңгі күннің жарқын болуы үшін қай мәселені де қазірден қолға алыңыз. Ой қозғау – бізден болды, пікір айту – сізден болсын.

Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ,
«Қармақшы таңы».











28 желтоқсан 2018 ж. 1 233 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031