Тәртіптің туы жығылмас
Сәрсенбіде Жосалы кенті әкімшілігінің мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтіп, оған аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов төрағалық етті.
Оған комиссия мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Отырыста күн тәртібіне сәйкес 2 мәселе қаралып, талқыланды. Атап айтқанда, бірінші мәселе бойынша «Кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары туралы» аудандық полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Қуандық Ермаханов, екінші мәселе бойынша «Даму мүмкіндігі шектеулі және мүгедектігі бар балалардың жағдайы туралы» аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғалымжан Ақжігітов хабарлама жасады.
Биылғы жылдың осы уақытына дейін кәмелетке толмағандармен заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын-жайдан тыс жерде болуы фактісімен 40 құқықбұзушылық анықталып, олардың ата-аналарына ескерту жасалған. Осыған орай, аудан әкімінің орынбасары тарапынан аудандық полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметі бөлімшесі аудандық білім бөлімі және аудандық ауруханамен бірлесіп, құқықбұзушылық профилактикасының алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыстар күшейтіліп, балалар мен ата-аналар арасында және жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу бағытында сала мамандарының қатысуымен бірлескен ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының тұрақты жүргізілуі тапсырылды. Сонымен бірге, білім беру ұйымдарында балалар мен жасөспірімдер және олардың ата-аналары арасында психологиялық қызмет көрсетуді күшейту, аудандық қоғамдық даму бөлімі аудандық полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметі бөлімшесімен бірлесіп, балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа жол бермеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған әлеуметтік бейнероликтердің көрсетілуін ұйымдастыруды, кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу профилактикалық шараларын тұрақты насихаттауды, жасөспірімдерге теріс ықпал ететін ақпараттардан сақтандыру шараларын жүргізуді жүктеді. Одан өзге, аудандық полиция бөлімі түн мезгілінде тұрғынжайдан тыс және ойын-сауық орындарында жүрген кәмелетке толмаған жасөспірімдерді анықтау рейдтерін ұйымдастырып, заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдау қажет екенін де назарға салып өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеге байланысты да бірқатар тапсырмалар берілді. Оның ішінде мүгедектігі бар балаларды әлеуметтік оңалту ша- раларымен толық қамту жұмыстарын ұйымдастыру, даму мүмкіндігі шектеулі және мүгедектігі бар балаларға тиісті көмектердің берілуінің қадағалануы, білім бөліміне білім беру ұйымдарында ерекше білім алуды қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді қамтамасыз етуді, денсаулық саласы бойынша білім беру ұйымдарындағы медициналық кабинеттердің қызметіне мониторинг жүргізіп, балалардың психикалық және дене дамуындағы ауытқуды ерте анықтайтын скринингтік тексерулерді белсенді жүргізуді тапсырды.
Талқыланған мәселелер бойынша комиссия мүшелері ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Комиссия отырысын қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы талқыланған мәселелер ұдайы назарда болатынын жеткізді.
«ҚТ» ақпарат