» » Атаулар сыры

Атаулар сыры

Қазақ халқы ежелден жер-су, тау аттарын, сол ортаның сыр-сипатына қарап қоя білген. «...Қандай бір өлкеге барсаң да, жер-су, жапан түзде кездейсоқ кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия, сыр жатады» деп академик, жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, біздің аудандағы жер-су атауларының да қаншама өзіндік тарихы бар екені белгілі.
Қармақшы ауданының орталығы негізінен Қармақшы, Қосқорған, Қармақшы форты, Жосалы стансасы және Жосалы кенті атауымен әр тарихи дәуірде түрлі аттары болған.
Қармақшы ата шамамен 1630-1710 жылдары өмір сүрген. Оның шын есімі – Нұрмағанбет. Сыр бойының жағасынан жеркепе қазып, қармақ құрып, балық аулаған, сол табанақы маңдай терімен тапқан азығымен бүкіл ауылаймақты асырап, еліне қорғаныш болған. Ашжалаңаштарға, жүргінші жолаушыларға қол ұшын берген қайырымды адам болғаны айтылады. Руы – Балықшы Найман. Сол жерді қысы-жазы жайлап отырған. Оның емшілік, ақындық өнері де болса керек.
«Қаратүзген қабақтан асырма,
Қарнымды құдай ашырма» деп күнелтсе керек. Кейіннен уақыт өте қармақ құрушының Нұрмағанбет есімі ұмытылып, сол жер Қармақшы ата ауылы атанған. (Бұл мәлімет атақты Қыржықбай сынықшының баласы Дабысбек ағамыздан алынған еді).
Қармақшы ата ұрпақтары Қызылорда қаласы жанындағы Махамбет ауылы (бұрынғы Киров) атындағы ауылда тұрады. Кеңшардың жартысынан астамы осы ағайындар. Сол ауылда тұратын зейнеткер ұстаз, мектеп директоры болған Батырхан Остаев Қармақшы ата жайлы деректер жинап, соның негізінде шежіре жазған. Шежіре бойынша орта жүз Найман руының Бағаналы аталығынан Ақтазға, одан Балықшы деп Қармақшы атаны өрбітеді. 2021 жылы ата ұрпақтары аудан халқына «Қармақшы ата» мешітін тарту етті.
Бірде Батырхан ағамыздан «Үлкен мешіт тұрғызып, аудан халқына ас беріп, қызмет жасадыңыздар. Ата рухының сіздерді қолдаған себептері болды ма?» деп сұрадым. Сонда ол:
– Иә, Байқоңыр қаласына сол уақыттағы президентіміз келетін болып, Космодром айлағына 25 үй тігілетін болды. Біздің ауылдан 8 қанат үлкен үйді жасауымен апаратын болдық. Жолымызда арнайы Қармақшы атаға соғып, зиярат жасап, құран бағыштап, атамыздан тілек тіледік. Президент түсетін үйге арнайы комиссия құрылып, төрағасы Мырзатай Жолдасбеков еді. Комиссия үйлерді аралап, қорытындысында біздің үйімізге президент жайланатын болды. Бірауыздан атамыздың шапағаты тиді, рухы қолдады дедік, – деп жауап берген-ді.
Хиуалық өзбек-сарттардың Сырдың бойын жаулап, қоныс тепкені белгілі. Қосқорған атауы сол өзбек-сарттардан қалған атау болуы мүмкін. Сырдария бойын жайлаған сарттар біздің жерімізден амалсыз көшкен, себебі «Мәуесі – баламның азығы, ағашы – малымның қазығы» еді деген сөз сол кезден қалған көрінеді.
Ақын Ә.Егізбаев өзінің «Қарындасқа» деген өлеңінде:
«Жаңа жеткен жастардан,
Меңгере ғылым басқарған.
Мекенім өскен Қосқорған,
Қармақшының қаласы» деп Қосқорған елді мекенінің болғанын жазады.
Жосалы қыстағының оңтүстігіне қарай 20 шақырым жердегі үлкен төбе, қызыл қиыршақты майда тастардан құралған. Бұл тастарды жергілікті халық «жоса» тасы деп атаған. Тасты суға ерітіп, бояу есебінде пайдаланып, киіз үйдің кереге, уық, шаңырағын, тері, тон, тағы басқасын бояп отырған.
Жоса жөнінде:
«Жосамен бояп үй тіксең,
Үйің тұрар қызарып.
Жосасыз үй көрсеңіз,
Ағашы тұрар бозарып.
Шауып барып жоса әкел,
Құр отырмай сазарып» деп өлеңге қосқан.
Сондықтан да 1905 жылы салынған теміржол стансасы Жосалы төбесінің атымен «Жосалы» стансасы деп аталынған.
Қазақ халқының отарлау саясатымен орыс мемлекетіне қосылуына байланысты Қармақшы форт №2 аталынған. Сырдария өзенімен Перовск-Ақмешіт қаласына кеме қатынасы болса, Қорқыт ата көшесінің аяғы биік жар, кеме тоқтайтын орын болған екен.
Дарбаза төбе – Т.Көмекбаев ауылынан Кекірелі бөлімшесіне жақын жерде. Иран тіліндегі «дарбаза», «құм» сөздерінің қосындысынан алынған. «Құмтөбе» мәнін беретін атау (Е.Қойшыбаев «Қазақтың жерсу аттарының сөздігі»).
Қазақ даласын айқыш-ұйқыш кесіп өтетін небір күретамыр көне жолдар бар. Бұл жолдармен кезінде Земарх, Плано Карпини, Гильом Рубрук, Марко Поло, Батыс, Шығыс елдерінің әйгілі саяхатшылары жүріп өткен. Дарбаза төбе әйгілі Баршын, Сырлытам, Шірік Рабат маңына жақын. Сондықтан бұл ертеде үлкен керуен жолының ізі түйіскен жер болғанын айтады жергілікті халық. Бұл жөнінде ақынның мынадай өлең жолдары бар.
«Демесін құрбым қата тым,
Таңы да бөлек ататын.
Жан-жағын шағын ауылдың,
Төбелер қоршап жататын.
Қызықтай қарап тұлғаңды,
Елестетуші едік қорғанды.
Төбені кесіп өтетін,
Ауылдан шыққан жол бар-ды.
Бөлеген даңққа жатақты,
Болмасаң-дағы атақты.
Көнекөз қариялар сені –
«Дарбаза төбе» атапты.
Тышқан тамы – аудан орталығынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан. Руы – Сарықасқа. Тышқан әулиенің үй тамы бар. Тышқан деген кісі Семетей Қаратамыр Бисенбай әулиенің туған жиені екен. Бисенбайдың қызы тұрмысқа ұзатылғаннан кейін көпке дейін бала көтермепті. Бұл хабарды естіген әулие «Есболдар сабыр сақтасын «бір тышқан» бар ғой деген екен». Дүниеге келген баланың атын Тышқан деп қойыпты, кейіннен Сарықасқаның айтулы тұлғасы, заманына белгілі адамы болған.
Дегене немесе Деңгене тауы – Қарақұмдағы жер аты, аудан орталығынан 250 шақырым жерде. Деңгене деген сөз бәс тігіп, ет жеу ғұрпы. Қызылорда облысының кейбір аудандарында «деңгене» деп малдың етін ортақтасып бөліп алуды айтады. (Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының мәселелері, Алматы. 1960 ж.). Қырғыз тілінде бұл сөз қонақасының бір түрін білдіреді. Кезінде осы таудың етегінде үлкен ас немесе қонақасы беріліп, Деңгене тауы аталуы да мүмкін.
Екінші пікірге келсек, Дегене тауы болып аталса – көне түркі тілінде деге (теке) деген сөз және «не» жалғауынан құралған атау мағынасы «теке» жайлаған жер болып аталады. Осы пікір дұрыс секілді. Себебі, бұл маңай киіктің жайылымы, өрісі. Сондықтан бұл атау ертедегі, арғы заман көшпенділердің (түркімоңғол дәуірінде) атауы деп атауға негіз бар.
Қараүңгір – тұздақ – Қарақұмдағы жер аты. Голощёкиндік қысымға қарсы 1929-1931 жылдарда Қармақшы ауданында болып өткен халық қозғалысының орталығы болған жер. Қарақұм көтерілісі он айға созылды. Көтерілісті басқарған молда Жұмағазы Бәйменов, Қожбан Жұбанов. Оған қатысқандар аяусыз жазаланды.
Шейіт – жер аты. Көтеріліске қатысып, мерт болған жүздеген боздақтардың бейітінің орны. «Шейіттер кішігірім ауыл орнындай аумаққа жерленді. Ертеңіне жігіттер ши, дүзген шауып, шомдап, сол көлемді қоршап тастады. Содан бастап ол жер «Шейіт» деп аталды («Қарақұм» кітабынан үзінді, А.Тілеулиев).
Морсай – Қарақұмдағы жер атауы. Морсайдың жанында екі ақ тасты төбе бар. Бұл тастар «бортас» деп те айтылады. Халықтың айтуынша, иленетін теріні тазартатын бор тасты осы жерден алып пайдаланған. Бастапқы «Борсай» атауы дауыссыз дыбыстардың алмасуынан «б» дыбысы үнді «м» дыбысымен алмасуынан Морсай аталуы мүмкін деп жорамалдап жүргенімде, аудандық қаржы бөлімінің бастығы қызметін атқарған, ескі де есті әңгімелерді көп білетін марқұм Әбділәмит Сыздықов ағамыздан мына әңгімені естіп едім. «Дүр Оңғар – ақын, жырау, термеші болумен қатар, асқан ұста, ағаштан түйін түйген үйші болған кісі екен. Ағаш үйге қажетті Сыр бойының талынан түйеге артып, Қарақұмға жеткізіп, сайдың ыңғайлы жерінен мор пеш орнатып, ағасы Төребай биге алты қанат үйді сыйға тартқан екен. Кейіннен ол жердің атауы «Морсай атанған» деп еді ағамыз.
Масақ – жер атауы. Аудан орталығынан 30 шақырым жерде, Қараөзектің жағасында. Жергілікті халықтың айтуы бойынша, руы – Найман, би, батыр болған. Жаугершілікте қалмақтармен соғыста қайтыс болған. Баста мұнара не үйтам салынған, тек орны қалған. Қасында дөңгелек көл бар. Бұны да «Масақтың көлі» деп атайды.
Қорыта келгенде, кейде көне жер-су атаулары өзінің құрып кетуіне байланысты ежелгі ел, ежелгі оқиға сырын өздерімен бірге ала кетеді. Өңірдің жер-су атауларына қарап, сол өңірді мекен еткен ұрпақтың тарихы туралы, тіршілік көзі жайында ой-өрісі хақында белгілі бір қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Азамат қоғамының ілгері дамуы үшін жер-су аттарының мәні айрықша болған, ол солай бола бермек.
Уахитбек СҰҢҒАТОВ,
ардагер-ұстаз
20 наурыз 2024 ж. 303 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 285

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 380

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930