» » » Қармақшы ата туралы не білеміз?

Қармақшы ата туралы не білеміз?

Сырдарияның төменгі ағысы бойында қасиет пен қыдыр қонған мекен бар. Ол 1928 жылы сәуір айының бас кезінде сол уақыттағы үкіметтің қаулысы бойынша Қазалы уезінен бөлініп, өз алдына дербес шаңырақ көтерді. Аудан атын иемденгеніне де биыл 95 жыл.
Қармақшы ата кім?

Түсінік ретінде Қармақшы деген кім болғаны және ол жөніндегі деректер туралы аз-кем айтып өткенді жөн деп санадық. Жалпы Қармақшы атауы ХІХ ғасырдың бас кезінен-ақ түрлі саладағы Ресей экспедицияларының жетекшілерінің жазбаларында атүсті болса да кездесіп қалады.

Атамыз Арқадан тіршіліктің қамымен Сырдария өзені арқылы өзбек ағайынға жан сауғалап көшіп келе жатқанда ат-көліктері мерт болып, осы Сырдың жағасына қоныстанған. Ілгері жүруге мүмкіндік болмаған, отбасымен ойласып: «Бұл Сырдан аттап кету мүмкін емес. Өйткені аң, құстары жыртылып айрылады, балығы су бетіне шығып жатқан осындай берекелі жер» – дейді. Сөйтіп осы жерді атамыз мекендейді.
Ол Орта жүздегі Найман, Бағаналы, Алтын Жүсіп, кейде Жүсіпәли атанған. Солардың бірінде Ошанұлы Дәулен, екіншісінде Нұрмолда баласы Жүсіп деп аталып келеді. Қайсысы болса да Сырдарияның жарқабағынан қармақ салып күн көрген бабамыздың әуелдегі аты ұмытылып, Қармақшы аталғанын көреміз. Бұл атау қармақпен күн көрген қарияның еңбегіне (кәсібіне) құрмет ретінде беріліпті. Ұзақ жылдардан еміс-еміс бүгінге жеткен аңыз осылай дейді. Қармақшы атаның арғы тегі Найман руының Бағаналы аталығынан тараған Ақтаз болып келеді.

Адам аяғы тимеген жерге келгесін, үйге кіріп жатқан балықты аулау үшін қармақ салып, балық аулаған. Осы жер арқылы жүргіншілер көбейіп, қайдан келесіз деп сұраған жолаушыларға, қармақ салып отырған атадан келеміз, солай қарай барамыз деп жауап бергендіктен, Қармақшы аталып кеткен. Бұдан бұрын бұл жерді «Қос қорған», «Аша», «Күзер», «Форт №2» атап кеткен.

Тарихи деректерді салыстырып  қарасақ, 1625-1630 жылдарда Сырдың оң жағалауын қазіргі Төретам, Қармақшы, Байқоңыр, Жезді өңірлерін наймандардың кейбір руларының мекендегенін көреміз.
Сонымен халық қастерінде қалып, әулие атанған Қармақшы шамамен 1630-1710 жылдарда өмір сүрген сияқты. Өйткені, шежіре қуалап, ұрпақтар санын есептегенде Қармақшыдан бері 12-13 атаға келіп тұр. Бұл деген сөз 380-390 жылды көрсетеді.

Айтып өткеніміздей, бірлі-жарым зерттеушілердің еңбегінде Қармақшы аты аталса, ғалым-зерттеуші Иосиф Кастанье (1904-1910 жылдар) Сыр бойында болғаны жөнінде бірнеше кітап жазған. Оның «Древности Киргизской степи и Оренбургского края» атты жинағында: ...«Қармақшы жеріндегі көптеген молалардың арасынан екі мазар келушілердің назарын баса аударады екен. Соның бірі Қармақшы қаласының қорғанышы (патронаж) болған әулие Қармақшы ата мәйітінің үстіне қойылған ескерткіш. Әулиенің өмір жолы жазылып ілінген қағаз орамдары маңдайша құрап, моланың төбесін жасырып тұр», деп жаза отырып, «Қармақшы бейітінің жанында тағы бір әдемі мола тұр. Бұл – халық қастерлеген Шеке-Нияз әулиенің моласы. Мола басында конус тәрізді биік ескерткіш, кіре беріс есіктің жоғары жағында киіктің басы қойылған» деп жазса, екінші «Надгробное сооружение киргизской степи» атты кітабында «Мазар Кармакчи ата четырех угольной формы, покрыт крышей слегка покотой назад. Очень открытый фасад имеет вид навеса. Продолжает полуцилиндр. Формой он напоминает печь и сложен сам мазар из женгог кирпича выбеленного известью» деп Қармақшы ата бейітінің түр-түсін айқындай түседі.
Ал, кеңес өкіметі кезеңінде зерттеу жүргізген белгілі археолог М.Меңдіқұлов «Қармақшы ата мен Шеке-Нияз әулиелер ескерткіштерінің XVII-XVIII ғасырларда салынғанын, ал бүгінге жетіп отырған белгілер кейіннен пайда болған» деген ойды алға тартады. Осы өңірдің көнекөз қариясы Төребек Жанболғанов «Мен туғалы Қармақшыда тұрамын, Қармақшы ата мазары 1953-1954 жылдары құлай бастап, 1954 жылы барлығы құлап қалды» десе, филология ғылымының докторы, профессор Берікбай Сағындықов «Мен 9-класта оқып жүрген кезімде, ұмытпасам, 1954 жылдың шілде айы ішінде әкеммен бірге Қармақшы бейітіне соқтық. Бейіт жауын-шашыннан бүлініп құлап бітуге жақын екен» деп айтады.

Бұдан 100 жылдай бұрын Қармақшы ата бейіті анадайдан-ақ көрініп, тұрғындардың үйлері 1-2 шақырымдай жерде болса, бүгінде (1999 жылы) көше 10 метр жерден-ақ өтеді екен. Сондай-ақ белгілі екі әулие Қармақшы ата мен Шеке-Нияздың күмбез орындарына сексеуіл шығып, адам аяғынан қорғап келеді. Қармақшы ата жөнінде аңыз-әңгімелермен қатар оған арналып дастандар, жырлар шығарылған. Маналдин Сейітасқаров пен Қали Шыңғысовтар (1600 жолдық) дастан, республикаға белгілі, көрнекті ақын Құланбай Көпішов «Қармақшы» атты баллада жазған.

Онда:
– Көрсе-дағы өмірден көп таршылық,
Тарылмайтын жоқшылықты қамшы қып.
Ілінсе оның қармағына бір балық,
Ауыл-аймақ бөлісетін талшық қып, – деген жолдар бар.
Қармақшы ата маңдай терімен күн көріп қана қоймай, ауыл-аймақты қармақпен ұстаған балығымен асырапты. Осылайша жүздеген жылдардан бері халық жадында Қармақшы әулие атанған бабамыздың тарихы осылай өрбиді.

Сырдарияның арғы бетінде 14 шақырым жерде Тас Жоса шыққан үлкен төбе бар. Сол төбеден «Жоса» деген сары түсті тас суға салса кәдімгі сары бояу болып шығады. Ілгеріде осы бояумен қараша үйдің уығын, керегесін, есігін бояған. Осы төбені Жосалы төбесі деп атайды. Темір жол стансасын осы Жосалы төбесімен атаған.
Айдынбек СКЕНДІРОВ,
К.Рүстембеков атындағы
Жыраулар үйінің маманы,өлкетанушы
20 қыркүйек 2023 ж. 922 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 023

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031