» » Қармақшы атаны білеміз бе?

Қармақшы атаны білеміз бе?


qarmaqshy-tany.kz Сырдарияның төменгі ағысы бойында Қармақшы атты аудан бар. Аудан атын иемденгеніне де биыл 95 жыл. Түсінік ретінде Қармақшы деген кім болғаны және ол жөніндегі деректер туралы аз-кем айтып өткенді жөн деп санадық. Жалпы Қармақшы атауы ХІХ ғасырдың бас кезінен-ақ түрлі саладағы Ресей экспедицияларының жетекшілерінен жазбаларында ат-үсті болса да кездесіп қалады.
Ал, аңыз-әңгімелер Қармақшы атаның (Жүсіп, Дәулен депте аталады) аш-жалаңаш адамдарға, жүргіншілерге көмектескенін жыр етіп айтады. Солардың бірінде Ошанұлы Дәулен, екіншісінде Нұрмолда баласы Жүсіп деп аталып келеді. Қайсысы болса да Сырдарияның жарқабағынан қармақ салып күн көрген бабамыздың әуелдегі аты ұмытылып, Қармақшы аталғанын көреміз.
Бұл атау Қармақпен күн көрген қарияның еңбегіне (кәсібіне) құрмет ретінде беріліпті. Ұзақ жылдардан еміс-еміс бүгінге жеткен аңыз осылай дейді. Қармақшы атаның арғы тегі Найман руының Бағаналы аталығынан тараған Ақтаз болып келеді.
Тарихи деректерді салыстырып қарасақ, 1625-1630 жылдарда Сырдың оң жағалауын қазіргі Төретам, Қармақшы, Байқоңыр, Жезді өңірлерін наймандардың кейбір руларының мекендегенін көреміз.
Сонымен халық қастерінде қалып, әулие атанған Қармақшы шамамен 1630-1710 жылдарда өмір сүрген сияқты. Өйткені, шежіре қуалап, ұрпақтар санын есептегенде Қармақшыдан бері 12-13 атаға келіп тұр. Бұл деген сөз 380-390 жылды көрсетеді.
Айтып өткеніміздей, бірлі-жарым зерттеушілердің еңбегінде Қармақшы аты аталса, ғалым-зерттеуші Иосиф Антонович Кастанье (1904-1910 жж.) Сыр бойында болғаны жөнінде бірнеше кітап жазған. Оның «Древности Киргизской степи и Оренбургского края» атты жинағында: ...«Қармақшы жеріндегі көптеген молалардың арасынан екі мазар келушілердің назарын баса аударады екен. Соның бірі Қармақшы қаласының қорғанышы (патронаж) болған әулие Қармақшы ата мәйітінің үстіне қойылған ескерткіш. Әулиенің өмір жолы жазылып ілінген қағаз орамдары маңдайша құрап, моланың төбесін жасырып тұр», деп жаза отырып, «Қармақшы бейітінің жанында тағы бір әдемі мола тұр. Бұл – халық қастерлеген Шеке-Нияз әулиенің моласы. Мола басында конус тәрізді биік ескерткіш, кіре беріс есіктің жоғары жағында киіктің басы қойылған» деп жазса, екінші «Надгробное сооружение киргизской степи» атты кітабында «Мазар Кармакчи ата четырих угольной формы, покрыт крышей слегка покотой назад. Очень открытый фасад имеет вид навеса. Продолжает полуцилиндр. Формой он напоминает печь и сложен сам мазар из женгог кирпича выбеленного известью» деп Қармақшы ата бейітінің түр-түсін айқындай түседі.
Ал, кеңес өкіметі кезеңінде зерттеу жүргізген белгілі археолог М.Меңдіқұлов «Қармақшы ата мен Шеке-Нияз әулиелер ескерткіштерінің XVII-XVIII ғасырларда салынғанын, ал бүгінге жетіп отырған белгілер кейіннен пайда болған» деген ойды алға тартады. Осы өңірдің көнекөз қариясы Төребек Жанболғанов «Мен туғалы Қармақшыда тұрамын, Қармақшы ата мазары 1953-1954 жылдары құлай бастап, 1954 жылы барлығы құлап қалды» десе, филология ғылымының докторы, профессор Берікбай Сағындықов «Мен 9-класта оқып жүрген кезімде, ұмытпасам, 1954 жылдың шілде айы ішінде әкеммен бірге Қармақшы бейітіне соқтық. Бейіт жауын-шашыннан бүлініп құлап бітуге жақын екен» деп айтады.
Бұдан 100 жылдай бұрын Қармақшы ата бейіті анадайдан-ақ көрініп, тұрғындардың үйлері 1-2 шақырымдай жерде болса, бүгінде (1999 ж.) көше 10 метр жерден-ақ өтеді екен. Сондай-ақ белгілі екі әулие Қармақшы ата мен Шеке-Нияздың күмбез орындарына сексеуіл шығып, адам аяғынан қорғап келеді. Қармақшы ата жөнінде аңыз-әңгімелермен қатар оған арналып дастандар, жырлар шығарылған.Маналдин Сейітасқаров пен Қали Шыңғысовтар (1600 жолдық) дастан, республикаға белгілі, көрнекті ақын Құланбай Көнішов «Қармақшы» атты баллада жазған.
Онда:
–Көрседағы өмірден көп таршылық,
Тарылмайтын жоқшылықты қамшы қып.
Ілінсе оның қармағына бір балық,
Ауыл-аймақ бөлісетін талшық қып, -
деген жолдар бар.
Қармақшы жеріндегі «Жапырақшы әулие» Қорқыт-атаның туған інісі екен, егін салумен айналысыпты. Оны профессор Веселовский (1886 ж.) жазған.
Қармақшы ата маңдай терімен күн көріп қана қоймай, ауыл-аймақты қармақпен ұстаған балығымен асырапты. Осылайша жүздеген жылдардан бері халық жадында Қармақшы әулие атанған бабамыздың тарихы осылай өрбиді.

Дайындаған А.Скендиров

16 тамыз 2023 ж. 950 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 228

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 333

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930