Құт мекенім
Кішкентай кезімде үлкендердің аузынан қала деген сөзді анда-мұнда бір еститінбіз. Менің балалық шағым еліміздің тәуелсіздік алып, өз алдына отау құрып, өзінің бағыт-бағдарын толық ажырата қоймаған, жаңадан тәй-тәй басқан сәби секілді бір тұрып, бір құлап жатқан қайта құру жылдарына тұспа-тұс келді. Алып одақтың құлағанын сезбесем де, тәуелсіздіктің жаңа атқан таңының куәсімін деп толық айта аламын. Балалығымның балғын шағы Ақтөбе ауылында өтті. Сол бір қамсыз шақтарда ата-анамыз үлкен бір шаруа тындыруға немесе біздің аузымыздың суын ағызатын неше түрлі тәтті-дәмдіні әкелуге артынып-тартынып қалаға жол тартатын. Бір есіктен кірген шаңы екінші есіктен шығатын, шопыры жолаушылардың ақшасына бас қатырмайтын, себебі жеке кассирі бар, кейде аузы-мұрны лық толатын, кейде 7-8 адамды да діттеген жеріне дөп жеткізетін автобус бүкіл ауылдың құтты көлігі еді. Сондағы қала дегеніміз – Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кенті. Бала түсінігіміздегі қаланың ауылдан ерекшелігі – адамдарының көптігі мен дәл автобус, пойыз тоқтайтын жерде орналасқан іздеген затыңның бәрі табылатын ұзын-сонар базары. Басқасын өсе келе түсіндік қой.
Өткенде бір танысымның әлеуметтік желідегі жазбасын оқып отырып, балалық шақтан таныс «қала» деген ұғым көзіме оттай басылды. «Қармақшыны әлі қала дейді екен ғой» деген ой санамды шарпып өтті. Жазбаны толық оқыған кезде ол «қаланың» Қармақшы емес, Қызылорда екенін білдім. Топырағына аунап, суын кешіп, қызғалдағын құмарта иіскеп өскен жерімнің орталығы «қала» атауынан айырылып қалғандай сезініп, жаным жабырқап қалды. Әлде қармақшылықтар үшін нағыз қала Қызылорда ма екен?! Қалай дегенде де осы бір сөздің өзі аймақтың статусын белгілеп, өзіндік мәртебесін айқындап тұрғандай сезіледі.
Алып Байқоңыр ғарыш айлағын қойнауына сыйғызып, Қорқыттай күй атасының мәңгілік мекені болған Қармақшының аудан болып құрылғанына бүгінде 95 жыл толып отыр екен. Талай тарихты басынан өткеріп, көненің куәсі болған, шайырлар мекені, жүз жырау елі атанған киелі өлкем Қазалы және Жалағаш аудандарымен шектеседі. Аудан орталығының іргесінен ағысы қатты Сырдария өзені арқырай ағып жатыр. Ауданның Қармақшы аталуы жөнінде де ел аузында көптеген аңыз-әңгімелер таралған.
Олардың көпшілігі Қармақшы атауы Қармақшы ата есімімен байланысты. Ел басына күн туған, халық жоқшылықты, тұрмыстың таршылығын көрген кезеңдерде Қармақшы есімді кісі Сырдарияны жағалап, балық аулап, аулаған балығын кедей-кепшіктерге, жоқ-жітіктерге таратып берген екен. Осылайша ел-жұртын аман алып қалуға үлкен септігін тигізсе керек. Қолымызға жеткен деректерде ол атаның әуелгі есімі Қармақшы болмағандығы, суға қармақ салып, балық аулағандықтан, Қармақшы аталып кеткендігі де айтылады. Қалай болғанда да Қармақшы атаның өмірде болғандығы және сол өңірде өмір сүргендігі айдан анық. Оған аудан орталығында орналасқан Қармақшы ата бейіті айқын дәлел. Осы өңірде дүниеге келген профессор, филология ғылымдарының докторы Берікбай Сағындықов 1954 жылы әкесімен бірге Қармақшы ата бейітіне соққанын, бейіттің құлай бастағанын айтқан еді. Жергілікті тұрғындар арасында да Қармақшы ата моласын көрген жандар кездеседі. Қармақшы атаның шын есімі кейде Дәулен, ал енді кей деректерде Жүсіп деп аталады. Қармақшы атауының шығуы мен ауданның тарихи өңірлері туралы белгілі этнограф-журналист Тынышбек Дайрабай, Қармақшы аудандық «Қармақшы таңы» газетінің штаттан тыс тілшісі болған, ақылгөй, дана ақсақал Төребек Жанболғановтар нақты дерек-дәйектерге сүйене отырып, зерттеу мақалаларын жариялады.
Қармақшы аймағында дүниеге келген еліне елеулі, халқына қалаулы ел азаматтары да жетерлік. Соның ішінде ойға оралатыны – жыраулар шоғыры. Балқы Базар, Дүр Оңғар, Жиенбай жырау, Ешнияз сал іргесін, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Тұрымбет Салқынбаев, тағы басқа жыраулар жырдан күмбез көтеріп, Қармақшының даңқын асырды. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жауынгер ақын Әбзәли Егізбаев, Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев, Социалистік Еңбек Ерлері Цай Ден Хак, Әділбек Хайруллаев, Сәлима Жұмабековалар ерен еңбегімен танылған өлкеден шыққан ақын да, ғалым да, қоғам қайраткері де, республикаға танымал ұстаздар мен дәрігерлер қауымы да ауыз толтырып айтарлықтай.
Ақын Қали Шыңғысов пен Маналдин Сейітасқаровтың Қармақшыға арналған дастаны мен Құланбай Көпішовтің «Қармақшы» атты балладасы да оқыған жанды еліктіріп, туған өңірдің тарихына бойлата жөнеледі. Қойнауы жырға толы өлкем жайлы білетінім бір тоғыз болса, білмейтінім тоқсан тоғыз. Тарих күнделігінің парақтарын ақтарған сайын сыры тереңге тартып, құшағын аша түседі. Әрбір төбесі, әрбір жырасы – тұтас аңыз. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлке жайлы:
«Дариямен алысып, ағынды өрлей,
Дүлей күшке дүлей боп дамыл бермей.
Толқындарды тосады тосқауыл боп,
Айқастағы Қармақшы жауынгердей», – деген Сырбай ақынның осы бір өлең жолдары Сырдарияның ағысымен бірге өмір айдынында болашаққа құлаш сермеген Қармақшы тарихынан сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырады.
«Қуаң мен Сырды жайлаған,
Жырау ел қайта арна ашты.
Бағында бұлбұл сайраған,
Өсе бер жайнап, Қармақшы» – деп, ақын Тұрымбет жыраудың немересі Ибрагим Бекмаханов жырға қосып, туған жерінің өсіп-өнуіне тілектестік білдірген жолдардан асырып ештеңе айта алмаспыз, сірә! Кешегі шайырлар жүрген жол алдағы уақытта елдің тұтастығын, бірлігін ойлайтын атпал азаматтар мен еліміздің даңқын көкке көтеретін ойшыл-ғалымдар жүретін даңғылға айналсын дегім келеді. 95 жылдығың құтты болсын, құтты өлкем! Абыройың асқақтап, қойнауың берекелі қазынаға, қоймаң астыққа, құшағың береке-бірлікке толғай.
Лаура БАҚТЫБАЕВА,
Ақтөбе ауылының тумасы