» » «Көп жаса, балам»

«Көп жаса, балам»

qarmaqshy-tany.kz Әнеугүні бір шаруаны сылтау қылып қалаға жол салдық. Сондағы барғанымыз базар аралап, үйдегі жоқ затты түгендеу. Әдетте жұмыстарымыз тез бітіп, артынан бір-екі жерге барып қайтатындай уақыт қалды. Мұндай да туған-туыстың үйін аралап немесе көңіл айтып шыға алмаған жақыныңа кіріп шығу әу бастан әдетіміз ғой. Иә, тура сөйттік. Жақында жаңа үйге кірген ағайынымызға құтты болсын айтып бардық. Тура келгендей өздері де мейман күтіп жатыр екен.
«Мақтап жүреді екенсіздер, сіздерді Құдай өзі айдап келген ғой» деп апамыз ебіл-дебілі шығып дастарқанның кем-кетік жерін реттеп жүр. Жаңа үйге кіргеніне қуанышын білдіріп, бізге айтып тауыса алар емес. «Әлі толық кіргеніміз жоқ, ішкі сылап-сипауы бар. Бұйырса толық біткенде қоныс той жасап, тағы шақырамын» деді бір тыныстап. Балалы үй базар деген үй іші бала-шағадан көрінбейді. Үлкен үйге кіргендеріне олар да мәз. Көп кешікпей үлкен аста келді. Бастапқыда қол жуғышқа қол шайып дастарқан басына отыра қалғасын білінбеді ме, артынан ет жеп болғаннан кейін ағамыз балаларының бірін қолға су құюға шақырды. Көптен бері мұндай дағдыға үйренбеген олар бөлмелерінен шықпай бір-біріне "сен, бар" болып айтысып жатыр. Ішінен кішісіне бұйырғандай бөлмеден жүгіріп шықты. Бұрын-соңды қолға су құймағаны көрініп тұр. Қолына сәл үлкендеу ілегенін қисайта ұстап, бір қолына құманын алып, үлкендердің нұсқауымен төрден бір-ақ шықты. «Ілегініңді төмен ұста, құманыңдағы суды үзіп-үзіп құй» деді сыртынан әкесі бақылап тұрып. «Айып етпеңіздер, өзі бірінші рет бұлай су құйып тұр. Ана жүгірмектер жұмсауға жеңіл болғасын осыны жіберген ғой» деді күліп. Бір-екі рет мұрнын тартып қойып, ілгендегі судың салмағына қисая төмен қарай жылжыды. Бірінші рет су құйса да үлкендер жағы риза болып, «Көп жаса балам, дегеніңе жет, өркенің өссін» деген баталарын жаудырып жатыр. Жақсы сөздер жаққандай ол да мәз болып, түгел құйып жүктелген жұмысын аяқтады. «Қазір дайын қол жуғышқа сүйеніп кеткеніміз сонша, балаға қолға су құюды насихаттауды ұмыттық қой» деді төрдегі үлкен мейман күрсіне.
Біз кейде үлкендердің баталы сөзіне құлақ аспай жатамыз. Керісінше жақсы сөзде үлкен мән бар. Пайғамбарлар заманында Дәуіт пайғамбар 30 ұлынан айырылып, қайғыдан қан жұтқанда Құдай оған ұл сыйлады емес пе? Алайда оның ғұмырын 9 жыл ғана етіп, жасы келгенде қайта өзіне алатынынан хабардар етті. Жаппар иенің әміріне іштей қынжылса да Дәуіт пайғамбар осыған риза екенін айтқан. Сөйтіп дүниеге үл бала келіп, есімін Сүлеймен қояды. Дәуіттің үйіне мейман көп келгендіктен 7 жасар баланы есіктің алдына қойып, қонақтарға су құюға қолына құман мен сүлгі ұстатып қызмет еткізіпті. Осылайша бала әр кірген-шыққан қонақтан «Ғұмырлы бол, ұзақ жаса» деген баталы сөздер алыпты. Арада ұзақ жыл өтіп, Сүлеймен ер жетеді. Алайда әкесі оның тірі жүргеніне таңданып Құдайдан «Ұлымды 9 жыл ғана өмір сүреді деп едің, бұл не хикмет?» деп сұрайды. Сонда Жаратушы «Ұлыңның пешенесіне 9 жыл жазғаным рас, бірақ көптің батасын қабыл алып, оның өмірін ұзарттым» деген екен.
Біз қазақ қай жақсы істе болмасын батасын беріп, алғысын айтып жүретін халықпыз ғой. Әрбір салт-дәстүріміздің астарында терең тәрбиелік мән жатады. Сол секілді қолға су құюдың да мұсылман дініндегі және қазақ жұртының әлеуметтік өміріндегі маңызы үлкен.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
27 қазан 2022 ж. 571 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 235

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 338

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930