Тәуелсіздік құрдасы
Байтақ елде бейбітшілік байрағы желбіреген бұл күнді Әбеновтер әулеті жыл сайын асыға күтеді. Себебі осыдан 30 жыл бұрын атқан азаттықтың ақ таңында қара шаңырақта іңгәлаған сәби дүниеге келді.
Тәуелсіздіктің төл құрдасы Нұрлан Әбенов кішкентайынан алғыр, тиянақты болып өсті. Мектеп бітірген соң Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетіне оқуға түседі. Одан соң сырттай «Құқықтану» мамандығы бойынша тағы да білімін шыңдайды. 2018 жылдан бастап Ішкі істер органдарындағы қызметіне кіріседі. Қазір аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің жол және техникалық инспекциясы тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты.
Тәуелсіздікпен түйдей құрдас Нұрлан жастайынан өмірін ел тыныштығымен байланыстырып, берген антына қалтқысыз қызмет етіп келеді. «Тәуелсіздік құрдасы болу – үлкен жауапкершілікті жүктейді» дейді ол сөз арасында.
– Біздің қызмет жүздеген оқиғалардан тұрады. Әр минут сайын күтпеген жағдайға дайын болуың керек. Тәуелсіздіктің құрдасымын деген ой – көп нәрсеге міндеттейді. Айналада болып жатқан оқиғаларға жауапкершілікпен қарау менің қатарластарыма ана сүтімен дарыған деп білемін. Мен барша қазақстандықтарды басты мемлекеттік мерекемен құттықтаймын, – дейді Нұрлан Рысбайұлы.
Ол еңсерген барлық жетістігін Тәуелсіздіктің арқасында келген игілік дейді. Айтса айтқандай, Нұрлан Әбенов қасиетті де қастерлі Тәуелсіздік ұғымының арқасында жыл сайын дамып келе жатқан егемен елмен бірге алға қарай құлаш сермеуде. Бүгінде зайыбы Нұргүлмен бірге ұрпақ тәрбиелеп отырған жас отбасылардың бірі.
Айта кеткен жөн, тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында облыстық полиция департаментінің автопаркі су жаңа қызметтік көліктермен толықты. Жол талғамайтын «Джак» темір тұлпары біздің ауданға да бұйырып, 3 елді мекеннің учаскелік полиция инспекторына табысталды.
Айнұр ӘЛИ