» » Әулие Қармақшының шын есімі кім?

Әулие Қармақшының шын есімі кім?

qarmaqshy-tany.kz Осы күнге дейін бізге аңыз болған Қармақшы әулие кім болған, ол нендей іспен айналысқан, тағысын тағы сұрақтар қойылып келеді. Расында, сонау замандары «Аша», «Күзер», «Қос қорған», «Форт №2», тағы басқа атаулармен аталып келген елді мекен кейіннен Қармақшы аталуына не себеп? Осы сұрақтар төңірегінде тарихты сөйлетсек. Аңыздарға құлақ түрсек.
Қармақшы әулие өміріне зерттеу жүргізіп жүргендердің бірі Батырхан Остаевтың әңгімесіне зер салсақ: «Бір уақыттары облыстық радио торабының дикторы қызметін атқарған марқұм Сәбит Жанабаевтың әкесі Алматша әкемізбен дастарқандас болғаным бар. Ол діни білімді болған кісі еді. Бірде дастарқан басында маған: «Қармақшы» ауданының атына ие болып отырған Қармақшы сенің бабаң, оның шын аты Нұрмағанбет, ал ағасының аты Ермағанбет деді. Бұл әңгімені мен сол уақыттары көзі тірі ел ағасы Сейтәлі Станбековтен де естіген болатынмын. Әрине, ол кезде біз жас болғандықтан оған онша мән бермегеніміз рас. Алматша әкенің айтуынша бірде бір бай кісі о дүниелік болған әкесіне үлкен кесене тұрғызуды ойға алады. Міне, құрылыс та жүріп жатыр, оның қабырғасы биіктеген сайын ұсталарға жұмыс істеу қиынға түсіп, жұмысты жалғастыру үшін баспалдақ керек болады. Содан ұста құрылыс иесіне баспалдақ керек екенін айтқан кезде ол құрылыс іргесінде жатқан төмпешікке тақтайдың бір басын қойып баспалдақ жасатады. Өз кезегінде ұста байдың айтқанын істеп, өзі құрастырған баспалдаққа мініп жұмысын жалғастырады. Ал, ертесіне азанда оның белі қозғалтпай мазасы кете бастайды. Сол кезде осы маңда тұратын қариялардан бұл төмпешіктің Қармақшы әулиенің бейітінің құлаған қабырғасы екенін естігеннен ұста бір қарасын сойып әруаққа құран оқытады. Ұста содан кейін ауруынан жазылып жұмысын жалғастырған екен-мыс. Ал, өз кезегінде мұндай кереметке көзін жеткізген бай әулиенің кесенесін қайта қалпына келтірген екен дейтін Алматша әкеміз. Мүмкін ол бай қазақ – Нұрмағанбет болар. Егер осылай бола қалса бұл Нұрмағанбет Қармақшы бола алмайды, өткені Қармақшы өз кесенесін өзі соға да, жаңғырта да алмайды емес пе? Десе де, Нұрмағанбет өз заманында өте қайырымды бай болғандығы айтылады. Сол уақытта өмір сүргендер, әсіресе байлар жылдап жинаған байлығынан айырылып қалмайын деп көбірек әулие-әмбиелерге, әруақтарға табынады екен. Бірақ, Бармақ пен Қармақ сол Нұрмағанбет байдың жалшылығында болған деген әңгіме бекер ме дерсің. Себебі, екеуінің де өмір сүрген уақыты арасында бір жарым ғасырдай алшақтық бар екен.
Ал, енді Қармақшы ата өмірін зерттеген басқа да зерттеушілер не дейді? Сонау бір заманда Сыр бойында Балықшы, Қармақшы деген ағайынды кісілер өмір сүрген екен. Бұл туралы қазақ халқының өмірін зерттеуші Кастанье мен Әуелбек Қоңыратбаев, Оспан Сейфулла, Тынышбай Дайрабай сынды ғалымдар өз еңбектерінде айтса, Қасқыр Нәметша балықшы, Қармақшының аты Ақмолда, Нұрмолда болған десе, ал Уақытбек Сұңғатов ағамыз Нұрмағанбет деп атаған. Сондай-ақ, ақын Қали Шыңғысовтың зерттеулерінде Бармақ, Қармақ деп аталған. Зерттеуші-этнограф Тынышбек Дайрабай Қармақшы атаның Сыр бойы жағалауына жер кепе салып қармақпен балық аулаған, кейде Жүсіп, кейде Дәумен деп те аталатын адамның сол жылдары аш адамдарға, жүргіншілерге көмектескенін айтады. Солардың бірінде Қармақшының аты Дәумен Ошаңұлы, екіншісінде Нұрмолда баласы Жүсіп деп те аталып келді. Негізінен бұл атау өзенге қармақ салып, күн көрген қарияның еңбегіне құрмет ретінде беріліпті. Шындығына сенсек, Қармақшы әулиенің арғы тегі Найман руының Бағаналы аталығынан тараған Ақтаз болып келеді-мыс. Тағы бір деректерде Қармақшы әулие атануына төрт түрлі жұп пайда болды. Олар Балықшы-Қармақшы, Ермағанбет-Нұрмағанбет, Бармақ-Қармақ және Ақмолда-Нұрмолда. Міне, осы ретте осы жұптың төртеуі де бір кісінің іс әрекеті туралы айтылып отыр деп қабылдауымыз керек. Бұл жердегі Балықшы, Қармақшының лақап аты екенін, ол әулиенің кәсібіне, халыққа жасаған қамқорлығының, көріпкелдігінің, болжампаздығының, әсіресе Қармақшының қармақпен балық ұстай білетінінің, аулаған сол балықты ел-жұртқа таратып бергенінің арқасында иеленген есімдер екенін білеміз. Әзірше осы күнге дейін шын аты белгісіз әулиенің есімі Қармақшы болып аталып келді. Ал, енді Қармақшы атына ие болған екінші адамның шын есімі Нұрмағанбет деп ойлайық та, ендігі жерде Нұрмағанбет туралы білетін бар мәліметімізді зерделейік.
Марқұм ақын Қали Шыңғысов «Қармақшы туралы аңыз» поэмасында Нұрмағанбетті оқырманға бай ретінде таныстырса, міне сол байлығының арқасында ол Қоқандықтарға жәрдем көрсету мақсатында қорған соққанын айтады. Ал, жарты ғасырға жуық қоқандықтар билік жүргізген заманда Қармақшының дүниеден озғанына бір жарым ғасырдай болған екен және Қармақшы тіпті бай болмаған. Сондықтан, Нұрмағанбет Қармақшының шын аты емес деуге болады. Қали ақынның Қармақшы туралы жазған тағы бір мақаласында тоқсаннан асқан арғын қызы Айшагүлдің әкесі Нармаханнан естіген әңгімесін сөз етеді. Әңгіме барысында Нұрмағанбет байдың жалшылары Қармақ пен Бармақ істеген еңбектеріне еңбекақы ала алмаған соң оған өкпелеп, үйден кетіп қалады. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» дегендей, Сыр бойының әр жеріне қона жүріп, төменгі ағыспен жүре береді. Кейде ағайындылар өзен жағасындағы тоғайды айналып өтеміз деп жағалаудан алыстап та кететін кездері де болады. Олар қамыстан сал жасап төмен қарай жүзе береді. Мұнысы бір жағынан көлік болса, бір жағынан жабайы аңнан аулақ жүруге қолайлы болады. Ағайынды екеу біршама күн өзенде уақыттарын өткізгеннен кейін, қазіргі Қараөзектің Сырдарияға қосылар тұсына жетеді. Содан әбден шаршаған олар осы маңға аялдап, балық аулап, жүргіншілерге қызмет көрсетеді. Бармақ пен Қармақ есімдері енді бір зерттеуші К.Жұмағұловтың 1990 жылы «Қармақшы таңы» газетінде жарияланған «Қармақтың Қармақшы атануы» деген мақаласында ол 1960 жылы бір танысынан Қармақшы туралы естіген қызықты хикаясын былай деп суреттейді: «...бұрындары Ресейдің Уральск деген қаласының бір көпесі сауда жасауға Қызылқұмға келгенде Қармақ, Бармақ есімді ағайынды екі жігітті кездестіріп, достасады және оларды үгіттеп еліне ертіп әкетеді. Ресейге барғасын көпес ағайындыларға жұмыс істетпей, күнде дәмді тамақ беріп, сый-құрмет көрсетеді. Арада жыл өткен соң орыс көпесі Бармақ пен Қармақты сапарға алып шығып күрестіреді. Күрестірер алдында екеуіне мынадай, яғни «жығылғаның өлесің» деп шарт қояды. Күресер алдында Бармақ Қармаққа қарап: «Мен жығылайын, сен тірі қал, сен тірі қалсаң, бір амалын тауып байдан құтыларсың» дейді. Содан Қармақ бауырын жыққан соң, жығылғанды көпес арқанмен терең құдыққа тастайды. Құдыққа түскен Бармақты жыландар шағып өлтіріп, кейіннен жыланның уы дарыған Бармақты көпесі қазанға қайната бастайды. Оның мұндай ерсі ісіне таң қалған Қармақ не істеп жатқанын сұрайды. Ал, өз кезегінде көпес ағасының етінің сорпасынан дәрі жасап шетелге сататынын айтады. Оның бұл арам ойын байқаған Қармақ оған білдірмей бір ожау сорпаны бетіне шашып жібереді. Осы кезде көпестің басы кесіліп жерге түседі. Байдан құтылған Қармақ күндер өте Жарғақ есімді кісімен танысып, «Аша» деген жерден балық аулап күн көреді. Сөйтіп Қармақтың жаңа өмірі басталады. Бұл әңгіменің мазмұнына байланысты жоғарыда айтқанымыздай ақын Қали Шыңғысов поэма да, мақала да жазды.
Аңыздарда белгілі бір пайыздық мөлшерде шындық болатыны анық. Десе де, аңыздың аты аңыз. Байқоңыр айлағы атауына ие болып отырған Байқоңыр аталықтың қазіргі ұрпақтардың алтыншы атасы болса, Қараөзекті құярына жақын жерде одан тараған Масақ батырдың бейіті бар. Осы деректерге байланысты және көнекөз қариялардың айтуынша, ХVІІ ғасырда наймандар, нақтырақ айтқанда Ақтаз, Қожас рулары қазіргі Қармақшы өңірінде өмір сүрген екен. Оның ішінде, Найманның Бағаналы тармағынан тарайтын Ақтазға жататын Балықшы, Қармақшы және Қожасқа жататын Жұртшы аталығының Қармақшы жерінде қоныстанғаны жайлы көптеген дәлел бар. Көнекөз қариялардың айтуынша Ақтаздың шын аты Жүніс не Жүсіп. Ол Қасқыр Нәметшаның «Қармақшы ата» мақаласында айтылған. Қармақшы әулиенің Қорқыт ата, Марал ишан, Ер Сейітпенбет сынды үш әулиеден бұрын өмір сүруін, оның Қармақшы өңірінде ең алғашқы әулие атанғанын көрсетіп тұрғандай. Нақтысын айтқанда, Сейітпенбет әулие 1680 жылы, ал Марал ишан 1780 жылы дүниеге келген және аңыздар желісіне үңілер болсақ, Қармақшы (1630-1710 ж.ж) Жарғақ әулиемен бір заманда өмір сүрген екен.
Зерттеуші-этнограф Тынышбек Дайрабай мен марқұм Төребек Жанболғанов деген аудан азаматы кезінде жазған «Қармақшы ата» тарихи мақаласында Қармақшының шын есімі бірде Дәумен Ошанұлы делінген болса, бірде Нұрмолда баласы Жүсіп деп айтылған. Бұл жерде Нұрмолда баласы дегенде әке мен бала аттарының орнын ауыстырып алған. Ал, Дәумен Ошанұлы деген қайдан шыққаны белгісіз. Бұл есім тіпті шежіреде де жоқ. Қ.Нәметша 1990 жылы «Қармақшы таңы» газетіндегі «Қармақшы ата» мақаласында Қармақшыны Жүсіп баласы Нұрмолда деп жазады. Қызылорда қаласына қарасты Ж.Маханбетов ауылында тұратын (Бұрынғы Сырдария ауданы, Киров атындағы совхоз) Балықшы Қармақшы ұрпақтарының атауларына сай келеді. Олар өздерін бірыңғай балықшы ұрпағымыз дейді. Аталардан қалған ауызша жазба деректер бойынша да Балықшының шын есімі Ақмолда делінген болса, Қармақшының шын есімі Нұрмолда делінеді. Сонымен балықшы руынан тараған көнекөздердің айтуымен Т.Дайрабайдың, Қ.Нәметшаның айтқан пікірлері бір ойға тоғысады. Қармақшының шын аты Нұрмолда болса, ал Нұрмолданың әкесі Жүсіп (кейде Жүніс), оның лақап аты Ақтаз. Қариялардың айтуынша балықшы атауына ие болған Бармақ ірі денелі, мінезі тік, тез шешімге келетін, ашуланшақ болған екен. Оның осы мінезіне сай бір дуалы ауызды кісі «бетегеден биік болма, он үйден аспа» деп бата беріпті. Соған сәйкес қазіргі кезде Балықшының (Бармақтың) ұрпақтары қазірге дейін он үйден аспайды. Кезінде Қармақшының (Қармақтың) балалары Балықшының (Бармақтың) тәрбиесінде болғандықтан Қармақшының да, Балықшының да ұрпақтары өздерін Балықшы руынанбыз дейді. Ал, Қармақшы ата туралы жазылған мақалалардың мазмұнын сараласақ, ол тәжік-түркімен текті, қоңыр түсті, шағын денелі кісі болған дейді. 2009 жылы Қызылорда қаласында Яссауи көшесі бойында Қармақшы әулиеге арнап орнатылған ескерткіш осы сипаттамаға сай орнатылған.
Дайындаған
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».
04 қаңтар 2023 ж. 684 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 031

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031