» » Ботабай биден тараған...

Ботабай биден тараған...


Балқы атын иемдеген әулеттен небір дүлділ ақын-жыраулар, кесімі және шешімімен атағы жер жарған билермен қатар, көріпкел әулиелер және діни қайраткерлер көп шыққан. Солардың бірі – атақ­ты Қарадос бидің туған інісі Ботабай би. Ол кісінің замандас, тұстастары би деп көтермелей әңгіме еткенде «...біздің билік ауыл арасында ғой, ал Қаракең жүздің биі емес пе?!» деп ағасының билік шешімдеріне көңіл толатынын білдіреді екен.
Дегенмен, Ботабайдың есімі жұрт­шылық жадында. Оны ел арасындағы бірен-саран, көзі-қарақты адамдар әңгіме етеді. Алайда бидің билік сөздері, тағы басқа жағдаяттары бүгінге толық жетпей отыр. Үзілгенді жалғайтын әдетімше Ботабай би хақында өз білгеніммен ойымды оқырмандарға жеткізбекпін.
Ресейлік архивтік құжаттарда баласы болып келетін Бисарының есімі Кенесары ханға байланысты құжаттарда кездесті. Сол деректе Бисарының хан Кенесарыға тілектес әрі көмектесіп келгені жазылған. Сонда 1845 жылы Бисары жасы 71-де екені де жазылыпты. 1845 жылдан 71 санды алып тастасақ, Бисары – 1774 жылы туған болады. Ал осыдан тағы 27-29 санды алсақ, Ботабай бидің туған жылы 1744-1745 жылдарға келеді. Ботабай ұрпақтары негізінен Өзбекстанның Нұрата, Тамды мекені, Қызылорда облысында тұрады.
Ботабай ауылының жаз жайлауы Кіші Қарақұм, қыс-қыстауы Қуаңдария өзенінің бойы болыпты. Ботабай бабадан: Бисары, Ерсары, Жансары, Оспан, Құттыбай, тағы басқа ұрпақтары өмірге келген. Сол балаларының ішінен Ерсарының аты көпшілікке танымал.

ЕРСАРЫ ӘУЛИЕ БОТАБАЙ БАЛАСЫ
Ерсары Ботабайұлының есімі «Орынбор шекаралық комиссияның құжатында (4 қор) 1851 түтін-пұл жинау мәліметінде №2484 санында Ерсары Ботабаевтың 4 сом 50 тиын төлегені жазылыпты. Сондай-ақ №2486 санында Жансары Ботабаевтың есімі жүр. Демек, Ботабай балалары Ерсары мен Жансары да сол жылдары өмірде бар болғаны. Туған ағасы Бисарыны 1774-1775 жылдары туған десек, Ерсары 1779-1780 жылдары туып, XIX ғасырдың 50-60-шы жылдарына дейін өмір сүрді деуге болар.
Ерсары жасынан діни білім алып, кейіннен медреседе оқыған деседі. Қайда оқымасын, бойында көріпкелдік, емшілік қасиет дарыпты. Әкесі Ботабай «осы сарыдан бір нәрсе шығады» дейді екен. Расында да Ерсарының емшілік қабілеті ашылып, келе-келе көріпкелдікке ұласыпты. Науқастардың тамырын ұстап, көзіне қарап, ем-дом жасайтын болыпты. Көбінесе емдік қасиеттері бар шөптермен емдеген көрінеді. Ол кісі ауы­рып жатқан науқастарды біліп, оларды емдеуге өзі барса, көбінесе ауырғандар Ботабай ауылындағы Ерсары үйіне барады екен. Сондықтан да отбасымен ақылдаса келе, науқастарға арнайы бір үй тіктірген. Науқастардың емімен қоса, ішіп-жемі де Ерсарыдан болыпты (әрине ауыл адамдарының туыстары, қымыз-шұбаттарын, қазы-қарталарын ала келеді екен).
Ерсары емші келе жатқанда ауыр, науқастардың өзі орындарынан қалай тұрып кеткенін білмей де қалатын. Әсіре­се ұры-қарылар Ерсары ауылынан қашық жүретін. Олардың қылығын сезіп, көріп, біліп отырған Ерсарыдан сескенетін. Ол ауылда бөгде сөз, бөгде қылыққа орын жоқ. Бұл ауыл адамдарының Ерсарының қасиетін қадірлегеннен болса керек. Малы жоғалған, адамдары хабарсыз адамдар Ерсарыға келіп, мән-жайын айтып, көмек сұрайды екен. Сонда ол кісі Құран кітабын ашып, кейде Құмалақ салып, жоқтың ізін шығаратын. Сондықтан да ел ішінде «Ерсары әулие» аталған.
Ерсарыдан – Әмит, Байғара, Үбайда, Шайман, тағы басқа да ұрпақтар өрбіген. Ерсары бабасы түсіне аян боп енген Салықбай Күзеровтің (1900-1901 жылы туған), 1960-1967 жылдары өмірге келген Дарқан есімді жігіттің де түсіне еніп, жол сілтеп Аллаға сүйінуді тапсырыпты деседі. Осының айғағындай досым, ақын Зордан Салықбаевтың әкесі Салықбай үнемі «Ерсары бабамның әруағы жәрдем ет» деп отыратынын талай мәрте естісек те, кезінде мән бермепті ғой» дейтін.
Ата-тек шежіреде көрсетілмеген Ерсарының Шора есімді ұлының атын 1845 жылы Бисары биге көмекші болып Кенесары сарбаздарына көмектескені жазылыпты. Демек, Ерсарыны ұл баласының бірі Шора демекпіз.
Ерсарыдан туған Байғараның – Cүйінқара атты баласының немересі Райхан Ибраев пен Ботабайдың Құттыбайынан туған: Әбжат, Ғаниұлы Матай, Ақберген баласы Парахатты көріп өстік, бір ауылда тұрдық.

МЫРЗАҚАРА ИШАН БАЙҒАРАҰЛЫ
Мырзақара ишан Байғараұлы шамамен 1841-1845 жылдары «Қарақжалы» маңында туса керек. Өйткені Қуаңдария өзенінің оң жақ жағалауындағы сексеуілді құмның ортасында Мырзақара мешіті тұр. Төбесі құлаған, қабырғалары бар. Әкесі Ерсарыдан дәріс алып, дін жолына түскен Мырзақара есімі Сыр жұртшылығына толық таныс (Қазалы мен Қармақшы ауылдарының адамдарына Т.Д.), мешіт Қазалы мен Қармақшы аудандарының шекарасында.
Менің өзім жол бастаушыларым Самырат Құлназаров, Кеңшілік Қыстаубаевтармен бірге 1991 жылы мешітке барып-көріп, басына Құран оқып, Жаңақала ауылына аттанған едік. Жақын маңында Қаракөл атты өзекше де бар.
Ишанның бастамасымен мешіт салынып, сол мешітте Мырзақара бала оқытқан. Көптеген шәкірттері ауыл мешіттерінде иман болып қызмет етіпті. Жас шамасы қатарлас болса да Мырзақара Балқы Базарға (атақты жырау Т.Д.) діни сабақ берген деседі.
Бұрындары да, бүгінде де сол аймақта тұратын және басқа жақтан келушілер Мырзақара мешітіне барып, зиярат етіп, Алладан медет, ишаннан бата тілеп қайтатындар баршылық. Ұрпақтарының айтуынша Мырзақара ишан өзі туып, өскен өңірде дүниеден озып, мешіт ішіне жерленсе керек.
Мырзақара ишанның ата-тегі екі түрлі таратылады. Біріншісі Ерсарыдан – Мырзақараны тудырса, екіншісі Ерсарының баласы Байғарадан таратады. Егер Ерсарыдан туған болса да, онда ишан 1818-1820 жылдары, Байғарадан өмірге келсе 1840-1843 жылдары өмірге келген болады. Қалай десек те мешіт маңында 1904 жылы қайтыс болыпты. Мырзақара діни сауатын ауыл молдаларынан, кейіннен «Көкалташ» медресені бітіргені айтылады.
Байғарыдан – Мырзақара – одан Самат, Сейтен тағы басқа ұрпақтар туған. Саматтан – Нәби – одан Серік, Жолдас, Бақтыбай. Сейтеннен – Әбдірше – одан Кеңсебай, Нағашыбай, Қалдыбек, Жәнібек, Мәнібектер өсіп-өнген.
Ерсары әулиенің Байғара атты баласынан Мырзақара мен Сүйінқара бір туған. Сүйінқара – одан Ибрай. Сүйінқара шамамен 1850-1851 жылдары, Ибрай 1896-1898 жылдары өмірге келсе керек. Ибрайдың баласы Райхан – 1934 жылы туған. Онымен аралас-құралас, талай мәрте дастарқандас болдық. Сымбатты да сұлу кісі болды. Көп сөйлемейтін, турашыл азамат еді.
Тоққожа Балқының біраз шаңырағы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының Аққыр, Жаңаталап ауылдары мен Қарақалпақстанның Тәуелібай өлкесіне де көбірек қоныстанған.
Мырзақара ишанның шәкірті болған атақты Балқы Базар жырау (ақын Т.Д.) бір толғауында:
«... Ұлсыздарға ұл берген,
Қызсыздарға қыз берген.
Кереметі кезінде,
Есітіп құлақ, көз көрген...» деген өлең жолдары Ерсары әулие мен Мырзақара ишанға арналғандай. Оны маған марқұм ақын, жазушы Бекділдә Алдамжаров 1993-1994 жылдары айтқан-ды.
Есімдері ел есінде сақталған бабаларының өмір жолдарын зерделеп жүрген інім Кеңесбайға рақметтен басқа айтарым жоқ.
Ерсары әулие мен Мырзақарадай тұлғалар зерделене түсуге тиіс демекпін.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
этнограф
25 тамыз 2021 ж. 732 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031