Қыздарға әсемдік жарасады
Жалпы қыз бала жылтырақ әшекейге құмар келеді. Себебі оның болмысы нәзік, солай жаратылған. Тіпті жасқа толмаған бүлдіршіннің өзі орамалдың моншағына ұмтылып, әшекейді ұстап көргісі келеді. Мұндайда үлкендеріміз «қыздың қиқымы ғой» деп сүйсініп жатады. Иә, нәзікжандылардың сәнді әшекейге қызықпайтыны кемде-кем. Тіпті бұл қасиет қанымызға сіңген десе де болады. Неге десеңіз?
Қазақ әйелдері ежелден киімнің тәуірін киіп, әшекейдің асылын таққан. Әшекей бұйымдар сәндік үшін, бой түзеп, сән-салтанатпен жүру үшін ғана қызмет етіп қоймай, сондай-ақ ізін қуған сіңлілері мен қыздарына мұра болып асыл қазынадай сақталған. Мұнымен қоса әшекей бұйымдарды тағудың да өзіндік тәрбиелік мәні мен маңызы бар. Қыз бала 4-5 жасынан бастап-ақ сәнмен бой түзеп, қолына бала білезіктер, құлағына сырға, қамзолына жиектей күміс құймалар таққан. Әйел әшекейлері тек сән-салтанат үшін ғана емес, әдет-ғұрып, наным-сенімге де тікелей қатысты болғандықтан, кез келген әлеуметтік ортаның өкілі өз хал-қадірінше әртүрлі әшекейлер тағуға тырысқан. Сондай-ақ таққан әшекейіне қарай әйелдің жасын, әлеуметтік тобын, қай аймақтан екендігін ажыратуға болады. Мәселен, ауқатты отбасынан шыққан әйелде бағалы тастардан көз салынған, алтынмен апталған әшекейлер мол болады. Олар күрделі көркемдік шеберлікпен, техникалық жағынан мінсіз орындалуымен ерекшеленеді. Зергерлік әшекейлердің саны мен сипаты әйел жасына орайлас келеді. Мәселен, пішіні жағынан кіші, қарапайым әшекейлерді жасөспірім қыздар тақса, ал қыз бойжеткен сайын ол таққан әшекейлер өзгеріп, көркемдік нақыштары күрделене, көбейе түскен. Тұрмысқа шыққаннан кейін әйел әшекейі біртіндеп азайып, жасына қарай басқа нақыштарға ауысады. Қазақ қыз-келіншектері жүзік, сақина, балдақ, құстұмсық жүзік, отау жүзік, білезік, жұмыр білезік, сырға, шекелік, шашқап, шолпы, шашбау сияқты әшекей бұйымдарын таққан.
Ал қазір қалай? Шашбауды көбіне тек арнайы концерттік бағдарламалар мен мерекелерде ғана ара-тұра ұлттық киім киген қыз-келіншектердің шашынан көруге болады. Күнделікті тұрмыста тағып, қолданып жүргендер ұлттық тәрбиені бойына терең сіңіріп, мықтап сақтап қалған ілуде бір отбасының саусақпен санарлық қана қыздары. Шашбаудан гөрі қазақы сырға мен алқаны, жүзік пен сақинаның сан алуанын бүгінгі қазақ қыздары көп қолданады. Бірақ кейбір нәзік жандылардың баданадай қылып құдағи сақина, қалыңдық сақиналарын орынсыз тағып жүргендерін де көресіз. Негізі сақинаның да жас ерекшеліктеріне қарай жас қыздарға, келіншектерге, егде жастағы әйелдерге арналған түрлері болатынын біліп, соған сай қолданған жөн. Алдымен, сақина мен жүзіктің айырмасын айтсақ, асыл тастардан көз қондырылғанын жүзік деп, тасы жоқ тек алтын, күмістің өзінен ғана көз шығарғанын сақина, көзі жоқ шығыр түріндегісін балдақ деп атайды. Сақина мен жүзіктердің киелілігі мен қасиетін бағалауға қатысты қазақтар арасында кең тараған түсініктер жиі кездеседі. Ертеде қазақтар әйелдің қолында не жүзігі, не сақинасы болуы керек деп санаған, ол болмаған жағдайда дайындаған тағамына қасық салмаған. Күмістен сақина, жүзік салған әйел қолынан ішкен сусынды қонақ адал деп сүйсініп ішкен.
Соңғы уақыттағы көңіл қуантарлық жайттың бірі – ұлттық әшекей, сәндік бұйымдар, жалпы ұлттық стильдің қыз- келіншектер арасында қайта сәнге айналуы. Отандық өнімге де сұраныс көбейіп келеді. Одан бөлек, қазір әшекейдің сан түрі бар. Әлемдік топтамаға да ілескіміз келеді. Шетелдік брендті де тұтынуға қарсы емеспіз. Алайда әшекей тағудың да өз этикеті бар екенін ескерген жөн. Талғаммен таңдап, әдемі үйлестіре білсеңіз келбетіңізге көрік қосары сөзсіз. Сонымен қатар әшекей әрбір әйелге нәзіктік сыйлап, бейнесін аша түседі. Осы ретте үйде де, тәрбие ошағында да әшекей бұйымды тағып қана қоймай, оны ретімен, мән-мағынасын түсініп тағу жағы көбірек үйретілгені дұрыс.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ