» » » Өңіржиек өмірдің өзегіндей

Өңіржиек өмірдің өзегіндей

Қазір ұлттық нақыштағы киімдеріміз сәнге айналып, қазақы болмыс­ты айшықтайтын әшекейлер қайта қолданысқа енуде. Той-жиынға барғанда ұлттық киіммен үйлестіре тағылған әшекейлерді қарасаң көз тояды. Алайда дана халқымыз әрбір әшекейді өзінің орнымен, салтымен қолданған. Көпшілік біле бермейтін осындай әшекейдің бірі – өңіржиек.
Өңіржиек – негізінен мойынға тағылып, омыраудан салбырап түсіп тұратын металл әшекей алқа. Мұндай алқа қазір көбінесе Қазақстанның батыс өңірінде қолданылады. Өңіржиек бірқатар немесе екі қатар болып төменге қарай салбырап тұратын, әрқайсысы бір-бірімен күміс шынжыр арқылы байланысатын бірнеше күміс тақтадан тұрады. Тақталар күміспен қақталып, іші қуыс етіп жасалады. Қуысына ақ балшық толтырылады. Тақтаның қалыңдығы 0,5 см-ден астам, 1 см-ге жуықтайды. Өңіржиек тақтасын «алақан» деп те атайды. Тігінен алғанда бір қатардан тұратын кейбір өңіржиектің ең төменгі алақаны кішірек екі күміс тақтасын топсамен біріктіру арқылы да жасалған. Өңіржиектің мұндай түрін «қос топсалы өңіржиек» деп атаған. Әрбір тақтаның бетіне асыл тастан көз қондырылып, өрнек түсіріліп, кейбіреулері алтынмен жалатылып, ең төменгі тақтасына күміс салпыншақтар тізіледі. Күміс шынжырлы салпыншақтың ұшында сыңғырлаған дыбыс шығаратын қозасы болады. Қоза дегеніміз – ішінде қиыршық тасы бар шар тәрізді әшекей. Осыған байланысты әшекейдің бұл түрі «қозалы өңіржиек» деп аталады. Өңіржиек тақтасының бетіне ирек, құсқанат, жүрекше секілді ою-өрнек түсіріледі. Жиектеріне алтын, күміс сіркелер қондырылған.
Өңіржиекті тағудың өзіндік әдебі бар. Қазақ қыздары оны жасына қарай әртүрлі етіп таққан. Отбасында қыз бала дүниеге келіп, өсіп келе жатқан кезде өзге де әшекейлермен бірге «тіл, көз тимесін» деген мақсатпен ұшбұрышты тұмар таққан. Оны зергер күмістен бұрыштап немесе жұмыр түтікше тәрізді етіп жасайды, оның іші қуыс болады, онда бәле-жаладан қорғайтын дұға салынған.
Өңіржиектің қыз баланың бойжетіп келе жатқан кезіне арналған түрі «Өңіртал» деп аталған. Ол аралары алшақтау (бір қарыс) орналасқан екі тақтадан тұрады, тақталары күміс шынжырлармен байланысқан.
Өңіртал көбінесе қызыл түсті шыныдан не ақық тастан көз салынып, шынжырмен мойынға тағылады. Ал қыз ұзатылып, тұрмыс құрып, ана атанғаннан кейін үлкендеу, қалыңдау үш тақтадан тұратын өңіржиектер таққан. Өңіржиектің тақтасы көп болған сайын «көпбалалы, алтын құрсақты ана болсын» деген мағынада жасалған.
Бірінші, екінші, үшінші, төртінші тақталары төртбұрышты болып келіп, соңғы тақтасы төменге қарай бес бұрышталып келуінде де үлкен мән бар. Яғни ананың болашақта көп ұрпақ дүниеге әкеліп, «көбею» мағынасын меңзеп тұрғандай.
Бұл әшекейді әйел адам 45-50 жасқа дейін, яғни баланы дүниеге әкелуге қабілетті жасына дейін ғана таққан. Әйел адам үлкейіп, немерелі болып, әже атанған шағында өңіржиектің төменгі жақтарын ажыратып тастап, бір төртбұрыштысын ғана алқа ретінде тағып жүрген.
Өңіржиектің әрбір бөлшегі терең мағынаны білдірген. Мәселен оның жан-жағындағы көп салпыншақтар ұрпақтың өсіп-өркендеуі, оның жалғастырушы әйел адамның рөлі, өсімдік тектес өрнектің барлығы қанат жаю, өмірдің жалғастығын, жаймашуақ күндерді, көбеюді білдіреді. Ал өңіржиек бетіндегі екі ұзын сопақша, ортасында әдемі өрнектердің салынуы жер әлемнің барлығы да әуелде бірінші болып ер адамнан жаралғанын аңғартады. Ер адам болмаса, жер бетіне ешқандай ұрпақ болмас еді. Өмірдің бастамасы ер адамда, соның белінде жатыр дегенді меңзейді. Сондай-ақ, өңіржиекті әсіресе жүкті келіншектер үнемі тастамай тағып жүрген. Себебі адамның назары жүкті әйелдің құрсағына емес, оның әшекейіне түссе тіл-көзден, бәле-жаладан, сұқ көзден сақтайды деген сенім болған.
Көрер көзге сүйкімді, қазақ қыздарының көркіне көрік қосатын бұл әшекейдің тереңіне үңіліп, терең мән барын ұқтық. Қазақы нақыштағы осындай әшекейлерді өкінішке қарай қазір тек той-жиындар мен наурыз мерекесінде тағынамыз. Десе де, оны күнделікті бойтұмарымызға айналдырған жөн-ау.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
14 қыркүйек 2021 ж. 1 620 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031