» » » Ханшалар киген қасаба

Ханшалар киген қасаба



Қазақ ұғымында бас киімнің орны бөлек. Халқымыз оны жерге тас­таса, бақ таяды, бас кемиді деп ырымдаған. Киіп жүрген бас киімін ешкімге сыйламаған және өзгенікін кимеген. Осындай ерекше құрметі бар бас киім ер мен әйелдікі болып қана қоймай, ішінара да бірнеше түрге бөлінеді. Біздің білеріміз қазіргі қолданыста жүргені ғана. Ал тарихқа көз салсақ, ерекше мән мен мағынаға толы бас киім түрлері жетерлік. Солардың бірі – бұрын қолданыста болған, қазір атының өзі таңсық болып келетін «қасаба».
Қасаба – үшкірлеу төбесіне бір шоқ қауырсын қадап, маңдай тұсын түгелдей асыл тас, алтын, күміс әшекейлермен безендіріп, оң жақ самай тұсына 5-6 қатардан ілмелі моншақ пен күміс қоңыраушалар байлап, ұзын салпыншақты етіп жасалған қыз тақиясының бір түрі. Бұл көне түріктердің бас киіміне, әсіресе, қыпшақ тайпасының киіміне ұқсас. Мұндай бас киім түрі қазіргі түркі халықтары мен оған жапсарлас парсы, ауған халықтарының кейбірінде әлі күнге дейін сақталған. Ұлттық киімдердегі бас киім қасабаның қалпында жасалғанын аңғаруға болады.
Этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің айтуынша «қасаба»  сөзі «алтын зерлі» деген мағынаны білдіреді. Мұндай бас киімді көп жағдайда төре, сұлтандардың қыздары киеді. Тіпті хан-сұлтандардың зайыбы да киген көрінеді. Мәселен Жәңгір ханның жары Фатима осы қасабаның бір түрін киген екен. Қасабаның осы түрі кейіннен Алматы қаласында фабрикада өндіріліпті.
Қасабаны үйлену тойына кейде қалыңдық сәукеленің орнына киген. Оған «қасабалы қалыңдық», «қасабалы келіншек» деген тіркестердің сақталып қалғаны айқын дәлел болмақ. Тойдан кейін қасабаны үкісіз, желексіз, ойыңқысының сыртына жаулық салып немесе басына орамалдың үстінен киген. Бас киімнің бұл үлгісіне қарай қалыңдыққа арнайы алқа, білезік, жүзік, бұрымға тағатын шолпы, бұрымының қолаңына ілетін қоза сырға, қамзолдың сыртынан буынатын нәзік белдік, аяққа киетін мәнерлі кебіс дайындалатын болған.
Қасаба күрең немесе көгілдір түсті жібек, ши барқыт, пүліш, дүрия, шұға, парша секілді маталардан тігілген. Оның тұрпаты дөңгелек, желкесіне қарай ойыңқылау келген, дөңгелек тақияға ұқсас етіп пішіледі де, артқы жағына немесе желкесіне қарай бірте-бірте ойытқы түскен құламасы болады. Ұшы әйелдің арқасына қарай төгіліп жатады.
Жиегі зерлі жіптермен кестеленіп, қиылысқан жерін алтын жолақпен жауып, зерлі әшекеймен безендіреді. Құламасына шашақтар тағылады. Мұндағы шашақтың көп тағылуы «ұрпағы көбейсін» деген игі тілекті білдіреді. Қасабаның маңдай тұсына түрлі асыл тас тізілген дөңгелек табақшалармен бекітілген қыстырма ілінген. Ал самай тұсына ұзынырақ күміс қоңыраушалармен ұшталған 5-6 тізбек салпыншақ таққан. Бұл келін боп түскен қыздың жүйкесін жұбатады деген ескі ұғымнан туған. Ал төбесіне қадалған үкі сәндік үшін тағылған.
Қыз-келіншектің көркін ашатын қасабаны бүгінде музейлерден де сирек кездестіреміз. Отандық дизайнерлер ойға алып, мағынасы мол қасиетті бас киімді заманға сай жаңа үлгіде дайындаса сұраныстың болары сөзсіз. Өйткені жылдан-жылға ұлттық киімдер сәнге айналып, зерлі шапандар, оюлы қамзолдар ортамызға оралуда.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
13 шілде 2021 ж. 1 989 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 049

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031