» » Бетперде тағу – вирусқа тосқауыл

Бетперде тағу – вирусқа тосқауыл

Осыдан 4 жыл бұрын қарапайым күні мән бермейтін, тек медицина мамандарына ғана тән деп санайтын бетпердемен таныстық. Пандемия белең алған тұста дәріханадан маска іздеп сабылдық. Тапқанымыз бағасына қарамастан сатып алдық. Кейіннен қолдан тігілгендері де сатылымға шықты. Сақтық үшін тағылатын бетперденің сан түрі сауданы қыздырған еді. Арзаны дейсіз бе, қымбаты дейсіз бе, түрлі-түстісі де бар. Қалтаңызға қарай кез келген жерден алуға болатын. Тіпті уақыт өткен сайын бас киім, орамал, көйлекпен үйлестірілген түрлері сәнге айналған-ды. Ел енді басын көтеріп, аурудың салған лаңын ұмыта бастағанда елімізде маска тағу режимі қайта енгізілді. Енді бетперде өмірімізге қайта оралмақ.

Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа қаулысы бойынша емдеу мекемесіне келушілер мен мединица қызметкерлері бетперде киюге міндеттелді. Себебі, Қазақстанда ковид қайта өрши бастаған. Мәселен өткен айда індет жұқтырғандар саны бірден екі жарым есеге көбейіпті. Яғни желтоқсан айында қауіпті кеселге 187 адам шалдықса, қаңтарда науқастар саны 500-ге жуықтаған. Аурудың таралу көрсеткіші әсіресе Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жоғары.

Министрлік өкілдері қазір қыс айы болғандықтан маусымдық дерт дендеп, эпидемиологиялық ахуал күрделеніп тұр дейді. Оның ішінде коронавирус жұқтырғандар саны артқан. Сондықтан жауапты ведомсвто өкілдері халық көп жүретін қоғамдық орындарда да тұрғындардың бетперде тағуына кеңес береді. Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова баспасөз өкілдеріне берген сұхбатында толығырақ тарқатты.

– Әсіресе омикрон штаммын жұқтырғандар көп. Оның ішінде омикрон арктур штаммымен ауырып жатқандар 50 пайызға жетіп отыр. Бұл штамм былтыр белгілі болған. Одан бөлек жедел респираторлық вирус инфекциясы да өршіп тұр. Бұл маусымдық жұқпалы дерт екенін білесіздер. Өткен аптамен салыстырғанда індет жұқтырғандар саны азаймай тұр. Әсіресе ірі қалаларда эпид ахуал күрделенген. Маска кию режиміне бәріміз жауапкершілікпен қарағанымыз жөн. Себебі деніміздің саулығы ең әуелі өзімізге керек, – дейді ол.

Алайда, денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері халықты қатты алаңдамауға шақырады. Тек ауа арқылы тарайтын аурулардан қорғану үшін маска тағып, антисептик қолданып жүрген жөн. Осы хабар шыққан бойдан ел арасында жалған ақпарлар желдей есті. «Тағы да пандемия болады екен», «Бұл жолғысы өте ауыр», «Мыңдаған адамның өмірін жалмайды» деген қауесеттермен қоса, «Масканың саудасы жүрмей қалған ғой» деген сыбдырлар да көпшілік жерде қозғалып жүр. Осы мақсатта мәселенің анық-қанығын білмекке  аудандық емханамен байланыстық.

– Бұл қаулы халық арасында ауа-тамшы жолы арқылы берілетін инфекциялық аурулардың (қызылша, Коронавирус, тұмау және басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциялар) таралуының алдын алу мақсатында қабылданған. Медициналық ұйымдарда персоналдық және келушілердің медициналық маскаларды пайдалануын, антисептиктердің болуы талап етілуде. Халықтың көп жиналатын жерлерінде (әуежайлар, теміржол вокзалдары, автовокзалдар, базарлар, сауда, ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, театрлар, кинотеатрлар, ХҚКО, банктер және т.б.) медициналық немесе матадан тігілген маскаларды пайдалануға ұсыным берілген. Қаулыға сәйкес қазіргі таңда барлық жерде «маскалық режим» қолданысқа енгізілді. Бұл жерде дүрбелең тудырып, үрейленетіндей дүние жоқ. Тек сақтық үшін. Өзіміздің саулығымыз үшін талапқа бағынып, сақ жүрейік, – дейді аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Айдос Жаналиев.

   Иә, бетперде тақ десе тәртіпке көніп таққандай боламыз. Алайда «маскасыз кіргізбейді» деген жерлерде ғана. Басқа кезде таққымыз келмейді. Мұны мойындауымыз керек. Сонда біз кімді алдап жүрміз? Кімге пайда, кімге зиян? Өз саулығымыз өзгеге емес, өзімізге керек екенін ұмытпайықшы...


Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
17 ақпан 2024 ж. 262 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 286

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 381

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930