Онлайн сауда қарқынды дамуда
Бүгінде базар аралап, дүкен жағалап жүретін заман емес. Телефонның түймесін түрте қалсаңыз болғаны керегіңізді үйіңізге дейін алдыруға болады. Кәсіпкерлер де ғимаратты жалға алып, шығындалмайды. Онлайн сауданың артықшылығын пандемия кезінде сезіне бастадық. Біршама адамның бизнеске келгені де осы кезден басталды. Өткен жылы электронды коммерция көлемі 2,2 трлн теңгеден асты. Бірақ бөлшек сауданың небәрі 13 пайызын құрады.
Қазірде нарықта байерлік бизнес кеңінен таралған. Осыған дейін бұл іспен айналысатын бірді-екілі ғана адам болған болса, соңғы жылдары Түркия мен Қытай нарығындағы байерлер жетіп жығылады. Бұған әлеуметтік желідегі сіз бен біз көріп жүрген блогерлер дәлел бола алады.
Онлайн саудамен айналысатындардың бір қатары байерлікті кәсіп етеді. Олардың бір бөлігі Түркияға аттанса, келесілері қазірде «трендте» болып тұрғаны Қытаймен сауда жасау үшін шетелге асып жатыр. Әлеуметтік желіні белсене қолданатын жандар осы байерлікпен айналысуда. Байер – жақсы сападағы және қолайлы бағамен дұрыс нәрсені қайдан сатып алу керектігін білетін адам. Бұлар шет мемлекетте жүріп, сіздің қалаған затыңызды сол елден тауып береді. Біздегі нарықтағы бағамен салыстырғанда қалтаға қонымды дейді. Басқаша айтқанда «алыпсатарлық» қой кәнігі. Тек өзге елде жүргені болмаса еңбегі базардағы саудагермен пара-пар. Мұнда баға бізден әлдеқайда арзан. Байерде зат алатын қарапайым халық мына нәрсенің аражігін ажыратып алса дейсіз. Өзге елден зат алдырмас бұрын логистиканы да естен шығармау керек. Қажетті затты арзан бағаға тапқаныңызбен, салмағы көп болса екі рет шығындалып қаласыз. Ал салмағы мен бағасы сай келсе кәсіпке айналдыруға болады.
Зарина Әбиева үш жылдан бері онлайн саудамен тұрақты айналысып келеді. Декреттік демалыста отырған жас ана үйден шықпай-ақ табыс тауып отыр. Арнайы сайт пен платформалардан тапсырыс жинап байерлік қызмет атқарады. Одан бөлек инстаграм арқылы қыз-келіншектерге арналған косметикалық өнімдер сатады.
Онлайн кәсіпті бастамас бұрын саланы жан-жақты зерттеген жөн. Қазіргі заманда қандай ниша сұранысқа ие соны әбден зерттеп алдым. Сонымен қатар сату техникасын да меңгердім. Ақшамды аяп қалғаным жоқ. Сату үшін бірнеше маманды жалдау керексің. Оларға берілетін ай сайынғы жалақыда бар. Мобилограф, SMM маманы секілді қызметтің бәрін өзім істеймін. «Артық болмас білгенің» демей ме?! Сол үшін осының барлығын үйренуде уақыт пен қаржыдан тарылмадым. Қазір онлайнның заманы болды ғой. Ешқайда шығып әуре болмайсыз. Тапсырысты жеткізуші (курьер( арқылы не болмаса таксиге салып жібере қоясыз. Қосымша жалға алуға да ақша төлемейсіз, – дейді ол.
Иә, онлайн сауданың тиімділігін бәрі түсінді. Бірақ біздегі нарықтың ауқымды бөлігі шетелдік интернет-алаңдарға тиесілі. Үкімет басшысы отандық онлайн-дүкендерді дамыту үшін төлем жүйелерінің, көлік-логистика инфрақұрылымының және курьерлік қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету керектігін айтқан болатын.
Қазіргі таңда әлем елдерінде электрондық сауда нарығы тоқтаусыз дамып келеді. 2025 жылға қарай әлемдегі интернет-сауданың үлесі бөлшек саудадан 25 пайызға асып түседі деп күтілуде. Бұған онлайн және офлайн-дүкендердің бизнес-процестерінің өзгеруі, өнімді орналастыру мен жарнамалаудың жаңа форматтары ықпал етіп отыр, – деді Үкімет басшысы.
Таразының бір басында онлайн саудамен айналысатындар болса, екінші жақта тапсырыс берушілер тұр. Елімізде көптеген интернет-сатып алушының қалыптасқан мынадай тәртібі бар екен. Ең бірінші кезекте олар Kaspi қосымшасы арқылы сатып алады. Ал сатып алушылардың көбі ірі қалалардың, соның ішінде Алматы қаласының тұрғындары екен. Олардың басы бөлігі сатып алуды смартфон арқылы жүзеге асырады. Бөліп төлегенде қымбатқа ұрынады. Ал артық төлем жасамас үшін көбіне арзан тауарларды алатын көрінеді. Сондай-ақ постамат пен тапсыру нүктесін емес, жеткізу қызметін көбірек пайдаланады.
Адам бүгінгі күннің тіршілігіне, сұранысына сай бейімделеді екен. Қазір үйде отырып, кез келген затты алдыруға мүмкіндік бар. Қаласаңыз шет елден де тауар алдыруға болады. Бұрын базар жағалап Түркияның көйлектерін іздесек, қазір интернет арқылы сол елден тапсырыс беріп алдыра қоямыз. Тіпті азық-түлік пен тамаққа да тапсырыс беруге болады. Мәселен, мен аптасына бір рет фаст-фуд өнімдеріне тапсырыс беремін. Уақытылы жеткізеді. Төлемді онлайн аударамын. Бұрын базарға такси жалдап, қаншама затты арқалап қайтсақ, қазір онлайн саудаға үйрендім. Үйден шықпай азық-түліктен бастап, киім-кешекке дейін тапсырыс бере аламын, – дейді Айдана есімді келіншек.
Қазір еліміздегі белсенді онлайн-сатып алушылар саны 4,9 млн адамға жетіп отыр. Иә, онлайн сауда – қаржы мен уақыт үнемдеудің жаңа жолы. Өз кәсібін ашуды ойлағандар да осы салаға қаржы салуды құп көреді. Онлайн сауданың айналымы да күн сайын көтеріліп келе жатқанын байқаймыз. Қалай десек те онлайн жүйедегі сауда-саттықпен айналысу, жаһандық экономикадағы жаңа трендіне айналды.
Ақнұр ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ