» » COVID-19: Электронды сауда

COVID-19: Электронды сауда


Қазір заман талабы не? Әрине, ол алдымен қағазбастылықтан арылып, барлық жағынан цифрлануымыз. Оның әсері әлемнің әлеуметтік-экономикалық дамуына сеп. Ал, электронды сауда дегеніміз не? Ол – қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлігі іспеттес. Мұндай онлайн сатылымның қарқыны мықты. Биылғы жағдайда да маңыздылығы одан әрі арта түсті. Цифрлар не дейді? Сараптап көрейік.
Жаһандық статистикаға сүйенсек, 2018 жылы әлемдегі барлық бөлшек сауданың 11,9 проценті онлайн режимде жасалған. Қытайда бұл 35 проценттен асады. Ал АҚШ-та бұл көрсеткіш 10 процентті, ал Еуропалық Одақта шамамен 15 процентті құрайды. Сарапшылардың айтуынша, келесі жылға қарай әлемде электронды сауда орта есеппен 17,5 процентті құрамақ.
Екі өкпеден қысқан пандемияның зардабы біраз салаға кері әсерін тигізгені рас. Бірақ оның ерекше тұсы да көрінді. Мәселен, strategy2050.kz сайтында электрондық сауданы бұрын-соңды болмаған өзгерістерге алып келді делінген. Дәстүрлі бөлшек сауданың көлемі төмендегенімен, биылғы жылдың сәуір айында электрондық коммерция АҚШ пен Канададағы тапсырыстардың 129 процентке өсімін, сондай-ақ интернеттегі барлық бөлшек сауда тапсырыстарының 146 процентке артқанын көрсетіпті.
Коронавирустың салдары онжылдыққа созылуы мүмкін деген де болжам бар. Биылғы өзгеріске қарап, экономика мен кәсіпкерлікке едәуір зияны тигені бар. Қоғамдық орында жиналатын адамдардың саны мыңнан жүзге, онға дейін азайды. Енді мына қызықты қараңыз. Мамандар індет жайлаған кезеңдегі тұтынушылардың мінез-құлқына қатысты зерттеу жүргізіпті. Соған сүйенсек, адам оқшаулану мен белгісіздік кезеңінде көтерме саудадан бастап интернет-дүкенге дейінгі сатып алатын тауарлар, оны қашан, қалай алатынына дейін өзгеріске ұшыраған. Ал халықтың сауаттылығы уақыт өте заман талабына сай артып келеді.
Елдегі strategy2050.kz сайтындағы деректе: «Лондон Өнер университетінің психологы Пол Марсденнің айтуынша, осындай белгісіздік пен дүрбелең кезеңінде адамдардың сауда жасау сипаты үш негізгі психологиялық қажеттілікке байланысты болған. Ең алдымен, автономия немесе өз іс-әрекеттерін бақылау, екінші – туыстық (отбасының игілігі үшін бір нәрсе істеп жатқанын сезіну) және құзыреттілік (дұрыс таңдау жасайтын ақылды сатып алушылар сияқты сезіну). Пандемия кезінде осы психологиялық факторларға қосымша ерекшеліктер пайда болған» дейді. Яки алдымен, Covid-19 таралуында адамда әртүрлі ақпарат пен кең таралған кеңестерге қарай, жағдайды асыра бағалау және соған сай дайындалу инстинкті орнаған. Одан соң, көпшіліктің сауда жасап, сөрелерді босатып жатқанын көргендер оларды жедел сатып алу мен жинауға кіріскен. Сонымен қоса, пандемия уақытында денсаулығын нығайтқысы келетіндер интернет-дүкендерден түрлі витаминдер, пайдалы тағамдар, физикалық жаттығу құрал-жабдықтарына тапсырысты көптеп берген. Сонымен қоса, онлайн-тренингтер мен жаттығулар саны көбейіп, жоғарыда аталған факторлар электронды сауданың артуына өз ықпалын тигізді.
Ал біздің елде қалай? Біртұтас және тиімді сауда-логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыру үшін ұлттық тауар өткізу жүйесі құрылатынын ҚР Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов Үкімет жиналысында айтқан болатын. Бұл тек техникалық қана емес, ақпараттық тұрғыдан да фермерлерді, сатып алушыларды, тасымалдаушыларды, делдалдар мен ритейлерді бірыңғай кластерге біріктіреді. Бірыңғай цифрлық жүйемен байланысты 24 көтерме-тарату орталығы өндірушіден тұтынушыға дейін өнім жеткізу тізбегін оңтайландыруға, өнімді сақтауға, тиімді таратуға және өткізуге қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
Биылғы мұнай дағдарысы, коронавирус пандемиясы және АҚШ-ҚХР сауда текетіресі есебінен әлемдік сауда баяулап, бірінші жартыжылдықта Қазақстанның сыртқы саудасы 7,4 процентке төмендеген. Ал, Еуразиялық одақ ішінде тауар айналымы небәрі 14 процентті құрайды. Ол да пандемияның ықпалы нәтижесінде 11 процентке дейін төмендепті. Бұл дегеніміз, сауда инфрақұрылымын жаңғыртуда тек Қазақстанда ғана емес, көршілес Орталық Азия елдерінде де цифрландыру және электрондық сауда маңызды орын алады деген сөз.
Былтыр елдегі электрондық нарық көлемі 700 млрд теңгеден асса, биыл 1 жартыжылдықтың өзінде оның көлемі 432 млрд теңгені құраған. Осы жылдың соңына дейін 900 млрд болады деп күтілуде. Ал 2022 жылға қарай бұл 2 трлн теңгеге немесе елдегі барлық бөлшек сауданың 13 процентіне жетуі мүмкін. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің болжамы бойынша, 2025 жылға қарай электронды коммерция үлесі бөлшек сауда нарығында 15 процентке жетеді. Еліміз бүгінде Alibaba, Ebay, Amazon және Wildberries сынды халықаралық ірі компаниялармен келіссөздер жүргізіп, 3 фулфилмент-орталық жұмыс істейді. Онда күн сайын 350 мыңнан астам пошта өңделеді. 2025 жылға қарай олардың саны 15-ке дейін ұлғайып, пошта арқылы сәлемдеме саны 82,8 млн-ға өспек. Бүгінде елде 13 электронды сауда платформасы бар.
Айнұр ӘЛИ
09 қараша 2020 ж. 356 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031