«Желтоқсан екпіні әлі де есімде»
qarmaqshy-tany.kz ЖЕЛТОҚСАН. ОСЫ АЙДЫ АТАҒАНДА ӨЗІНДІК БІР САЛМАҒЫ БАР. БЫЛАЙЫНША СӨЗ ЕТКЕНДЕ ҚЫСТЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖƏНЕ СУЫҚ АЙЫ ДЕРСІЗ. РАС. БІРАҚ СОНАУ 1986 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚ ЖАС ТАРЫНА ШЫНЫМЕН ҚАТТЫ ЫЗҒАРЫН КӨРСЕТТІ. КЕҢЕС БИЛІГІНЕ НАРАЗЫЛЫҚ БІЛДІРГЕН ЖАСТАР ҮШІН ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІ АЗАТТЫҚҚА ДЕГЕН АҢСАУДЫ КӨРСЕТКЕН ОҚИҒА. АЛ ҚАЗІРГІ ҰРПАҚҚА ЕРЛІКПЕН, ЕРІК-ЖІГЕРМЕН, ЫНТЫМАҚБІРЛІКПЕН КЕЛГЕН ТƏУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІ.
Жыл сайын 16 желтоқсанды ерекше еске аламыз. Осы күні желтоқсан оқиғасының құрбандарына тағзым жасап, куәгерлерімен кездесеміз. Олардың әңгімесін тыңдағанда іштей жүрегіміз аласапыран болып, күй кешетініміз рас. Осы жолы да аудандағы желтоқсаншы жандардың сол кездегі сәтіне қайта оралтып, сөзіне ден қойдық. Сол куәгерлердің бірі – Меңсұлу Қошалақова.
Әсілінде адам жанын ұқпай жатып, сауал жолдау қиын. Жанын жаралап алмаймыз ба деп те іштей ойланып қоямын. Сонда да көңіл-күйіне қарап сол оқиғаны, естен кетпес тарихи сәтті еске түсіруді жөн санап сұрадық. Сауалымызды тыңдап, манадан бері ілтипат көрсетіп бізге күлімдеп қарап отырған Меңсұлу Асқарқызы жанарын тайдырып, терең ойға шомылды.
– 1985 жылы мектепті бітіріп, келер жылы Алматыға оқуға түстім. Өзім Жайықтың қызымын. 16 желтоқсан күні түске дейін барлық студент сабақта отырдық. Бір кезде қаланың ішінде жастар жиналып жатыр екен деген әңгіме тарай бастады. Біз әдепкіде не болып жатыр, неге жиналып жатыр, бұл турасында ештеңе түсінбедік. Содан анығын білу үшін біз де шығайық, түсінейік деп сол оймен ғана көшеге шықтық. Әзірге автобустар адам тасымалдап, қатынап тұр. Орталық алаңға жеткенде расымен адамның көптігіне көзіміз жетті. Әзір аласапыран бастала қоймаған халық тыныш екен. Біз сол кезде билік басына басқа ұлт өкілін әкеліп жатқанын, содан басқа қазақта адам жоқ сияқты көрсеткенін түсіндік. Аздап толқулар басталды. Үкімет үйінің алдын әскериленгендер жауып тұр екен. Жанжақтан «Қазақ жасасын!» деген ұрандар айтылып жатыр. Біз жас болсақ та бойымызда патриоттық сезім оянып, айтылып жатқан ұранға қосылып айқайладық. Бір кезде «суретке түсіріп жатыр, байқаңдар» деген хабар келді. Күннің суығына оранып шыққан мойнымыздағы шалмамызбен бетімізді тұмшалап жауып алдық. Бірақ сол суреттер бойынша оқу орнымызға адамдар келіп іздеу жасап, тергеу жүргізді, – деді желтоқсаншы сөз арасында кідіріс жасап.
Бұл күні орталық алаңға шыққан студенттер сол жерде қалып қоймай кешкісін жатақханаға қайтыпты. Ол кезде қатты шиеленіс бола қоймаған. Жастар алып-ұшып тұрғанның арқасында қорқыныш дегенді білмесе керек. Олар бір-бірін жігерлендіріп, ел басына қазақ келуді үндеген. Енді екінші күндегі жағдай кешегідей болмапты. Азанғы уақытта айқайшу, жанжал басталып, жастар алаңға лық толады.
– Екінші күні нағыз көтеріліс басталды. Бастарында каска, қолдарына қорғанатын темір ұстанған әскерилер жастарды аяусыз соққыға жығып, әкетіп жатты. 17 желтоқсан күні бізді азанда жатақханадан шығармай сыртымыздан құлыптап тастады. Болып жатқан жағдайды көзбен көре алмағасын не болып жатқаны бізге қызық болып барады. Қазіргідей жедел тарайтын телефон жоқ. Содан қыздар бәріміз кешкісін амалын тауып жатақханадан шығып кеттік. Ана сұмдық көріністі көзімізбен көргеннен кейін бойымызды қорқыныш басты. Көшеде көлік, автобустар тоқтап қалған. Ғимараттардың мрамордан жасалған қабырғалары жұлынып, әйнектер сынып жатты. Жерде бір-екі киім, қолғаптар жатыр. Өрт сөндіру көлігімен қарсыласқандарды кері қуып, су шашып жүр. Талай ер-жігіт, қыздардың таяқтың астында қалып қойғанын көзбен көрмесек те естіп жүрегімізді ұстадық. Бұл жағдай көтеріліске барады деп ойламадық. Әскери киінген қазақ жігіттері бізге жаны ашып, үйге қайтыңыздар деп жатыр. Шыны керек, бұл өте үлкен есте қаларлық толқу болды, – деді апайымыз күрсініп.
Осы оқиғадан соң студенттер үйіне қайта алмаған. Көпке дейін суретке түсіп қалған жастарды іздестіріп, тергеу жүрген. Тіпті кейбір студенттер жатақханадан шығып кеткен күйі оралмаған. Меңсұлу апайымыз үйіндегі ата-анасымен де дұрыс байланыса алмапты. Үйге қоңырау шалып болған жайды айта бергенде байланыс үзіліп кетіпті. Араға екі-үш сағат салып, қайта хабарласып, анасына болғанды баяндай бергенде байланысты тағы үзіп жіберіпті. Сөйтсе сөйлескендерін тыңдап отырғандар сыртқа тарамасын деп әдейі солай жасап отырған екен. Кейін жазғы демалыста ауылына қайтқанда үйіне бір-ақ айтқан.
М.Қошалақова бұл оқиғаны кейін ұмыта бастағанын да жасырмады. Себебі сол кездегі қорқынышты сәт көңілімді жабырқатады дейді ол. Тіпті кешегі Қаңтар оқиғасы кезінде де қатты қорқып, Желтоқсан оқиғасы секілді болып кете ме деп алаңдаған.
– Адам жасы келген сайын көп уайымдайды екен. Қазір шүкір балаларым, немерелерім бар. Бәрі ер жетіп, өсіп келеді. Теледидардан жан-жақтағы алауыздықты, соғысты, түрлі апаттарды көреміз. Тыныштық кеткен елде ешқашан береке болмайды. Жазықсыз сәбилердің опат болғаны жүрегіңді ауыртады. Сол үшін дәл қазіргі сәтте ең бірінші елге ауызбіршілік, бейбітшілік, тыныштық тілеймін, – дейді ол.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ