Тәрбие жайы талқыланды
Жасөспірімдер арасындағы қылмыс бұл күні өршіп тұр. Оған жыл басынан бері БАҚ пен әлеуметтік желілерде тарап кеткен бейнежазбалар дәлел. Бірін-бірі бопсалау, қорқыту, қорлық көрсету секілді іс-әрекеттерді телефонға түсіріп, оны көпшілік елге тарататынын қайтерсіз?! Кемел келешектің иесі деп сеніп отырған жасөспірімдеріміз келеңсіздіктің небір «көкесін» көрсетіп жүр. Өкінішті, әрине. Олардың мұндай оғаш қылықтары қоғамды, әсіресе ата-ана қауымының көңілін күпті етіп, алаңға салып отырғаны белгілі.
Осы орайда аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Жұлдызхан Ерқосаевтың қатысуымен аудандық аграрлық-техникалық колледжде студенттердің құқық бұзушылық әрекеттерінің алдын алу, болдырмау мақсатында кеңейтілген мәжіліс өтті. Оған аудан прокуроры, ардагерлер кеңесінің төрағасы, полиция, білім бөлімі басшылары, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары, қоғамдық даму бөлімі, жастар ресурстық орталығы мамандары мен ата-аналар қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары жиын барысында қазіргі таңда жасөспірімдер арасында қылмыстың жиі орын алуы мен жастар арасында қылмыстың көп жасалуына отбасындағы тәрбиеге, ата-ананың балаға дұрыс көңіл бөлуіне тікелей бай- ланысты екенін тілге тиек етті.
– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – қоғамдағы қылмыстың алдын алудың аса маңызды аспектісі. Жастарды заңды, әлеуметтік пайдалы қызметке бағыттап, өмірге ізгілікті көзқарас қалыптастырып, қылмыстылыққа жол бермейтін қағидаларға тәрбиелеу қажет. Мұндай жауапты жұмысты ата- аналар сезініп, сергек қарағанда ғана нәтиже болады, – деді Ж.Байназарұлы
.
Ата-ана да баланың үйдегі тәрбиесіне мықтап қарап, бірлесіп баламен жұмыс жасау керек секілді. Түнгі уақытта бей-берекет көшеде жүрмеуін қадағалап отырса, құба-құп. Жаман әдеттің алдын алу үшін қоғам болып әрекет етуіміз қажет. Бала болашағына бейқамдық танытпалық!
А.ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ