» » Киітке келген киімді киесіз бе?

Киітке келген киімді киесіз бе?


Тойдың болғанынан боладысы қызық емес пе? Қуаныштың хабары жеткеннен бастап, үйді жөндеуге кірісеміз. Осы тұста біраз нәрсеміз жаңарып, ыдыс-аяғымыз толысып қалады. Ал үйлену тойдың қамы киітке қамданудан басталады. Бірнеше келін түсіріп, қыз ұзатқан тәжірибелі абысындар мұндайда алдына жан салмай «қай жерден қандай зат алу керек», «кімге не беру қажет» екенін үйрете бастайды. Тізім жасалып, берілетін заттар тізбектеледі. Мұнан соң, көпшілік қалтасына қарай Түркістанға немесе Алматыға жолға шығады. Бәрі де сол киіттің қамы.  
Осы жерден әңгімемізді тоқтата тұрып, жалпы киіт туралы мәлімет беріп өтсек. Негізінде қазақ халқы ежелден кең пейілімен, ақ жүрегімен, досқа адалдығымен танылған халық. «Қуыс үйден құр шықпа» деген нақыл сөз бар. Үйіне келген ақ жаулықты әжелердің басына орамалын тақпай, әсіресе жас балалардың қолынан тәтті-пәтті ұстатпай жібермеген. Киіт де осындай ниеттен туған дәстүрдің бір көрінісі. Құда түсіп, танысқаннан бастап, арада жақсы қарым-қатынас орнату, екі жастың болашағын, солардың тату-тәтті өмір сүруіне көмектесу мақсатында екі отбасы тарапынан жасалатын сый ретінде қалыптасқан. Ал киітке не береді дегенге келсек, бұл екі отбасының жағдайына байланысты өрбіген. «Екі бай құда болса,  арасында жорға жүреді, Екі жарлы құда болса арасында дорба жүреді» дейді. Қазақтың «жау қарындастан» деген сөзі де осы түсініктен бастау алады. Құдаласқан кезде де әркім өзінің деңгейі мен тұстасына қарай қыз алысып, қыз беріскен. Киіт кигізу – қыз сату деген сөз емес. Ол қыздың жағы да, ұлдың жағы да беретін, өзара сыйластық пен құрметтің белгісі.
«Қазақ энциклопедиясы» еңбегіне сүйенсек, киіт  – құдалықтың негізгі белгілерінің бірі. Киіт – бас киіт, аяқ киіт екіге болып бөлінеді. Құдаларды бастап барған үлкен адамға бас киіт беріледі де, қалған құдаларға екінші дәрежедегі (аяқ) киіт беріледі. Киіт келген құданың беделіне, алатын орнына қарай бөлінеді. Мысалы, бұрын құндыз жағалы тон, қасқыр ішік, кілем, тағы басқа қымбат бұйымдар, киімдер мен заттар, жүздеген мал (жылқы, түйе, қой) берілген. Киіттің ең төменгі түрі кездемелермен бітетін болған.
Ал қазір киіт кигізу болмай-ақ қойсын дейтін де отбасылар бар. Алайда, құда келген күннің өзінде қазақ оларды ешқашан құр қол жібермейді. Ол адамдықтың белгісі.
Ал әсіресе жаз мезгілінде саудасы қызатын құдалыққа арналған киімдер сататын орындарда адам аяғы үзілмейді. Құдалық маусымының ашылғанын жұртшылықтың киітке арналған киім іздеп сабылып жүргенінен аңғаруға болады. Ондағы тауарлардың басым бөлігі Қытай мен қырғыз ағайындікі. Жасанды тондар 15 мың теңгеден басталса, ерлерге арналған ішіктер 10-15 мың теңге тұрады. Яғни мұнда киюге жарайтын емес, көз алдайтын дүниелер ғана бар. «Сырты бүтін, іші түтін» деген мәтел осындай арзанқол тауарға арналып айтылғандай. Мәселен, 10000 теңгеге ерлер костюмін алуға болады. Өндірушісі – Қытай. Бірақ жапсырма қағазында «Түркияда жасалған» деген жазуы бар. Әрине мұндай киімдердің кәдеге аспайтыны белгілі. Не киюге, не біреуге беруге жарамайды. Жылдар бойы құдалықтан құдалықты шарлап жүрген киіттер қазір екінің бірінің үйінде сандық түбінде жатыр. Сонда біз кімді алдаймыз? Жауап анық. Әрине өзімізді. Ал татымы жоқ киімді кәсіп көзіне айналдырғандар ақшаға батуда.
Жалпы той қонақтарына сый-сияпат беру, келген құдаларға киіт кигізу сияқты жұмыстар – жеке сіздің шешіміңіз. Келгендерге жаппай бағалы сыйлық беремін, естелік ретінде символикалық сыйлықтар ұсынамын немесе тұрмысқа қажетті бұйымдар беремін десеңіз де, патша көңіліңіздің еншісінде. Киітке қатысты да кесіп пікір айту, нақты көрсеткіштер жайлы сөз қозғау мүмкін емес. Барлығын қалтаңыздағы қаражат шешеді. Қазір қоғамда киіт кигізу-кигізбеу туралы дау соңғы кезде жиі көтеріліп жүр. Киіт тұрмақ той жасамай, сол ақшаны екі жасқа берген адамдар да ұшырасып жүр. Алайда, оның қаншалықты дұрыс-бұрыстығын әркім өзі шешеді.
Кей жағдайда осы берілген киітке байланысты да кикілжің туып жататыны да жасырын емес. Мәселен, көршілес өзбек елінде шаңырақ көтерген жас жұп үйлену тойының ертеңінде ажырасып кеткен. Оған себеп – берілген киіт. Күйеу жігітке қыз жақтан келген киім ұнамай, ол мұны мазақ ету деп түсінген.Тіпті телеарнадан Өзбекстанның Навои аймағындағы отбасы және неке мәселелері, сондай-ақ жастардың жиі ажырасуына не себеп екендігі туралы репортаж көрсетілген. Бір жігіт өзінің тойы болған күнінің ертеңінде неге ажырасып кеткенін телеарна тілшісіне айтып берген. Өзбектердің дәстүрі бойынша, қыздың әке-шешесі күйеу баласына киім сыйласа, ұлдың әке-шешесі жас келінге ыдыс-аяқ, кілем, тұрмыстық техника сыйлайды екен. «Қыздың ата-анасының маған берген киімі ұнамады. Түріктікін әкелетін шығар деп ойладым. Өйткені оған олардың шамасы келеді. Әке-шешесі де, ағалары да жақсы жерде жұмыс істейді. Ал олар болса, көп керек етпейтін, қолдан-қолға өтіп жүретін «шүберектерді» әкеліп тықпалаған. Осы дұрыс па? Өзім достарыма, таныс құрбыларыма тұрмысқа шығатын болсаңдар, қазірден дайындала беріңдер. Берсеңдер киімді дұрысынан беріңдер деп айтып жатырмын» дептіажырасқан жігіт. Ал сіз жақтың сыйлығы қызға ұнады ма деген сауалға ол жауап бермей, үндемей құтылған. Бұл жерде көпшілігіңіз жігіттікі жөн болмаған екен деуіңіз мүмкін. Алайда бұл – бүгінгі қоғамның ащы шындығы. Құдалықтан-құдалыққа, тойдан-тойға жүретін арзанқол киімдер мен жүгіртпе алтындар әрбіріміздің үйімізде бар. Ал сіз киітке берген киімді киіп жүрсіз бе?
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
13 желтоқсан 2023 ж. 608 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 295

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 391

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930