» » Шөберенің шаттығына бөленген

Шөберенің шаттығына бөленген

qarmaqshy-tany.kz Отбасының берекесі, ынтымақ пен ырыстың ұйытқысы бола білген аналар қандай құрметке де лайық. Алтын құрсақ аналардың еліміздің болашағын тәрбиелеу жолындағы еңбектерін ештеңемен салыстыра алмайсың. Жеміскүл Әбілдаева – 9 перзент тәрбиелеп, кеудесіне «Алтын алқа» таққан абзал жанның бірі.


Ардақты ана 1948 жылы Тұрмағамбет ауылында 6 перзенттің екіншісі болып өмір есігін ашқан. Мектепте білім алған соң, Қызылорда қаласындағы медициналық колледжге оқуға түседі. Алайда сол жылы өмір ағынымен тұрмыс құрады.
– 17 жасымда осы әулетке келін болып түстім. Ата-енем, жолдасым өте көргенді жандар еді. Тұрмыс құрған соң, оқуым аяқсыз қалды. Тұңғышымды босанғаннан кейін, менің несібеме қазіргі №105 мектептің орнында медколледж ашылды. Қайынатамның қолдауымен, екі анамның (енем мен өз анам) қамқорлығымен мен сол колледжде медбикелік білімімді жалғадым. Аналарым 3 жыл менімен бірге келіп, бірге пәтерде тұрып, білім алуыма мүмкіндік жасады. Жолдасым ол уақытта бригадир, қойма меңгерушілік қызметтер атқарды. Оқуды бітірген соң Майлыөзекке медпунтке жұмысқа орналастым. Ол кез қиын заман еді ғой, – деп өткенге ой жүгіртті апамыз.
Ес білгеннен еңбекке араласқан Жеміскүл ана ата-енеге қызмет жасаумен қатар, елге қызмет етуден де қалыс қалмаған. Тоқырау кезіндегі басқа түскен қиыншылықтарды жолдасы екеуі төзімділікпен, болашаққа деген сенімнің арқасында жеңе біледі.
– Емізулі бөпем болса да шөпке де барып, маусым кезінде күріш басында да жүретінбіз. Сондай кездерде енем балаларыма қарап, үйдің шаруасын бір өзі дөңгелетіп отыра беретін. Сондай бір күні Майлыөзекте алыстағы бір қойшының келіншегі босана алмай жатыр деген хабар жетті. Қараша айы еді. Үйі дарияның арғы бетінде екен. Қазіргідей жедел-жәрдем көлігі деген жоқ. Кездескен көлікпен жүре береміз. Болмаса қолымызға керек жарағымызды алып жаяу қатынаймыз. Дариядан жел қайық арқылы өтуге тура келді. Күн дауыл. Жанымда дәрігер Артық апайым бар. Қорықсақ та желқайыққа отырдық. Діттеген жерімізге 20 метрдей қалғанда қайық аударылып, дарияға құладық. Сумен арпалысып жүріп жағаға шығып, үстіміздің малмандай су болғанына қарамастан әлгі үйге барып, медициналық көмек көрсеттік. Қайтар жолымызда да әлгі қайыққа мінуге тура келді. Өйткені басқа көліктің ыңғайы жоқ еді. Бұл күн әлі күнге дейін есімде, – дейді кейіпкеріміз.
Иә, өзгенің өмірі үшін өз өмірін қатерге тіккен аналарымыздың еңбегі адал-ақ. Сол сәтте «енді мұндай жерге бармаспын» дегенімен, мамандығы осындай оқиғалармен қайтақайта кезіктірген. Түнгі ауысымнан енді үйіне келіп, балаларын құшағына ала бергенде «Пәленше деген кісі ауырып жатыр» деген хабар келсе, сөмкесін көтеріп қайта жолға шығатын. Оның бұл қызметіне ата-енесі де, жан-жары да қабағын шытпай, түсіністік танытыпты.
– Ол уақытта жарықтың өзі жиі сөніп қалатын. Күн-түн, жазқыс демей басшылықтың талабы мен тұрғындардың саулығы үшін шапқылап жүре беріппіз. Қазір қарап отырсам, артық жұмыс істедім деп реніш те білдірмеппіз. 5 күн жұмыста болса, сенбіжексенбі пішен орып, жантақ шаптық. Қазір ол күндер ертегі секілді. 3 қыз, 6 ұл өсірдік. Балаларымның барлығы да өз маңдай терімен еңбегін адал атқарып, отбасыларын асырап жүр. Олар Астана, Түркістан, Тараз, Қызылорда қалаларында тұрады. Қазір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман деп айтар едім. Ең алыстағы немерем Минскте тұрады. Оның өзінің 6 бөпесі бар, – деген әжей алыстағы немересін сағынып көзін сығымдап алды.
Ұл-қыздарына берген өнегелі тәлім-тәрбиесін бүгінде немере-шөберелеріне беріп отыр. Олар бүгінде 30 немере, 32 шөбере сүйіп отырған бақытты жан ұлы мен келінінің қолында мәпеленіп, немерелерінің шаттығына бөленіп отыр. Көпбалалы ана биыл 75 жасқа толды. Аялап өсірген балалары сый-құрметке бөлеп, алақандарына салып отырғанына шүкіршілік етеді.
– Жалпы, қазақ келіні ең бірінші ибалы, иманды, инабатты болуы керек. Келіндерім өзімнің қызымдай. Оқыған, көздері ашық. Бар жағдайымды жасап отыр. Келіндерім де, Аллаға шүкір, бүгінде көпбалалы ана атанып отыр. Қазақта «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген керемет сөз бар емес пе?! Бүгінгі жас отбасылар бір-екі баламен шектеліп қалмаса екен, – дейді апамыз.
Шөберенің қолынан май жалаған Жеміскүл әжей отбасылық бақытты ең басты құндылық деп біледі. Балалары мен немерешөберелерінің амандығын, елдің тыныштығын тілеп отырған ақжаулықты ана шүкір деуден шаршамайтынын жеткізді. Біз де аузында «айналайыны» мен «тәубасы» бар, өмірі көркем өнегелі әжейдің ғұмыры ұзақ болсын деген тілек қостық.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
12 желтоқсан 2023 ж. 381 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 295

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 391

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930